Тұт бойында тылсым бар

Өткенде "Жаңа базардан" үйімізге қарай жаяулай тарттық.  Қол бостау кезде аяқжолға түсіп алып, аяңдағаннан артығы жоқ негізі. Бір сәт қым-қуыт тіршіліктің қамытын босатып, ойлануға жақсы.
Қорқыт ата мен Желтоқсан көшелерінің қиылысына жеткенде бұрынғы түймедақ бейнесіндегі субұрқағы бар аллеяда жерге төгіліп жатқан тұтты байқадық. Бала кезімізде аузы-басымыз торала-торала болып талай жеген едік, сол еске түсіп, адам бойына тиер-тимес болып тұрған бұтақтың біріне қол создық. Баданадай жидек уылжып тұр екен.  
Баяғының бұйдасында кеткен балалықтың балдай дәміне елтіп, біраз тұрып қалған екенбіз, "Түһ, жарықтық, бабына келген екен" деген дауыс ойымызды бөліп жіберді. Анадай жерден әдейі бұрылған жігіт ағасы екен. Бұтақтың бірін иіп жатып, тұттың біз білмейтін пайдасын санамалай жөнелді. Айтуынша, өзі осы талдың 200 түбін егіпті. "Мұны тоя жесең, ағзада калий жетіспеушілігі дегенді ұмытасың, жүректің жұмысын жақсартады" дейді.  
Тұттың орташа "жасы" екі ғасырдан асады екен. Кейбірі 300-500 жылға дейін өсіп тұрады. Иордан өзенінің батыс жағалауындағы Иерихон қаласында екі мың жылдық тұт ағашы әлі тұр. Аңыз бойынша кезінде Иса пайғамбар күннің ыстығында осы ағашты көлеңкелепті деседі.
Жә, тым шығандап қайтеміз. Өзімізде де мыңдаған жыл мызғымай тұрғандары кездеседі. Түркістан қаласының іргесінде Қарнақ атты ауыл бар. Қожа Ахмет Ясауи кесе¬несіндегі атақты тай¬қазан құйылған елдімекен 1300 жылдан бері өсіп тұрған тұт ағашымен де танымал.
Көнекөздердің айтуынша, бұл ағашты мұ¬сыл¬мандықты уағыздаушы дін¬дар имам Бақли еккен көрінеді. Енді бірі пайғамбарымыздың әскер сардары қадаған шыбықтан өнген деседі.  Бүгінде ортасын шірік кеу¬леп бой-бой жарылып жат¬са да жан-жағындағы бұ¬талар жыл сайын бүр¬шік жарады.  
Тұт шырының құрамында денсаулыққа пайдалы көп элементтер жинақталған. Тәтті жидек ағзаны токсиннен тазартады, май клеткаларын жояды. Бұған есте сақтауды жақсартып, тыныштандыратын қасиетін және қосыңыз.  
 Жидегінде сахароза, фруктоза, эфир майы, минералды заттар, органикалық қышқылдар, әсіресе, С дәрумені өте көп мөлшерде болады. Сондықтан да оны кептіріп, қыс бойы пайдаланатын елдер де бар.
Емдік мақсатта жапырағы, діңінің қабығы да қолданылады. Ертеде жапырағының шырынын қарақұрт шаққанда, тіс ауруына, ауыз қуысы уылғанда ем ретінде пайдаланыпты. Тұмау, қант диабеті, көз ауруларын болдырмайтын қасиеті бар. Түрлі аурудың, әсіресе, қан қысымының бірден-бір емі. Тұт жайлы танымымызды кеңейтпекке интернетке үңілгенде тапқан мәліметіміз осылай дейді.
Айтпақшы, бұл ағаштың жапырағымен қоректенетін құрттың таза жібек шығаратынын білетін боларсыз. Мұны Қытай елі мыңдаған жылдар құпия сақтап келген. Үш мың жылдан астам уақыт жібек өнімі тек осы елден ғана экспортқа жөнелтіліп жатты. Құпия толықтай ашылмағанымен кейіннен жібек өндірісі Жапония, Үндістан, Орта Азия елдеріне ойыса бастады. Бұрындары бізбен іргелес Түркістан облысында да жібек құртын өндіру қолға алынған еді. Қазір сол өңірден тоқтап қалған өндірісті жандандырмаққа талап қылған азаматтар табылып жатқан көрінеді.
Ал енді осы қасиетін тәптіштеп, тауыса алмай отырған тұтыңыз бізде көп өседі. Обалы не керек, жарықтық жыл сайын төгіп салады. Бірақ, жерде езіліп жатқан жемісіне еңкеймек түгіл, өсіп тұрғанын теріп тұрған ешкімді көрмейміз. Дәрі-дәрмекпен өскен жеміске үйір балалар осы тұтты жатырқап тұрады әйтеуір.
 Тұт түбіндегі әңгіменің әсерінен арыла алмай келе жатқанда көршім жолықты. Қолымдағы таңбадан байқаса керек, "Тұт теріп келе жатсың ба?" деп таңдана сұрады. Мұнымды өзінше ерсі санап тұрғанын көзі айтып қойды. Жауап беруге ерініп, бас изей салдым.
Тұттың ағза үшін тұнып тұрған пайда екенін бұл қайдан білсін?...

М. АҚЫНҰЛЫ        
 


ЖАРНАМА 11 маусым 2019 г. 1 594 0