Академик Рахманқұл Бердібаев «Қазақтың 18 мың сөзі бұзылып жүр» деген екен. «Сен бару керексің», «мен алу керекпін» деп сөйлейтіндерге, өзі тұрған жерден баратын бағытына «келемін» деп айтатындарға дұрыс сөйлеп тұрғандай бас изейтін қалге жеттік.
Ол ол ма, малға қатысты анықтауыш «арда» сөзін «арда азамат» деп қадірлілерге қарата айтқанымызға жол болсын. «Құлағына алтын сырға» дейтін тіркеспен тіресіп жеңе алмай жүргенімді қайтейін. Әркімнің «алтын сырғасына» неге көз саттым? Себебі, біз оны «сөзіме құлақ сал» мағынасында қолдануға көшіп алғанбыз. Ал, түп негізінде «алтын сырға» – ауызбастырық, яғни, бұл сөз тіркесі «құлағыңды жап, естіме» деген ойды мегзейді.
Міне, осындай-осындай тілдің ушыққан мәселелері уытын жайып бара жатыр. Авар халқының ақыны Расул Ғамзаттың «Ана тілім болса ертең құрымақ, мен өлер ем бүгін-ақ» дегенінде ана тіліне деген алып махаббат қана емес, ата-бабаның аманатына деген жанкешті адалдық жатыр.
Мына бір өлеңім осы бір ауыз сөздің әсерінен туған еді.
Тіл – нығымет, берілген бір Құдайдан,
Біраз хабар берейін шындық ойдан.
«Өнер алды – қызыл тіл» деп қазекем,
Бар ғылымның басына тілді қойған.
Білімнің бәрін саған тіл береді,
Тілсіз адам қалайша күн көреді.
Мінәжат қып топаннан тіл тоқтатқан,
Қазығұрттың басына бір кемені.
Күллі әлемнің сыры бар тіл ішінде,
Тілден тексіз алтын мен күмісің де.
Тілсіз мен бір балықпын тереңдегі,
Тілім болса бұлбұлмын гүл ішінде.
Тіл бойдағы ұятың, арың еді,
Арыңның садақасы жаның еді.
Азығың, атамұра тәлім еді,
Айтайын тілім жайлы тағы нені?!
Аз емес қой өткеннің деректері,
Қайран ақын Ғамзатов ер өкпелі.
«Ертең тілім шынымен құрыса егер,
Мен онда бүгін өлем» – демеп пе еді.
Тіл қадірін жас өркен, біл, қарағым,
Бір ауыз сөз құны еді мың қараның.
Аяла сен, ардақта ана тілін,
Құрт түсіп құламасын дің дарағым.
Адамды қырық бөлсе алалап түр,
Тіл ғана болмысыңды даралап тұр.
Байлығың да тіл болсын, байрағың да,
Бабалардың мұрасы – аманат бұл!
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.