Тектілік тамыры тереңде

Халқымызда тектілік ұғы­мы тереңде жатыр. «Тек­ті­ден текті туады, тектілік тұ­қым қуады» деп бекерге айтылмаса керек. Текті зерттеу Еуропа елдерінде ХІХ ғасырда ғана қолға алынса, біздің халқымыздың тәжірибесінде бұрыннан бар.
Ата-бабамыз айтқандай.
Жеті атасын білген ұл,
Жеті жұрттың қамын жер.
Өзін ғана білген ұл,
Құлағы мен жағын жер.
Халық арасында «Тектілік жеті атадан бастау алады» деген керемет қанатты сөз бар. Жеті атадан қыз алыс­пау сонау ғасырларда Тәуке ханның «Жеті жарғысында» жазылған. Текті бабалары­мыз ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін жақсы білген. Бола­шақ ұрпағы бойына жақсы қасиетті жиып жетілсін деген ниетпен текті жерден қыз алысқан. Ал қазіргі кезде бұл дәстүріміз ұмыт қалғандай. Себебі жастар болашақ жарын өзі таңдайды. Соңғы кезде сүйгеніне тұрмысқа шығу жайлы ұсынысты өзгелерден ерекше етіп өткізу сәнге айналды. Жігіттеріміздің қыз­­­дың алдында тізерлеп, «Ме­нің өмірлік жарым болшы» дегенін әлеуметтік же­лі­ден көріп жүрміз.  Шетелге елік­тей­міз деп бабалар сал­ған сара жолдан «сырғып» бара жат­қанымыз жастарды ойландырмайды. Олардың осы іс-әрекетін «тәйт» деу­ге тиісті үлкендердің өзі ма­құл­дап отырған соң не өкпе айтарсың? Хош делік. Бірақ бір-біріне сондай ыстық сезі­мін білдірген жастардың көп ұзамай жолы екіге айырылып кетеді. Тіпті әр баласын әр некедегі күйеуінен туып, өз ұрпағының тегінен айырылуына «үлес» қосатын аналарға не деуге болады?
Бүгінде орыстардың айтып жүрген родология ғылымы, біздің әу баста мыңжылдық тәжірибемізден өткен тектілік ұғымына ұқсайды. Ресей ға­лым­дарының айтуынша, адам­ның психологиялық-физио­ло­гиялық ерекшеліктері, әдет-қылықтары, дүниетаным мен ойлау жүйесі тұқым қуа­лау арқылы беріледі. Сонымен қатар, ата-бабасының бойындағы ерекше қасиет­тер­дің ұрпағына даритынын да білеміз. Мәселен, арғы аталарында әулиелік, көріп­келдік қасиет болса, ол ұрпағына беріледі. Сынық­шы­лық, ақындық, ұсталық, етік­шілік, сал-серілік сияқты ерекшеліктер де солай жеті атадан қонатын қасиет.
Қазақта «қандағы қасірет» деген және бір түсінік бар. Француз ғалымы, психо­те­­рапевт Анн ­Шутценбергер «Ата-баба синдромы» деген кітабында әке-ше­ше­сінің өмі­рінде орын ал­­ған күй­зе­лістер мен оқи­ғалар ұр­па­ғы­­ның басында қай­та­ла­на­тынын зерттеген. Кезінде ақын Артюр Рэмбо осы генмен берілетін отбасылық мәселелермен зар­дап шеккен көрінеді. Оның 6 жасында әкесі отбасын тастап кетеді. Одан 100 жыл кейін шегінетін болсақ, бабасы да әкесін осы жасқа толғанда қалдырып кеткен екен. Осылайша, бұл әу­лет­те, ер азаматтардың тас­тап кетуі не қайтыс болуы ұрпақтан ұрпаққа берілгенін айтады. Алысқа бармай-ақ, айналамыздағы адамдардың өмірінен де мысал келтіруге болады. Мысалы, өзім жақын танитын отбасының әкесі мүшел жасқа аяқ басқан уақытта көлік апатынан көз жұмса, арада біршама жыл салып, дәл сол күні баласы да дүние салды. Тағы бір отбасында суицидтің орын алуын, қандықол қылмыскер шығуын, әжелеріміз сол әулеттің әкесі кезінде өзіне қол жұмсағанын не ұры-қары болғанымен байланыстырып отыратын. Міне, бүгінгі психологтардың айтып жүрген пәлсапасының сыры осында жатыр. Ата-бабасының жасаған қателіктері жеті ұрпағына берілмес үшін, ең алдымен, әр адам өзінің тегін білуі тиіс. Себебі, балаңыз сіз үшін зардап шекпеуі керек. Қазақта «жақсы әке баласына  қырық жыл азық» деген сөз осындайда айтылса керек. Егер әке-шешесі біреудің ала жібін аттамай, ешкімге зәбір көрсетпей адал өмір сүрсе, кейін оның ұрпағы ауру-сырқау мен түрлі қауіп-қатерден аман болады. Кейбір отбасында ұл бала тұрақтамаса, не балалары ұрпақ сүйе алмаса, оның да түп төркіні осы генде  жатқанын ғалымдар растап отыр. Мұндайда қазекем, «кесірің балаңа тимесін» деп, тура жолдан тайқымай, адал іс жасауды үнемі еске салып отырған.
Ғалымдардың пайымдауынша, адам егер де өзінің тегіне талдау жасап және қарсы әрекет етіп, ең бірінші психологиялық тұрғыда да­йындық жасаса, қанмен ке­летін «кеселдерге» қарсы тұ­руға болады. Кей адамдар, текпен келетін түрлі бел­гі­лер­дің түпкі мәнін тү­сінбей, кінәні өзінен іздеуі мүмкін. Алайда, «тамырына» үңілер бол­са, көп сұрақтың шешімін табар еді.
Әңгіменің түйіні, ұрпа­ғы­ңыздың алдындағы жауап­кер­шілікті сезіне отырып, не­­мере-шөбереге тек жақсы қа­­­сиеттеріңіз бен сауапты іс­те­ріңізді қалдырып кетуді ой­лаған жөн болар.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
ЖАРНАМА 13 маусым 2019 г. 1 216 0