Сәуірімнің ақ таңы

Сәуір – жазғытұрым мез­гілі. «Сәуір» сөзі араб тілі­нен енген, мағынасы «өгіз» деген екен. Ал, жұлдыз ай­лары бойынша «Торпақ шоқ­жұлдызының» ­атауы бо­лып табылады. Бізге осы «өгіз» сөзінің керегі жоқ секілді. Қазақ бұл айды «кө­кек» деп атаған. Бұлай аталу себебі көктемнің бір белгісі көкек құсының алғаш шақыра бас­тайтын мезгілімен байланысты. Бұл айдың өзгешелігі – құс үнінің ерекше байқалуы. 

Кейіндеу біреулер көкек жеңілтек құс, өз атын өзі шақырады, сондықтан осы сөз жағымсыз мәнде айтылады деп ай атауын арабтан енген «сәуірмен» ауыстырған. Шоқан Уәлихановтың пайымдауы бойынша, көкек жа­ғымсыз құс емес, керісінше, киелі құс. Бес биенің сабасындай бәйбішелер май мол болады деп, көкек қонған бұтақты алып, сүт құйған сабаға салып қоятын болған.

Менің жаныма да «көкек» сөзі жақын. Өткен жылы газетке «Көкқұт көзін ашты, көкек қанатын жазды» деген мақала да жазып едім.

Жарайды, бүгін бұл мәсе­лені талқылайын деп отырған жоқпыз.

Сәуір айында «бесқонақ», «қызыр қамшысы», «тобылғы жарған», «отамалы» деген төрт амал кіреді. Жауын-шашынды, желді, кейде боранды осы амалдар өтпей, жайма шуақты күндер басталмайды. Демек, бұл амалдар кәрі қыстың «тұяқ серпуі» секілді. Қазақтың «сәуір болмай, тәуір болмайды», «сәуір болмай, сайран болмас, сайран болмай, айран болмас», «сәуір болса күн күркірер, күн күркіресе көк дүркірер», «сәуір жақ­сы­лығына бақса алты күн, жақсылығына бақпаса алпыс күн» деген сөздері осы себепті айтылған.

Өзімізге жақын мысалды-ақ алайық. Сәуір айының 15-ші күні келмей, қаладағы көпқабатты үйлер жылудан ажыратылмайды. Демек, жаз шықты дегенге әлі сенім жоқ.

Мұнан ұғатынымыз, сә­уір айы – табиғатқа ерекше серпін, өзгеше өзгеріс әкелетін ай. Дінімізде сәуір жаңбырының адам ағзасына берер шипасының мол екендігі жөнінде де айтылған. 

 Жыланның уы, балықтың інжуі, тіпті бал арасының балы да осы жаңбыр суынан пайда болады дейді. Ең таза судың сәуір жаңбыры екені өмір тәжірибесімен дәлелденген.

«Бұл суды ішкен кісінің барлық ауруларына пайдасы бар. Сәуір жаңбырын алу тәсілі: ыдыс биік жерге қойылады, жаңбыр тіке ыдыс­қа түсуі керек. Жылғадан аққан су жарамайды. Алғашқы жаңбырды емес, екінші немесе үшінші жауған жаңбырды алған жөн. Ауадағы ластық тазаланған болуы керек. Сосын суды алғасын сүзіп алып, қолданады» деп тұжы­рым­дайды ғалымдар.

Пайғамбарымыздың бір хадисінде былай делінген: «Мені хақ Пайғамбар қылып жіберген Алла Тағалаға ант етейін, баласы болмаған ер осы судан әйеліне ішкізсе, Алланың рұқсатымен әйелі жүкті болады. Басы ауырған әйеліне ері осы судан ішкізсе, осы су (оның жазылуы үшін) жеткілікті. Ішкен кісінің қатты түкірігін кетіреді. Жел оған зиян бермейді. Жаман жағдайлар оған жоламайды. Бел ауруынан, қарын ауруынан еш арызы қалмайды. Алапес ауруынан қорықпайды, көкірек ауруына душар болмайды, жүрегіне келген уәсуәсә шығып кетеді. Менмендік, қызғаншақтық, тә­кәп­­парлық, дұшпандық, ғай­бат, сөз тасушылық (сияқ­ты рухани аурулардың барлығы) дүниедегі барлық өткінші болғандар үшін Алла Тағаланың рұқсатымен пайдалы болады».

Қазір әлеуметтік желіден жүйрік ештеме жоқ. Біз мысалдап отырған деректер де сол желілердің бетінде жүр. Дегенмен, бәріміз үшін де пайдалы осы деректерге газет бетінен орын беруді де артық санамадық.

Ал, сәуіріміздің ақ таңы құтты болсын, ағайын.


Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

ЖАРНАМА 04 сәуір 2019 г. 3 002 0