Сифр – жазу негізінде пайда болған жаңалық. Сифр сөзінің төркіні арабтың «әс-сифр» деген сөзінен алынған, ал оның мағынасы үнді халқының бос орын, «сунья» деген сөзінің аудармасы екен. Ғылым мен өнердің өркендеген дәуірінде математикалық еңбектер латын тілінен аударылып, «сифр» сөзі сол қалпы қалдырылған. Тек алғашқы әрпі ғана «ц» болып өзгертілген. Біз өзгертілмеген әу бастағы тұлғасымен айта бермекпіз, себебі қазақ тілінің қалыбында «ц» дыбысы жоқ. Сондай-ақ, «сифр» мен «сан» атауын да алмакезек қолданамыз.
Күнделікті өмірімізде қолданылатын сифрлар шамамен бұдан 1500 жыл бұрын Үндістанда пайда болған деседі. Әуелі олар сызықшамен белгіленген. Адам баласы қазіргі біз түсінетін сифрларды үйрену үшін талай ғасырларды бастан кешірген. Әуелі олар табиғи, натурал сандарды (1-ден 9-ға дейін) меңгерсе, нөлдің пайда болуынан бастап сандарға ұлы төңкеріс жасалған, сөйтіп сандарды игеруде жаңа жүйелер өмірге келген. Расында, 0-ді ойлап тапқанға дейін адамдар қатты қиналған. 0-ді кімнің ойлап тапқаны туралы тарих жады жоқ. Сол кезде адамдар қалай санаған: 9-ға дейін санап келіп, «бір 9», «екі 9», «үш 9...» деп жалғастыра берген. Мысалы дәл осылай санау қазақта әлі бар, мұны дәстүріміздегі құдалық кәделерден көре аласыз. Құдаларға киім-кешек, мата-тауардан тоғыз жасау жоралғысы осылайша саналады. Ал, «бір тоғыз», «екі тоғыз» деу 0-дің қатарға қосылумен байланысты «он», «жиырма», «отыз» деген сияқты басқа атауға ауысқан.
Бір қызығы, «бір тоғыз» «екі тоғыз» түрінде санау орыс тілінде «бір он, екі он» түріне көшіп алған. Двадцать (два десять), тридцать (три десять), пятьдесять (пять десять)... осы секілді. Бұлайша санау қазақта сексен (сегіз он), тоқсан (тоғыз он) сандарында ғана кірігіп ұшырасады, неге, бұл да өз алдына бір қызық.
0 пайда болған соң, бірнеше орынды сандар сап түзді. Оған дейін адамдар ондық жүйемен ғана күнелтіп келген. Өйткені адамда 10 саусақ бар. Сол себепті саусақпен санау ең тиімді тәсіл еді. Алайда, бірнеше орынды сандар белгілі болған заманда ақылдылар қол саусақтарын тек санау үшін ғана емес, көбейту үшін де пайдалануға болатынын ойлап тапты. Мысалы 9-ға көбейтуді қолданып көрелік. Екі қолыңызды алдыңызға алақандап қойып алыңыз. Сосын саусақтарыңызды оң жақтан бастап санайсыз. Қайсыбір санды 9-ға көбейту үшін тиісті саусақты бүгу керек. 7-ні 9-ға көбейту үшін жетінші саусағыңызды бүгесіз. Енді оң жақтан 6 саусақ және сол жақта 3 саусақ қалды. Осы 6 мен 3-ті қатарластырсаңыз екі орынды 63 саны шығады, яғни, есептің жауабы табылды.
Енді шамалы сифрлар сырына тоқталып өтейік.
0. Бұл – абсолюттік символы. Шексіздік белгісі және жаратылмаған әлемнің саны болып табылады. Барлық заттардың бастамасы. Жаңа айттық, 0 өмірге келгенше адам көп орынды сандарды жазуға қатты қиналған.
