Чарлидің жан сыры

Ағылшын-американ киноактері, 20-ғасырдың талантты тұлғасы Чарли Чаплин есімін бәріміз де білетін шығармыз. Бала күнімізде «мылқау кино» десе, ішер асымызды жерге қоятынбыз. Мен Чап­лин ойнайтын дыбыссыз фильмдерді көруге әлі күнге дейін құмармын. Ол көбіне қайыршының ролін сомдайды, өйткені өзі де тұрмыс қиындығын көрген, жетімдік тартқан, көшеде газет сатқан, жұрттың аяқкиімін сүртіп ақша тапқан. Ол ойнайтын «Түнгі қаланың оттары», «Ганконгтан келген ханым» секілді фильмдер қандай тамаша десеңізші! Осы сатира жанрының кейбір актерлері сөйлеп жүріп те күлдіре алмайды, ал, дыбыссыз фильмдердің басты қаһарманы ымдап жүріп-ақ ішек-сілеңді қатырады.
Алайда, біздің негізгі айт­пағымыз басқа сөз. Жақында ескі әдетіммен әлеуметтік желі­­­­лерден Чаплин киноларын іздеп отырып, тосын дерекке кездестім. Чаплин актер ғана емес, үлкен психолог, керемет жазушы да  болыпты. Сонымен бірге әлгі танымал желі Чаплиннің қызына жазған хатын да жариялаған екен...
Сол хатты сіздер де оқып көріңіздер.
***
 Қызым менің! Джеральдина!
Сен менен алыстасың. Бірақ бейнең жұмыс үстелім мен жүрегімнің бір түкпірінде сақтаулы. Сенің бейнеңді көз алдыма елестете алмаған сәтімде соқыр болып қалайын. Қазір сен Парижде, атақты Елисей алқабы театрындағы сахнада билеп жүрсің...
Мен сенің мерекелік спек­­такльде татар ханының тұт­қынына түскен парсы ­сұ­луы­ның рөлін сомдап жат­қаныңды елестетем. Әдемі бол, билей түс! Жұлдыз болып жарқыра. Алайда, халықтың қошеметі мен алғысына мас­танба! Егер жұрт сыйлаған гүлдердің хош иісіне басың айналса, менің хатымды оқы.  
Кейде құлағыма адам­дардың: «Анау қызды көр­діңдер ме? Ол атақты кино­актердің қызы ғой. Естеріңде ме, оны Чарли деп атайтын» деген дауыстары естіледі. Иә, мен – атақты актермін! Ендігі кезек сенікі. Биле! Мен жыртық шалбармен билегенмін, сен болсаң жібек көйлекті ханшайым кейпінде билейсің! Көрер­меннің қуана қол соғуы сені көкке ұшыруы мүмкін. Ұш, қалықта! Алайда, жерге түсуді де ұмытпа. Суық пен аштықтан дірілдеген «көше бишілерінің» өміріне бір сәт назар салып қара. Себебі, мен де солар сияқты болғанмын.
Кішкентай кезіңде кереует жанында отырып, саған ертегі айтатынымды білесің бе? Алыста қалған сол түндерде саған көп ертегі айттым, бірақ өз ертегімді ешқашан айтқан емеспін. Шын мәнінде өзім туралы ертегі де қызық еді. Ол ертек өзегіне нәр іздеген өнер адамының Лондон көше­ле­рінде ән айтып, би билеп, қайыр сұрап күн көргені туралы болатын. Мен аштықтың, баспанаң болмаудың не екенін жақсы білемін. Сонымен бірге өте тәкаппар болдым. Әрлі-берлі өткен адамдардың тас­тап кеткен тиындары менің сол тәкаппарлығымның күл-талқанын шығаратын.  
Чаплин деген фамилиям­мен қырық жылдан астам уақыт жер бетіндегі адамдарға күлкі сыйладым. Бірақ сол адамдардың күлкілерімен са­лыс­тырғанда, өзім көбірек жылаппын.
Джеральдина, сен өмір сүріп жатқан әлемде би мен музыка ғана бар деп ойлама. Түн ортасында үлкен залдан шыққанда өнеріңе бас иетін қалтасы қалың адамдарды ұмытып кетуің мүмкін, алайда өзіңді үйіңе апарып салатын көлік жүргізушісінен оның әйелі туралы сұрауды ұмытушы болма. Егер оның әйелінің аяғы ауыр болса, жарық дүние есігін енді ғана ашатын сәбиіне жаялық алатын ақшасы жоқ болса, оған ақша бер.
Ара-тұра метроға, авто­бусқа отыр. Жаяу жүріп, қаланы арала. Айналаңдағы адамдарға қара. Жетімдер мен жесірлерге көз қырыңды сал. Тым болмағанда күніне бір рет «мен де дәл солар сияқты адаммын» деген сөзді қайталап айт. Шынымен де, сен солардың бірі ғанасың, қызым!
Егер күндердің күнінде өзіңді елден ерекпін деп ойласаң, сахнаны таста да Париж маңындағы алаңға бар. Мен ол жерді жақсы білем. Ол жерден сен дәл өзің сияқты, тіпті өзіңнен де әдемі, өзіңнен де тәкаппар бишілерді көресің. Оларға анықтап қарап ал. Мүмкін олар сенен де жақсырақ билейтін шығар?! Мойындай біл, қызым! Қашан да сенен де артық билеп, сенен де артық ойнайтын адам табылатынын ұмытпа. Тағы бір нәрсені есіңнен шығарма: біздің отбасымызда ешқашан Сена өзені бойында қайыр сұрап отырған бейбақтарға күле қарайтын дөрекі адам болған емес.
Мен өлем, бірақ сен өмір сүретін боласың. Мен сенің таршылық көргеніңді қала­май­мын. Алайда, қо­лың­дағы екі франкті жұмсағанда үшінші франктің сенікі емес екендігін есіңнен шығарма. Ол ақша мұқтаж бейтаныс адамдікі бо­луға тиісті. Ал көмекке мұқ­таж адамды оңай-ақ тауып аласың.
Жүрегіңді алтын мен бағалы әшекей бұйымдарға сатпа. Әлдекімді жақсы көріп қалатын кезің де келеді. Егер жақсы көрсең, ол адамды шын жүрегіңмен жақсы көр.  
Жұмысың ауыр, түсінем… Билеген сәтте сенің тәнің жібек матаның кішкене бөлі­гі­мен ғана жабулы. Өнер үшін сахнаға жалаңаш шығуға да болады, алайда үйге киінген қалпыңда және жаның таза күйде қайтуың керек. Мен қартайдым, айтқан сөздерім күлкілі болып көрінуі мүмкін. Бірақ айтпауға тағы болмайды: тәніңді емес, жаныңды жақсы көретін адамды тап. Қазір менің ойларыммен келіс­пейтін де шығарсың. Ата-ана мен бала үнемі «жекпе-жекте» жүретінін білемін. Менімен, менің ойларыммен «соғыс», қызым! Мен жеке көзқарасы жоқ, көнгіш балаларды ұнатпаймын.
 Ерте ме, кеш пе, әкеңді жер қойнына тапсырарсың. Уақыт өте келе өз бейнеңнен менің бейнемді көре бастайсың. Себебі, сенің тұла-бойыңда менің қаным ағыстап жатыр.  
Мен періште болған емес­пін, бірақ қашан да адам болып қалуға тырыстым. Сен де сөйт…
Бетіңнен сүйдім, әкең  Чарли.
Желтоқсан. 1965 жыл.
***
Осы хатты оқып шықтым да, көшіре бастадым. Өйткені ол маған ұнады, ойлантты.
Джеральдина атақты адам­ның қызы, бүтін отбасының мүшесі болғандықтан тұрмыс тауқыметін көрмеген. Сон­дықтан ой-шұқыры көп тір­лікте аяғын жаза баспасын деп әкесі үнемі оған осындай ақылын әкелік сезіммен сыр қылып шерткен.  
Біз, әкелер, балаларымызға дәл осындай ақыл айтып жүрміз бе?

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
ЖАРНАМА 26 ақпан 2019 г. 1 261 0