Интернетте өтті ғой, өмірімнің көп күні

XXI ғасыр – арпалыс ғасыры. Күніне жүз жаңалық, мың қылық көретін болдық. Әлем қызыққа толы. Дүниенің мына шетінен ана шетіне қалай барамын деп ойланбасаңыз болады. Бар ғаламды ғаламтор арқылы кезесіз, көресіз естисіз, білесіз. Бірақ виртуалды түрде. Бұл жақсы ма, жаман ба? Кім білсін?

Бүгінгі таңда адамзат ғұмырының төрттен бір бөлігін интернет алады екен. Көбісі бостан-босқа телмірумен уақыт жұмсайды. Дүниежүзілік сарапшылар есебі бойынша, интернетке әрбір адам шамамен 6 сағат, 42 минутын жоғалтады деседі. Бұл – бір жылдың 100 күніне тең.

Ал, смартфондарды пайдаланушылардың саны – 5,11 миллиард адам. Шамамен алғанда, Жер шары халқының 67 проценті. Ғаламтор пайдаланушылардың саны – 4,39 миллиард адам. Енді бағамдай беріңіз, Жер бетіндегі  8 миллиардқа жуық адамның тең жарымынан көбісі интернетке тәуелді!

Соңғы 25 жылда ғылыми техника қатты қарыштап дамыды. Мобильді қосымшалар, планшеттер, телефондар айналымға енгізіле бастады. Осының нәтижесінде кітаптан телефонға, қала берді, ғаламторға жіпсіз тоғытылғандар көбейді. Тіпті, алпауыт Ұлыбритания елінде құлақ ауруымен ауыратын жастар саны  60 процентке жеткен. Сонымен  қатар ғылыми технологияның отаны саналатын Жапонияда көзілдірік тағатындардың үлесі артқан. Басым көпшілігі – жас жеткіншектер. Осындай дерттің алдын алу үшін қазір мектеп оқушыларына  интернетті пайдалануда арнайы шектеулер қойған. Бұл елдің халқы интернетке орта есеппен ең көп дегенде күніге 3 сағат 45 минут бөледі екен.  Соның нәтижесінде ғаламторда аз уақыт өткізетіндердің көшін Жапония бастап тұр.

Бізге де үлгі аларлық бастама емес пе?!

Интернет тілін білгенге – пайда, білмегенге – құзбен пара-пар. Пайда ойламай, арды ойлап жатқандар ол әлемде аз кезігеді. Кезінде ғаламтор пайда болғанда мынадай пікір қатар шыққан еді. «Компьютерде отырғандарды кітап оқығандар басқарады» деген. Хош! Солай болсын-ақ. Біздер жапон халқының қалай бұл індеттің алдын алғанын көрдік. Ендеше кеш болмай тұрғанда бізге де бір жолын табу керек. Ешнәрсе шынайы сөйлесіп, кеңесіп шешкенге жетпейді. Интернет адамзатты емес, адамзат интернетті басқарсын демекпін.

Олжас ЖОЛДЫБАЙ.

ЖАРНАМА 23 шілде 2019 г. 2 667 0