Бақыттың шыңын білесіз бе?

Дүйсенбі күні қолымыздағы телефон мен әлеуметтік желілер Арыстан жеткен хабарларға толды. Айдың күннің аманында шағын қаланың тұрғындары төбеден төнген тажалдан құтылу үшін бәрін тастап бет-бетіне қашты. Сәт сайын жаңарған көріністер көңілді одан сайын күпті етті. Әсіресе, ата-анасынан ажырап қалған балалардың фотосуреттері ешкімді бейжай қалдырмады.
Әрине, ағылған ақпараттардың барлығы бірдей шындыққа жанаспайтынын түсіндік. Жолындағыны түгел жайпаған жойқын ағыс тәрізді тасқындаған  бұл ақпараттарды ақыл тоқтатқан адам да, асыл мен жасықты айыра алмайтын жеткіншек те көріп, бір-біріне жолдап жатты. Қазіргі ақпараттық дәуірдің сәні – сенсация мен эксклюзив жас баланың қолындағы өткір пышақ сияқты. Абайлап пай­даланбасаң, тиген жерін кесіп түседі.
Жалпы әлеуметтану ғылымында, психологияда сөздің қуаты, ауыздан шыққан сөздің тағдырға әсер ететіні, адамның ниеті туралы зерттеулер жеткілікті. Дегенмен, біз алысқа бармай-ақ ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігіне кедергі келтірген табиғи апаттардың атын тура атамау себебін ойланайықшы?  Найзағайды  «жай» немесе «жасыл», қасқырды «ит-құс», аурудың атын тураламай «жаман ауру», «қызыл көйлек», түрлі жараларды «шығу» деп айтатын ата-әжелердің тәрбиесін көрдік. Жарықтықтар ағаш пен сымнан мылтық жасап, соғыс ойнаған, құм үйген балаларға «жамандық шақырма» деп ұрсып жүретін. Кешегі жарылыстан бас сауғалаған халықтың жағдайын көріп, соңғы айлардағы халықты бүлікке шақырушылардың қоғамның көңіл-күйін әрі-сәрі еткені еске түсті. Ел аман, жұрт тынышта жамандық шақырмай, жан-жағымызға мығым болайықшы. Өйткені қиындықтар өткінші, ал тыныштық пен тұрақтылыққа ештеңе жетпейді.
Арыс апаты «Қазақтың басы бірікпейді», «Қазақтың жауы – қазақ» деп сұңқылдаушыларға да сабақ болды. Әрдайым елдікке үндейтін ақын Мұхтар Ниязов желідегі парақшасына  «Итіміздің өзі бөрі келгенде бірігіп кететін елміз ғой. Жәй кезде кейбір көзқарастарымыз сәйкеспей жатқанымен, кешеден бері Арыстағы жұртқа көмек беруге келгенде бір үйдің баласындай болып кеттік. Президенттен бастап қарапайым тұрғындарға дейін сол жерден табылып, барынша қолдау білдіруде. Енді біреу анасын таппай, біреу баласын таппай, біреу үйінен, біреу мүлкінен айырылып, біреулер жақындарына қайғырып, қаншама халық қамкөңіл болып жатқанда әлеуметтік желіде отырып өзінің ергежейлі есебін түгендегісі келіп, уызына жа­рымаған саяси сауатын көрсетіп бағушыларға айтарым, бір-екі күн қоя тұрыңыздаршы. Жанашырлық танытып шырылдап жатқан жандарды түсінемін, ал енді орта жолдан салулы төсек, салқын үйде жатып жазылған жазбаларды оқып отыратын кез емес қазір. Қолдан келсе қаржылай, басқалай көмек берейік, болмаса болмайтын мысқыл, қышқыл әңгімелерді доғарыңыздар» деп жазды.
