« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
...Соғыстан кейін құлдыраған Германия аз ғана уақытта әлемнің өркениет көшіне ілесе алатын жағдайға жетті. 1948 жылы зауыттар жұмыс істей бастады, неміс маркасы тұрақтанып, дүкен сөрелерінде тауарлар пайда болды. Тарихшылар мұны АҚШ-тың Германия экономикасын қалпына келтіру бағытында жүргізген «Маршал жоспарының» ықпалы, сондай-ақ федералдық экономика министрі, кейін канцлер Людвич Эрхардтың кереметі деп түсіндіреді.
Эрхард не істеді? Ол орасан зор байлықтың азғантай адамдардың қолында болуын тежеді, соның нәтижесінде тұрақты орта тап қалыптасты. 50-жылдары неміс маркасы әлемнің сенімді валютасына айналды. Эрхард Германияның сол жылдардағы табысын кәсіпкерлердің тапқырлығы мен тәртіптілігі, жұмысшылардың еңбекқорлығы және үкіметтің білікті саясатының жемісі деп түсіндірді. Қалай болғанда да бұл соғыстан кейін 5-6 жылдың көлемінде жүзеге асырылған реформалардың нәтижесі еді.
Тағы бір ескеретін жағдай, Германияның экономикасын қалпына келтіру үшін АҚШ «Маршалл жоспары» бойынша оған миллиардтаған доллар несие берді? Ал соғыстан жеңілген Германия оны ұқыпты пайдаланып, 1960-жылдары өрлеу деңгейіне жетті. Батыс жағындағы Германия, Кеңес ықпалындағы Шығыс Германия экономикасы қатар дамыды. Мұны енді неміс кереметі деңіз.
2018 жылы Қытайда 68 мыңнан астам адам сыбайлас жемқорлыққа қатысты ережені бұзып, жауапқа тартылды. 2012 жылы Қытайда мемлекеттік қызметкерлерден ұқыптылықты, әдепті, немқұрайлық пен ысырапшылыққа жол бермеуді талап ететін ереже қабылданды. Былтыр қағиданы ұстанбаған 71 мың адам жазасын алды. Бұл үрдіс 2012 жылы басталды. Си Цзиньпин партия мүшелері мен мемлекеттік қызметшілердің абыройын көтеруді мықтап қолға алды. Оларға тәртіп нормаларын сақтау, сыпайы және жауапты болу, өз міндетін мүлтіксіз атқару сияқты талаптар қойылды. Ең бастысы Заң алдында бәрі бірдей. Әлемнің 120 мемлекетінен сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген 4,8 мың күдікті ұсталды. Бұған қоса Қытай қазынадан ұрланған 1,5 миллиард юань қаржысын қайтарып алды.
Жапон қоғамында «өзім үшін емес, ұжым үшін, барша жапон қоғамы үшін еңбек ету» деген түсінік бар. Бұны ұжымдық сананың жетілуі деп түсінген жөн. Әр жапон азаматы өзі қызмет ететін мекеме үшін барын салады, ұжым ортақ жетістікке жетуі үшін күш-қуатын аямай еңбек етеді. «Барша жапонның жарқын болашағы үшін бірлесе еңбек етейік» деген ұранды Күншығыс елінің азаматтары әлі күнге ту етіп ұстайды.
Жапонияда басшыны құрметтеу ұғымы бала жастан бойға сіңген қасиет. Жапон тілінде үлкенді, бастықты сыйлау реңкін көрсететін сөздер бар. Бөлім басшысы, басқарма басшысы, мекеме басшысы деп сатылап жоғарылай беретін басқарушы тұлғаларға құрметтеу райындағы сөздер пайдаланылады. Ал басшы адамгершілік, ынсап, сыйластық принциптерінен аттап өтпеуге тиіс.
Жапонияда шенеуніктердің жеке бизнеспен айналысуына тыйым салынған. Бұндай заң талай елде бар, әрине. Бірақ Жапонияда заңға бәрі бағынады. Жақсы тұрмыс үшін жасырынып «сауда жасап» жүрген шенеунікті таппайсыз. Өйткені үкімет белгілеген жалақы қалыпты өмір сүру үшін жеткілікті саналады. Жапонияда мемлекеттік және муниципалдық қызметкердің басшы бола жүріп, кеңесші, компания кеңесінің мүшесі, жеке компания иесі, т.б. жұмыстарды қатар атқаруына заңмен тыйым салынған.
Жапонияда 2000 жылдың қараша айында жемқорлық әрекеті үшін қылмыстық жазаға тартуды көздейтін арнайы заң қабылданды. Жаңа заңға сәйкес жемқор деп танылған тұлға бір жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе 2,5 млн иен айыппұл төлейді.
