Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы» №34 Жарлыққа қол қойды. Енді 1 маусымға дейінгі жалпы қарызы 3 миллион теңгеден аспайтын көп балалылардың, асыраушысынан айырылған отбасылар мен мүгедек бала бағатындардың, ата-анасыз қалған 29 жасқа дейінгі жастардың 300 мың теңгеге дейінгі кредиті кешіріледі. Президент Үкімет пен Ұлттық Банкке тапсырма берді. Кредитті кешірудегі басты мақсат − қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу, оларға өз отбасыларының қаржылық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беру деп түсіндірді.
Бұл тақырып қоғамның қызу талқысына түсті. Қоғам қайраткері, белгілі саясаттанушы Дос Көшім «жаңа Президенттің имиджін қалыптастыру үшін жасалып отырған қадам» десе, елімізге танымал саясаттанушылардың бірі Айдос Сарым көңілі күпті болып отырған халыққа бұл да бір жұбаныш екенін жеткізді.
Мұхтар ТАЙЖАН, экономист:
− Мен бұл қадамды екі қолымды көтеріп қолдаймын. Өйткені жарты миллионға жуық адамның материалдық халін жақсартады. Оның ішінде 250 000 адамның несиесін толықтай жабады екен. Әрине бұл несиесінен құтыла алмай жүрген адамдардың толық саны емес, бірақ мұның өзі аз көрсеткіш емес, − деді ол.
Ербол АЗАНБЕК банк өкілі, өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында тақырыпқа қатысты жеке ойын білдірді:
− Болашақта қайталанбау үшін мектептерде қаржы сауаттылығының әліппесін оқыта бастау керек. Қаржылық сауаттылықты арттырудың қазақстандық бағдарламасы қабылдану керек. Ол алдымен қазақ тілінде жазылып, қазақ тілді халыққа бағытталу керек. Қаржы саласының қоғаммен байланысын күшейту керек. Шешім қабылдайтын адамдар орыс тілді, қоғамның 75%-ы қазақтілді. Коммуникация нашар. Қазақстандықтардың айлық табысын арттыру керек. Онлайн кредит беретін, банкке жатпайтын, қызметі лицензияланбаған ұйымдарды жабу керек, − дейді ол.
Қарапайым халық Президенттің бұл жаңалығын қуанып қарсы алды. Жиырма жылдан астам мүгедек бала бағып отырған қала тұрғыны Нәбира Әшірбаева ерекше қуанғанын айтады. «Науқас баланың күтімінің өзі ауыр жұмыс. Балам ауырғанда қысылғаннан Каспий Банктен және ХоумКредит банкінен несие алғанмын. Бірақ уақытылы төлей алмай қалдым. Несиемізді кешіретін болса, бізге үлкен қолдау болар еді. Президент Жарлығын орындайтын қаржы ұйымдары бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарайды деп сенемін», – дейді Нәбира.
«Кредитті кешіретін болды» дегенді естіп, халық банктерге барып сұрай бастады. Кімдердің кредиті кешіріледі? Президент Жарлығында әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтар көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар түрлі себептермен қиын жағдайға тап болып, өз атына алған кредиттік міндеттемелерін орындай алмай отырғандар деп атап көрсетілді.
Қайда барады? Несие алған банкке барып, өтініш беру керек пе? Мән-жайды мамандардан сұрап білдік.
Мұрат САРМАНОВ, ҚР Ұлттық Банкі Қызылорда филиалының Қаржы ұйымдарын бақылау және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау бөлім басшысының міндетін атқарушы:
– Ұлттық Банк Үкіметпен және нарыққа қатысушылармен бірлесіп белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін адамдар тізбесін қалыптастыру және олардың берешегінің жалпы мөлшерін анықтау бойынша жұмысты бастап кетті. Үкімет «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-қа (Оператор) республикалық бюджеттен нысаналы қаржыландыру бөлетін болады. Бұдан әрі, Оператор азаматтардың жекелеген санаттарының кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 300 мың теңгеге дейінгі берешегін өтеу үшін екінші деңгейдегі банктермен және микроқаржылық ұйымдармен шарттар жасасады. Өз тарапынан Ұлттық Банк берешекті өтеу бойынша мәліметтердің қарыз алушылардың кредиттік тарихының дерекқорында көрсетілуіне бақылауды қамтамасыз етеді. Екінші бағыт Қазақстанның бүкіл азаматтарына кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұл сомаларын есептен шығаруды көздейді. Екі жағдайда да қарыз алушыға банкке, МҚҰ-ға немесе басқа ұйымдарға өтініш беру талап етілмейді.
Қаржы ұйымдары несиесін өтей алмай жүрген азаматтардың арасынан несие алудағы тарихыңызды түгел ақтарып, кімнің кредитін кешіретінін өздері анықтайды. Банк белгілі бір мөлшерін жауып береді. Несие алушыға банктан несиеңіз кешірілді деген хабарлама барады. Бұл жұмыстардың барлығын Ұлттық банк бақылайды. Сондықтан қарапайым халыққа банктерге барып әуре болудың керегі жоқ, несиеңіз бойынша смс хабарламаны күтсеңіз жетіп жатыр.
Гүлбану МАҚАЖАН,aqmeshit-zhastary.kz