Жаңа мамандықты жатырқамаңыз

 Жуырда «Сыр бойы» газетінде жарық көрген жаңа мамандықтар атласы жұртшылықтың қызығушылығын тудыруда. Мұндағы мамандықтар жалпы жұртқа тосын көрінгенімен, таяу онжылдықта сұранысқа ие болмақ.

Осы орайда бір оқиға есіме түскені. Өткен жылы бір апамыз хабарласты. Қызы «Алтын белгімен» мектеп бітіріп, грант иегері атанған болатын. «Құтты болсын!» деп қуанышын бөлісіп жатырмыз ғой, сөйтсек, апамыз жыларманға келіп тұр. Мән-жайдан ұққанымыз, қызы ата-анасы армандаған мамандықты таңдамапты. «Қай­дағы «биотехнология» де­генді таңдапты. Дәрігер болса, жерде қалмас деп едім» дейді апамыз сол баяғы қасаң түсінікпен. Өзінің заманында мұғалім, болмаса дәрігер болу керек деген қатып қалған қағида санасына әбден орнығып алғаны сонша, баласының жетістігіне қуана алмай тұр. «Несие алсам да мединститутқа ақылы түрде оқытамын енді» деген кесімді шешімінен де хабардар етті. ­Биотехнологияны бес сау­сағымыз­дай білмесек те, бұйырған грант­тан бас тартпауды, баланың қалауымен санасу керектігін телефонның бер жағынан бәріміз кезекпе-кезек тү­сіндіріп әлекпіз. Ең бас­тысы, ба­ласының таң­дауына ата-анасы қиянат жасамасын деп, үгіт жүргізу үшін жаңа мамандық туралы интернетті ақтарып біраз іздендік. Нәтижесінде «Алтын белгі» иегері өзі таңдаған мамандық бойынша қазір білім алуда.

Бұл көрініс бір ғана отбасының емес, бар қазақтың үлкен мәселесі десек, артық айтқандық емес. Бір кездері баласын сот, прокурор еткісі келген талай ата-ана шығындалып мектеп бітірген баласын жетектеп жүріп, заңгерлікке оқытты. Жап­­пай бір мамандыққа оқытудың соңы – дипломды жұмыссыздың қатарын толықтырғанын дәлелдеу­дің қажеті шамалы. Сол секілді қаласа да, қаламаса да дәрігер мен мұғалім өлтірмейтін мамандық деп ойлау ұтқанымыздан ұтылғанымыз көп екенін өмірде көрсетіп келеді. Соңғы кезде жиі айтылатын нашар мұғалім, білімсіз дәрігер деген теңеу үйдегі үлкендер таңдауының «құрбаны» болған мамандар секілді.

Сонымен, биотех­ноло­гия­ға тоқталайық. Әлгінде айтқан болашақтың ма­мандығы тізімінде био­­технология саласы бар. Болашақтың ғылымы саналатын биотехноло­гия­-тіршілікте табиғи қор­лардың жойылуынан сақтау­ға негізделген ғы­лым мен өндірістің жаңа саласы. Ауқымы кең сала бо­йынша еңбек нарығында қандай мамандықтар сұранысқа ие болады дегенге келсек, жүйе биотехнологы, тірі жүйелер сәулетшісі, урбанист-эколог, биофармаколог, саябақ экологы болашақтың мамандығы тізімінде аталады.

Оның ішінде бір мамандыққа аз-кем тоқ­талғанды жөн көрдік. Мәселен, урбанист-эколог – биотехнология саласындағы соңғы жетіс­тіктерді, оның ішінде таза биологиялық энергия ресурстарын және қоршаған ортаның ластануын бақылайтын жүйелерді пайдалана отырып, жаңа үлгідегі қалаларды жобалаумен айналысатын маман. Қарапайым тілмен айтқанда, баламалы энергия көздерін пайдалана отырып, болашақтың ақылды қаласын жасайтын маман десек те болады. Бұл әлем назарын аударған тақырып екенін ескерсек, әлі де тың сала болып саналатын биотехнология ғылымын игеруді жатсынбағанымыз жөн. Ең бастысы, білімге ден қойған жастардың жаңа мамандыққа қызығушылығы қуантады.

Айтпақшы, өткен жы­лы биотехнология маманды­ғын таңдаған жас бүгінде әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші курсын тәмамдады. Материал дайындау барысында мамандық таңдауда бас қатырып жатқан биылғы талапкерлерге қажет болар деген оймен болашақ биотехнологтан өз мамандығы бо­йынша пікірін білген едік.

– Негізі түсінгенге өте қызықты әрі тың  сала. Алғашқы курста біз жалпы биотехнология саласы бойынша білім алдық. Үшінші курста негізгі салаларға бейімдеп оқытады, – дейді студент Әлия Айдосқызы.

Сәт сайын өзгеріс пен жаңалыққа толы уақытта кешегі алған білімнің бүгін іске аспауы жаңалық емес. Ендеше, болашақтың мамандығына ұмтылған жастардың жо­лын кеспеңіз дегіміз келеді.


Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

ЖАРНАМА 16 шілде 2019 г. 2 659 0