Жапонияда министрлер кабинеті мүшелерінің, олардың отбасы мүшелерінің, министрлер орынбасарларының, парламент депутаттарының, губернаторлардың дүние-мүлкі туралы декларация тапсыруды міндеттейтін қоғамдық бақылау жүйесі құрылған. Жапониядағы әділетті кадр саясатын жүргізу және қызметкерлердің құқықтарын қорғау «Қызметкер ісі жөніндегі кеңеске» жүктелген.
2000 жылдың сәуір айынан бастап «Мемлекеттік қызметкерлердің этикасы туралы» заң күшіне енді. Бұл заңға сәйкес, әдеп бұзған мемлекеттік қызметкер әкімшілік жазаға тартылады. Сондай-ақ осы заңға сәйкес шенеуніктердің сыйлық алуына да шектеу қойылған. Бөлім бастығының көмекшісі мен одан жоғары қызметкерлер әр үш ай сайын министрлік басшысына немесе басқармаға қабылданған әрбір 5 мың иен (және одан да жоғары) көлемдегі сыйлықтар туралы есеп беруі тиіс. Жоғары дәрежелі шенеуніктер басшылыққа өткен жылдағы кіріс туралы есеп береді. Бұл істе «Этикалық тексерулер жөніндегі комитет» белсенді рөл атқарады. Аталған комитет тексеру жүргізіп, жаза тағайындау құқына ие.
2001 жылғы «Ақпараттың ашықтығы туралы» заңға сәйкес азаматтар үкіметтегі ресми ақпараттарға қол жеткізе алады. Ресейдің жоғары экономикалық мектебінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат зертханасының мәліметі бойынша, соңғы жылдары жүргізілген азаматтардың жемқорлықпен бетпе-бет келуі халықаралық индексінде Жапония мен АҚШ ең төменгі сатыдан көрінген, яғни жемқорлықтан таза ел болған.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Токионың губернаторы Йоичи Масудзоэның басы «жемқорлық дауына» қалды. Оны жұрт саяжайына бір рет қызметтік көлігін мініп барғаны үшін «жемқор» деп айыптаған. Қызметінен кетерде ол адал түрде жұмыс күнін толық аяқтап барып, кабинетінен шыққан.
Йоичи Масудзоэге сондай-ақ қор есебінен каллиграфия сабағы үшін жібек киім сатып алды деген жала жабылды. Баспасөзде өзі туралы сыни мақала жарияланғаннан кейін Масудзоэ жалақысын түгел қайтаруға уәде беріп, қыркүйек айына дейін орнында отыруды сұраған. Бірақ өз атына 31 мың арыз түскенін білген соң, қызметінен кеткен көрінеді.
Жапонияда қызметтен босағандарға белгілі бір мөлшерде төлемақы төленетін тәртіп бар. «Асахидің» жазуынша, Йоичи Масудзоэ жұмыстан босағанда 68 млн иен (650 мың доллар) төлемақы алған. Одан бұрынғы Токио мэрі саяси науқанға пайдалану мақсатында 500 мың доллар қаржыны ресми түрде тіркемегені үшін қызметінен босаған еді.
XX ғасырда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа моделін енгізген мемлекеттердің бірі – Сингапур. Мәселен, 1965 жылы тәуелсіздігін алған Сингапурде парақорлық өршіп тұрған. Кез келген мәселе пара беру арқылы ғана шешіліп отырған. Міне, осының барлығына аталған елді бірнеше жыл басқарған Ли Куан Ю нүкте қойды. Ол елде сыбайлас жемқорлықпен күресудің жоспарын әзірлеп, оны іс жүзінде ұтымды пайдалана білді. Бірінші кезекте заңдарды қатаңдатты. Соттық жүйенің тәуелсіздігін жоғарылатты. Шенеуніктердің жалақыларын өсірді және олардың іс-әрекеттері регламенттелді. Сыбайлас жемқорлықты тергеу бойынша дербес Бюро құрылды. Бастысы, шағын және орта бизнеске есік ашып, олардың дамуына кедергі болатын түрлі әкімшілік кедергілерді жойды. Аталған тынымсыз жұмыстар көп ұзамай өзінің нәтижесін берді.
Қазір Сингапур әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің үздік ондығына кіреді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті Дания, Швеция, Канада, Финляндия, Норвегия, Исландия, Жапония, Германия, Израиль сынды мемлекеттер табысты жүргізіп келеді. Олар сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп деп есептейді. Мәселен, 1995 жылы Ұлыбританияда Нолан комиссиясы жемқорлықтың алдын алатын 7 қағиданы қабылдаған. Олар: Риясыздық. Сатылмастық. Әділдік. Есептілік. Ашықтық. Арды, абыройды сақтаушылық. Басшылық. Міне, осы қағидалар арқылы бүгінгі таңда Ұлыбританияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттері өзінің жемісін бере бастаған.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |