Ерін сыйлаған әйел елге жағады

  Пианинода жақсы ойнайтын музыканттан: «Күніне қанша уақыт дайындық жасайсыз?» деп сұрасаңыз, ол «тоғыз сағат жаттығамын» дейді. Ал мықты отбасы болу үшін қанша уақыт шыдамдылық пен төзім керек екенін өзіңіз-ақ топшылай беріңіз. Бұл мысалды неліктен айтып отыр демеңіз. Себебі, қазіргі күні отбасы құндылығы деген ұғымның тереңдігіне бойлай алмай жүрміз. Әсіресе жастардың бұл мәселеге келгенде түсінігі тіпті бөлек. Әрине, бәрі бірдей емес. Десе де, бүгінгі боямасыз өмір соны дәлелдеп отырғандай.

 Қазіргі қоғамда ер мен әйелдің табиғат берген міндеті мен қызметі ауысып кеткендей көрінеді маған. Бұл жағдай күні бүгін орын алған да жоқ. Ол сонау ер мен әйелдің құқын теңестірген сәттен басталды. Кеңес заманында әйел аналарымыз шашын қиып, шалбар киюді үйренді. Одан кейін соғыс жылдарында ерлермен бірдей майдан даласына аттанды. «Мықтымын» деп өзіне сенген нәзікжандылар трактордың  руліне отырды. Ал қазіргі ХХI ғасыр­да мамандық түрлері тіпті ердің, әйелдің жұмысы деп бөлінбейтін болды. Темірден түйін түйетін дәнекерлеушіден бастап, ұшақтың тізгінін ерлерден кем түспей ұстап жүрген қыздарымыз және бар. Ал әйелдер жасайтын қызмет түрлерін ер адамдардың да ұршықша иіріп жүргенін күнде көріп жүрміз. Бүгінде аспаз, шаштараз, бет әрлеуші, тіпті гинеколог, акушер мамандықтарында ер кісілердің болуын заңдылық деп санайтындай дәрежеге жеттік. Рас, қай салада болмасын, ең бірінші өз ісінің шебері бола білу керек. Алайда, біз табиғаттың заңдылығына қарсы шығып жатқанымызды біле бермейміз. Соның салдары үйдегі ер мен әйелдің қызметі мен міндетіне де кесірін тигізуде.

 Жаратушы ер адамды отбасының асыраушысы, қорғаушысы етіп жаратса, ал әйел адамды дүниеге ұрпақ әкелу мен оның тәрбиесіне жауапты қылды. Отбасының берекесі мен ұйытқысы да – әйел. Бірақ, «ерлермен теңбіз» деген ұран әйелдерді табиғат берген нәзік болмысынан айыруда. Нар тұлғалы ерлердің иығындағы жауапкершілікті өз мойнына артып алып, енді қалай «отбасының берекесін келтіремін» деп шарқ ұрып жүрген әйелдеріміз жоқ емес. Міне, бүгінгі қоғамда ер мен әйелдің қызметі ауысып, оның салдары отбасы құндылығының төмендеуіне әсерін тигізуде. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Алайда, бұрынғы кезде шаңырақта орын алатын ыдыс-аяқтың «сылдыры» асүйден аспайтын болса, ол бүгінде тұтас бір елге жария етілуде. Мәселен, соңғы кезде теледидардан берілетін хабарлардың қай-қайсысын алсаңыз да, отбасылық мәселелерді көптің талқысына салып жатады. Көнекөз қариялар отбасындағы қикілжіңнің табалдырықтан әрі аспауын үнемі еске салып отыратын. Ал, қазір ше?

Осы ретте бір әсерлі әңгіме есіме оралады. Бұрынырақта, бір патша өзінің екі уәзірін шақырып, екі елге жансыз етіп жіберіпті. Оларға барған елінің әйелдерін азғырып, сол елдің ішкі құпияларын білуді тапсырады. Екі ай уақыт өткенде бірінші уәзір тапсырманы қалтқысыз орындағанын айтып мақтанады. Ал екінші уәзір басын төмен салбыратып, патшаға: «Кешіріңіз, мен сіздің айтқаныңызды орындай алмадым. Себебі ол елдің әйелдерін азғыру мүмкін емес екен. Барлығы бес уақыт намаз оқиды. Етегі ұзын көйлек киіп, бет-жүзін орамалмен қымтап алған. Бөтен ер адамды көрсе, айналып өтеді» депті. Сонда патша: «екеуің де тапсырманы жоғары орындапсыңдар. Бірінші уәзірдің барған мемлекетін еш қиналмай жаулап аламыз, ал екінші уәзірдің барған еліне еш тиіспейміз», – депті. Себебін сұрағанда: «Әйелдерінің иманы мықты елдің іргетасы мықты болады. Біз шабуыл жасап абырой таппаймыз. Соғыста жеңіліс табамыз» деген көрінеді.

Осы тәмсілден-ақ, жаратылысынан нәзік аруларымыздың бір отбасын ғана емес, тұтас мемлекеттің мықты болуына қаншалықты үлес қосатынын білуге болады. Біз табиғат берген асыл қасиеттерді өз орнымызбен қолданғанда ғана отбасында береке болады. Көп замандастарымыз осы бір қарапайым қағиданы естен шығарып алады. Әйел – табиғаттың әлсіз жаратылысы  екенін, ал ер адам сол жаратылыс иесін қорғаушы, асыраушы, арқасүйері екенін үнемі назарда ұстаса, барлығы үйлесімділікпен өмір сүрер еді...


Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

ЖАРНАМА 02 шілде 2019 г. 1 483 0