Осы тұста қазіргі бір жағдайға жанашырлықпен қарап жүргенімді қайда қояйын. Ол осы 0-ге қатысты. 0 басқа цифрдан үтірмен ажыратылғанда (5,0) оқылмайды. Оқылмайтын болса, оны газет бетіне жазудың маңызы да жоқ. Ал, баспасөзде үтірмен ажыратылған 0-дер толып жүр. Журналистер үтірден кейін келетін 0-дің есеп-қисап қызметкерлеріне ғана керек екенін ескерсін.
1. Бір саны мұсылман ұғымында Алла жалғыз, Алладан басқа тәңір жоқ дегеннің белгісі. 1-дің таңбасы да араптың «А» әрпімен бірдей. Қазақтың «әліпті таяқ деп білмеу» сөзі дәл осы 1-ге қатысты. 1 – қай тілде болсын, бірлік сөзінің түбірі. Адам өмірін басқаратын, әр пенде ұмтылатын сан болып есептеледі. Өйткені бәріміз де Құдайға жақындауды, оның рахымы мен ризығына бөленуді жақсы көреміз. Мұндай нығыметке ие болу үшін Құдайдан қорқу керек. Біз қай нәрседен қорықсақ, сол нәрседен қашамыз. Керісінше, Құдайдан қорқу арқылы оған жақындай түсеміз.
2. Күні-түні демалмайтын екеу: ай мен күн. Қосылу, толықтыру символы. Жақсы мен жаман, ер мен әйел, күн мен түн, ақ пен қара. Мұсылман ғалымдары 2-ні сәждеде тұрған адам бейнесі деп түсіндіреді.
3. Жалпы түркі халықтарында, соның ішінде қазақ халқында үш саны қасиетті деп есептелінеді. Адам атаны жаратқанда жіберілген үш қасиет: ақыл, ұят, сабыр. Үш қуат: ақыл, жүрек, тіл. Үш жүз: ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз. Үш құсты – аққуды, қарлығашты, байғызды өлтіруге болмайды. Үш адамның ниеті бұзық: өтірік айтатын, сөзінде тұрмайтын, аманатқа қиянат жасайтын. Қазақтың үш биі: Төле, Қазыбек, Әйтеке.
Үш саны қытайлардың түсінігінде Марс арқылы басқарылады және жалынға теңеледі. «Өсу» сөзінің синонимі.
4. Қазақта төрт құбыласы сай, яғни, «алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді». Бұл сан тұрақтылық пен беріктіктің, әділдіктің белгісі болған. Әлемнің төрт бұрышын, жылдың төрт мезгілін, табиғаттағы төрт құбылыс – от, жер, су, ауаны білдірген. Төрт кітап: Мұсаға Тәурат, Дәуітке Забур, Исаға Інжіл, адамзаттың соңғы Пайғамбары Мұхаммедке Құран түскен.
Төрт түлік мал қазақтың бірден-бір күнкөріс көзі болып табылған. Қазақ халқының өмірін төрт түлік малсыз елестету мүмкін емес. Ал, әлгі айтып отырған қытайларымыз 4 деген саннан өлердей қорқады-мыс. Мәселен, Қытайда үйдің нөмірі 4 санына сәйкес келсе, 3+1 деп таңбаланады екен. Бұл елде автокөлік нөмірлеріне 4 саны қосылмаған. Төртпен байланысты 14, 24, 44, т.б. сандар да сәтсіздікке әкелетін нөмір деп танылған.
Естімеген елде көп деген, ә?!
5. Бес жоғарыда айтылған төрт бастаманың ортасында орналасып, жан-жағын басқарып тұрады. Қазақ бес нәрсені – бұлттың көлеңкесін, еңбексіз келген байлықты, тұрлаусыздың достығын, жалған мадақты, опасыздың махаббатын баянсыз деп түсінген. Қазақ халқы тілді, дінді, тарихты, дәстүрді, атамекенді – бес анық деп атаған.
Абай хакімнің «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой – бес асыл іс көнсеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – бес дұшпаның білсеңіз» деуінде қандай терең мән жатқанын ұға бергейсіз.