Апат болған күні қараңғы түсіп кеткеніне қарамастан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев эвакуациялық пункттегі, ауруханадағы халықпен кездесті. Арыстың апаттан кейінгі ахуалын көзбен көрді. Халыққа басу айтып, үй-күйге алаңдамауға шақырды, барлығын орнына келтіруге уәде берді. Сол күннен бері  қазақ жерінің төрт тарабынан шыққан керуендер Шымкентке қарай ағылып жатыр. Олардың қатарында Сыр еліндегі ағайындар жіберген көліктер керуені де діттеген жеріне жетті. Алдағы күндері әр аудан өз қайырымдылық шарасын ұйымдастырмақ. Бауырмалдық пен жанашырлықтың үлгісін көрсеткен жұртшылықты біріктірген белсенділер жер-жерде гуманитарлық пункттер ашып, азық-түлік, киім-кешек қабыл­дауда. Бауырластың басына қиындық түскен­де жұдырықтай жұмылған халықты бір-біріне айдап салып, жау көрсетуге енді ешкімнің күші жетпейтін шығар. Өйткені, бірінің басындағы қиындыққа екіншісі бейжай қарап тұрмайтын адамдардың бойындағы ізгілік ізсіз кетпек емес.  
Арыс –  тоғыз жолдың торабы болған­дықтан,  7 ірі теміржол станциясы – Шымкент, Түркістан, Түлкібас, Тараз, Шу, Шиелі, Қызылордада 20 жолаушылар пойызы тоқтады. Облыс әкімі жанынан жедел штаб құрылып, Қызылордада кідірген 5 жолаушы пойызындағы 1200 жолаушыға ыстық тамақ пен салқын су тегін таратылды және 15 жолаушыға медициналық көмек көрсетілді. Жолаушылар пойызының бағыты өзгеруіне байланысты Сексеуіл станциясынан Қызылорда, Түркістан облыстарына баратын 500 жолаушыға межеленген жерлеріне жетуі үшін арнайы 14 вагондық станцияаралық пойыз бен 6 автобус қызмет көрсетті. Шиелі станциясынан 82 жолаушыны Алматы қаласына автобуспен, 22 азаматты Луговой, Тараз және Шымкент қалаларына шағын көліктермен жөнелту ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, Түркістан облысына, Шымкент қаласы аралықтағы жолаушыларды тасымал­дау үшін 5 үлкен сыйымдылықты автобус жі­бе­рілді. Апат айтып келмейді, бірақ ұтымды ұйым­дастырылған жұмыс жолаушыларға жол азабын тартқызбады.
Арыс апатының жан ауыртқан тұсы – ата-анасынан көз жазып қалған балалар еді. Қас қарайғанға дейін барлық бала әке-шешесімен қауышса екен деп тілекші болдық. Әлеуметтік желілерде іздеу ар­налары ашылып, бұл іске де желі қолданушылар түгел жұмылды. Әр бала анасымен табысқан сайын сү­йінші сұраған хабарларға бірге қуандық. Артынша құзырлы органдар барлық бала дін-аман екенін айт­ты. Қазір солтүстік облыстардағы тынығу ла­герь­­­лері арыстық жеткіншектерді қабылдауға дайын.  
Бұл жағдай адамның бас амандығы, жүрек тыныштығына ештеңе тең келмейтінін көрсетті. Ананың баладан, баланың анадан айырылмағаны –  бақыттың шыңы екен. Атам заманғы оқиғаны кейінгілер ғибрат алсын деп айтып отыратын үлкендердің ізімен бұл жайтты да ұмытпасымыз белгілі. Дегенмен, Арыстағы ағайынның кеткені келіп, кемтігі толатын күн алыс емес. Бұл ойға қазық байлауға жұдырықтай жұмылған елдің пейілі, іс басындағы азаматтардың қарекеттері негіз болып отыр. Тұтас ел тілекшілігін танытуда. Көп ұзамай оңтүстіктің берекесі тасыған қаласына баяғы бағы  қайтадан тұрақтайтынына сенеміз.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
ЖАРНАМА 27 маусым 2019 г. 829 0