« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Шахмат ойынын білмейтін адам аз. Өзім де бір кісідей білемін, мұным артық шығар, бұл ойыннан қаражаяу емеспін дегенім дұрыстау болар. Ойнаған сайын ойнағың келеді, қызық ойын.
Ал, осы ойынның шығуы туралы аңыздар тіпті қызық.
Соның ішіндегі ең қызықтысы шығыстың ұлы ақыны Әбілқасым Фирдаусидің «Шахнама» шығармасында келтірілген. Ол «Гав және Талханд туралы аңыз» деп аталады. ...Индия елінде бір патшаның Гав және Талханд атты егіз ұлы болады. Екеуі ержеткен соң қайсысының таққа отыруы жөнінде өзара талас туады. Ханзадалар арасындағы келіспеушілікті көрген халық та қақ жарылады. Анасы екі ұлын да жақсы көргендіктен бір жағына шығып төрелік айта алмайды. Ақыры екі ханзада әскер жинап, соғысады. Талханд қолы жеңіліске ұшырайды. Алайда, ол жеңілгенін мойындамай, бауырын екінші мәрте соғысуға шақырады. Ағайынды ханзадалар бұл жолы әскерлерін теңіз жағасына жинайды да, майдан болатын алаңды жан-жағынан қоршап, үлкен ор қаздырып ішін суға толтырады. Сонда ол жердің жан-жағы түгел сумен қоршалып, ортада соғыс алаңы және екі жақтың әскері ғана қалады, демек, ешкім ешқайда қашпайды деген сөз.
Соғыс аяқталуға жақын қалғанда Талханд өзінің жеңілетініне көзі жетіп, қатты күйініш пен қапалықтан өліп кетеді. Анасы ұлының өлгенін естіп, екінші баласына «бауырыңды өлімге қалай қидың?» деп айып тағады. Гав соғыс кезінде Талхандқа ешкімнің де оқ атпағанын, оның бойына ешбір қару жарақат салмай-ақ өлгенін айтады. Анасы мұндай құр сөзге сенбей, соғыстың қалай өткендігін нақпа-нақ баяндап беруін талап етеді. Сонда Гав ел ішіндегі ақылгөйлерді патша сарайына жинап, көмек сұрайды. Оларға ханзада өлімі туралы толық баяндап береді. Ақылгөйлер үш күн, үш түн ойланып, төртінші күні болған соғысты бейнелейтін бір ойын ойлап шығарады.
Ол осы күнгі шахмат ойыны екен. Шынында шахматтағы «патшаға» да қарсылас ойыншы қолын тигізбейді, амалсыз «өзі өледі».
Екінші аңыз мұнан да қызық. Тіпті, бұл аңыз емес шығар. Шахматтың шын мәніндегі пайда болу тарихы осы болуы да мүмкін. Сонымен...
Ежелгі үнді елінде Сисса бен Дахир деген дана математик өмір сүріпті. Ол неше түрлі нәрселерді ойлап тауып, жұртты таңғалдырып отырған.
Бірде өзінің кезекті бір туындысын ел патшасына көрсетіп, мұның «шахмат», яғни, «патша өлді» деген ойын екенін түсіндіреді. Патша Сиссаның жаңа туындысына қайран қалып, өнертапқыштың өзінен осы дүниесі үшін не қалайтынын сұрапты. Дана өнертапқыш бұл туындының бағасыз екенін айтады. Патша оған: «Сонда мына тақтайыңды сатып алуға менің қазынам жетпейді деп отырсың ба?» – дейді. «Ендеше, шахмат тақтасының әрбір ұяшығына бір түйір бидай дәнін салып, оны әр ұяшық сайын екі есеге көбейтіп, астық беріңіз» – дейді Сисса. Патша бұған да кекесінмен күледі. «Сені шынымен дана ма десем, ақымақ екенсің, менің шексіз бай қазынамнан бір уыс дән сұрағаның қалай?» – деп, қызметшілеріне Сиссаның сұрағанын беруді тапсырады.
Ертеңіне қызметшілері патша алдына келіп, өнертапқыштың сұраған дәнінің өте көп екенін, оны есептеуге өздерінің өресі жетпейтінін мойындайды. Патша бұл іске есептеушілерді, сонан соң ғалымдарды қосады. Бірақ, бәрі де дәрменсіздік танытып, патшаға қайта келеді. Патша шынымен сасады.
Ешкімге, ештеңеге бет қаратпайтын патша неге састы? Осыны айтып өтейік.
Шахматтың 64 көз ұяшығы бар. Егер бірінші ұяшыққа 1 дән, екінші ұяшығына екеу, үшінші ұяшығына төртеу, сосын 4-ке 4-ті көбейтіп 16, одан 32, 64, 128, 256 және осылай әрбір келесі ұяшығына бидай санын екі есе көбейтіп салып отырса, оның шығындысы арнайы зертханаларда есептелмесе, жай адам баласының ойына кіріп шықпайтын санға ұласады. Математиканы жақсы түсіне бермейтін патша Сисса сұраған астықты төлеудің мүмкін еместігін білмеген еді. Ал, әлгіндей жолмен жинаған астық бүкіл адамзат тарихында жиналған бидай егіндерінен де көбейіп кететін.
Енді тағы бір мәрте математикалық жолмен есепке жүгініп көрейік. Шахмат тақтасының бетінде 2-нің 64 дәрежесі 1 немесе 18 446 744 073 709 551 616 дәнек, олардың жалпы салмағы 461 168 602 000 тоннаны құрайды. Осындай бидай санын орналастыру үшін өлшемі 10х10х15 километр астық сарайы қажет. Бұл өлшемді кейбір есептегіштер «мұндай астықты қаптағанда оның ұзындығы жер мен айдың арасына жетіп тұрады» деп бейнелейді, бәлкім рас та шығар.
Сидам сирақ Сиссасы-ау, мұншама ми басыңның қай бұрышына сыйып тұрды екен?
***
Кейде осылайша сөз төркініне, белгілі заттардың белгісіз қырларын білуге деген құштарлығым оянады. Сосын тереңге сүңгіп, қолға ілінгенді сүйрелеп жүретін бір әдет.
Ал, төрт мың жылдық тарихы бар, тылсым сырларға ие ұлт ойыны тоғызқұмалақтың шығуы жөніндегі аңыздарды әзірге кездестіре алмадым. Міне, бұл – Қадыр ақын айтпақшы, «біздің тарих қалың тарих бірақ та, оқулығы жұп-жұқа» хәліміздің көрінісі.
Енді, рухани жаңғыру арқылы ұлттық кодымызға, ұлы санаға қарай қадам бастық. Бұл халқымыздың алтын дәуірін маңдайға алып түскен даңғыл жолы екеніне ешкім де шәк келтіре алмайды.
Мүмкін, тоғызқұмалақтың да таңғажайып қиссасын естіп қалатын кезіміз келер.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |