«Шеңбердің» шырғалаңы

Кез келген ата-ана баласын білімді, тәрбиелі, жетістікке жеткен тұлға ретінде көргісі келеді. Оның заманға сай дамуы үшін барлық жағдайын жасауға тырысады. Қатарластарынан кем түспесін деп түрлі үйірменің бірнешеуіне тіркеп те қояды. Қазіргі балалардың күн тәртібі үлкен адамның жұмысынан «күрделі». Неге дерсіз? Себебі, ата-ана баласының орнына қатып қалған тізбекті сызып, бір жолмен жүріп-тұруды үйретіп қойған тәрізді.  Таңертең көзін уқалап ашып, спорттық, түрлі пәндік үйірмелерге барып келген бала түскі асын ішер- ішпестен мектепке кетеді. Күніне 6-7 сабақты оқып, үйге келген соң берілген тапсырманы орындауы керек. Өйткені, таңертең кезекпен кезек баратын үйірмелері тағы тұр. Ертеңіне дәл солай.
Күнделікті қайталанатын тірлік ойын баласын бір күні жалықтыратыны белгілі. Бас­­тапқыда қызығушылық танытқанымен, кейін одан жеруі де мүмкін. Алайда өз пікірін айтуға батылы жет­пей, үйірмелерге үлкендер­дің нұсқауымен баратын бала ешқандай жетістікке жетпейді. Дәл осы жерде үлкендер «үлкен» қателік жібер­генін біле бермеуі де мүмкін. Ата-ана сызған «шең­бермен» өмір сүретін бала, көп жағдайда шынайы өмірге бейімделуі қиын болады. Өз ойын, пікірін ашық айтудан жасқанады. Сөйтіп, ата-анасы жүр десе, жүретін, тұр десе тұратын «құлтемір» балаға айналады. Әу баста кішкентайының сезімімен санаспаған, оның қабілет деңгейін ескермеген ата-анасы да баласына риза емес. Балам айтқанымды істе­мейтін болды, үйірмеден қашады, сабақ оқуға ынтасы жоқ, бар ойы телефонда деп мәселені өз қолымен жасап алады.
Жалпы, бүгінде баланы тануда, оның қабілетін анықтауда қатып қалған ереже жоқ. Себебі әр бала жеке тұлға. Сіз тарапынан жасалатын іс – баланы тыңдаңыз, оның сезімдеріне құлақ асыңыз, санасыңыз. Кей балада оның ерекше қабілеті сөйлеген сөзінен, тағы біреуінде қимылынан, енді бірінде ойлау деңгейінен көрінеді. Сондықтан егер қызыңыз  спортқа бейім болса, оны би үйірмесіне берудің қажеті жоқ. Сол сияқты тамақ жасау­ды ұнататын ұлыңыз болса, оны дзюдоға сүйрегенді қойыңыз. Өйткені қазіргі күні мейрамханаларда мықты шеф аспаз болып жүрген ер адамдар да баршылық.
Қоғамда таланттарды тү­сіне алмаған, қабылдай алмаған оқиғалар аз болмаған. Таланттары ашылған жандардан гөрі, қысымға ұшырап, өзін өмір бойы өзгелерден кем санап өткендердің саны әлдеқайда көп. Себебі қазіргі қоғам мен мектептің көп талабы, адамның бір «қалыптан» шықпағанын қалайды. Өзгелерден басқаша ойлайтын, әлемді өзгеше қабылдайтын жандарды түсінуге көп адамның ерік-жігері, білімі жете  бермейді. Айналасындағылармен бірдей ойлай алмай, мектеп тарапынан «ақымақ» саналған атақтылардың ті­зімінде Томас Эдисон, Альберт Эйнштейн, Х.Андерсен, Стив Джобс секілді мықтылар бар. Ең қызығы, олардың көбі өзіне шексіз сенген ата-анасының қолдауымен немесе өмірлерінде кездес­кен ерекше ұстаздың арқасында өз қабілеттерін ұштай алған. Ал халқымыз баланың ерте жастан қабілетін тануды керемет жеткізген.
Ат болатын құлынды,
Желі басынан танисың.
Адам болар ұлыңды,
Жолдасынан танисың.
Батыр болар балаңды,
Тұлғасынан танисың.
Жақсы болар балаңды,
Ел қасынан танисың...
 Күйбең тіршілікті бір сәт ұмытып, балаңызға көбірек көңіл бөлсеңіз, оны тануда еш қиналмайсыз. Ұялы телефонға телмірген балаңызды ыстық құшағыңызға жиі-жиі басыңыз. Маңдайынан иіскеңіз. Бірге қызықты уақыт өткізіңіз. Кешке жұмыстан келгенде шахмат, дойбы, не футбол ойнаңыз. Есіңізде болсын, балаңызды сізден басқа ешкім махаббатқа бөлей алмайды. Ата-анасының шексіз сүйіспеншілігіне қанып өскен ұл мен қыз өмірде кездесетін әр кедергіден қиналмай өтері сөзсіз. Бүгін сіз сезімі жоқ «құлтемірге» айналған баланы тәрбиелесеңіз, қартайғанда жемісін жейтін өзіңіз екенін естен шығармасаңыз болды.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
ЖАРНАМА 10 маусым 2019 г. 799 0