7. Енді мен бірден 7 санына көшейін және сонымен аяқтайын, бәрін тізе беріп, жаңалық ашып жатқаным жоқ. Негізі айтпай бара жатқан 6-мыз да жақсы сан емес. «Алтау ала болса» дейді қазақ, алалықты неге алтымен байланыстырады, тегін емес, әрине. «Алты аласыз» дейді бөтен біреуді, айта берсек көп, тіпті мұсылман ұғымында 6 саны басымен жерге қарап тұрған адам, яғни өлген кісі. Жарайды...
Қазақтардың таным-түсінігінде жеті санының алар орны ерекше. Жер жүзін мекендеген халықтың көбісі, соның ішінде қазақтар ерте кезден-ақ жеті санында сиқырлы күш бар деп санаған. Біздің ата-бабаларымыз жеті санын өте ерекше қастерлеген. Бұл тұрмыс-салтымыздан да оңай аңғарылады. Құранда «жұмақ» сөзі 77 рет айтылған. Адамдардың 7, 77, 777 сандарын неге жақсы көруінің төркіні қайда жатыр.
Сонымен бірге қазақта жеті ата, жеті қазына деген секілді ұғымдар да бар. Енді, әлгінде айтқандай, сан-саққа жүгіртіп, басқа сандарды қозғамай-ақ қояйық. Сандардың осындай қасиеттері мен жұмбақтарын адам тағдырымен байланыстыра тарқататын нумерология ғылымы бар. Ал, оның ақиқатпен қаншалықты қабысатынын әркім өзі сараптай берсін.
Мен айтпақ болған негізгі ойыма енді жеттім.
Сифрлар тарихы туралы деректерге қарап отырсам, есепті Мысыр елі, үнді, қытай секілді халықтардың ойлап тапқаны байқалады. Сонда біздің халқымыз ештеңе есептемеген бе? Ендеше «есепті дос айрылмас» деген пәлсапа қайдан шыққан?
Ал, қазақтың тоғызқұмалақ ойыны ше? Бүгінде бұл ойынның терең сырын білетін аталарымыз жоқ. Мәселен, тоғызқұмалақ тақталарының «көзтимес», «құлақ естімес», «көкпен үндес», «үндемес» деген атауларға бөлінетінін бүгінгі ойыншылар білсе керек. Баяғы аталарымыз «көзтимес» тақтасы арқылы жаратылыс сырына бойлай білген, «құлақ естімеспен» маусымды, амалды, жыл қайыруды білетін ойыншылар ойнаған, «көкпен үндесте» аты айтып тұрғандай жұлдыздар сырын білетіндер ойнаған және ойын арқылы жұлдыз сырларын аша түскен. Ал, «үндемес» – қарапайым тақта, бұл тақтада есепке жүйрік, бірақ басқамен шаруасы жоқ кісілер ойнаған. Біздің бүгінгі чемпиондарымыз шамамен осы «үндеместің» үстінде жүрген сыңайлы.
Тоғызқұмалақ ойыны тәуелсіздік алған жылдардан кейін ғана спорт түрі ретінде арнайы есепке алынды. Кейін оның стратегиялық, тактикалық әдістерін компьютерлік бағдарламаға енгізбек болғандар бұл ойынның шахматтан да күрделі екенін болжап, таңғалысқан.
Ұлы даланың бір қыры осы – тоғызқұмалақ.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» аталатын бағдарламалық мақаласында түп тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңілуге үндеді. «Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл – жай ғана әдемі афоризм емес» – деді.
Демек, барлық құбылыс пен оқиғалардың өлшемінде қазақ халқы өз орнын даралай білген ерекше дарынды ұлт болған. Біздің әрбіріміз ұлт тарихын бойға сіңірген кезден бастап, ұлы санаға бойлап, ұстынымызға көше бастамақпыз.
Мұның алғышартының бірі – ұрпақ тәрбиесі екендігі талассыз.
Әңгіме осыған келгенде тоғызқұмалақ ойынымен әлемдік деңгейде танылып жүрген Әсел Дәлиева секілді өрендерімізді ойлап, «ата қасиеті жұға бастаған» ұрпағымыздың өсіп келе жатқанына шүкірлік етемін.
Әзірге – осы.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.