БІЗ «КӨРМЕЙТІН» «ҚАЗАҚФИЛЬМ»

«Айка»: 

адамзат арпалысы

Самал Есләмоваға Канн кинофестивалінің жүлдесін бұйыртқан «Айка» – Қызыл­ордада. Аяқталмаған өндірістік нұсқасымен-ақ жеңімпаз атан­ған «Айканың» елге өзінен бұрын атағы жетті. Киноны көрдік, көңілге көп ой түйдік. Самал «Ең үздік әйел рөлі» атағын алса,  алғандай екен.

Фильмде бір ұлттың емес, адамзаттың арпалысы бар. Самалдың жарқ еткен отты жанарындағы мұң мен тазалық фильм басталғаннан-ақ жан­дү­ниеңді дір еткізеді. Жат жерде жалданып ғұмыр кешкен қырғыз қызының жанталас ғұмыры бар әр минутты ол шынайы сомдаған.

Режиссер Сергей Дворцевой кино түсіру үшін Мәскеуге жұмыс іздеп барған қырғыз әйелдері туралы ақпа­ратты негізге алыпты. Статистикаға сенсек, бұл қала­да 250-ден астам ана өмір ауырт­па­лығын жеңе алмай, сәбиін перзентханаға тастап кеткен. «Айка» – қорғансыз бен оны қанаушы таптың арасындағы арпалыс, әйелді бірде әрі, бірде бері итеріп, әбден сілкі­леген өмір туралы. Иті мен мысығының үстінен шыбын ұшырмай, күшіктеріне дейін қаңғытпайтын қала тұрғын­дарының адамға көз қиығын да салмауы, «күл болмасаң, бүл бол» деген көзқарасы бүкіл әлемде бар жағдай. Фильмде бір тарапта – мысық, күшіктің қамын ойлап шыр-пыры шыққан байшыкештер, бір тарапта сәбиінен қашқан қорғансыз әйел бейнеленген. Бұл – адамдық қасиеттен алыстаған, тасбауыр, шарасыздың шырылын естігісі келмейтін бүгінгі қоғам бейнесі. Айканың әйел мен ер аралас тұратын лас хостельде қызғалдақты жек көретіні, ветеринариялық орталықтағы еден жуушы бірер күнге жұмы­сын тапсырғанда қуанған сәті, қар үстінен мұз теруі, баласын босанған күннің ертесіне құс тазалайтын жұмысына асығып, қашып кетуі – тірі жанның жанталасы. Бұл – бұрын өтіп кеткен жағдай емес, біздің заман, бүгінгі өмір. Сырттай салтанатты, сәнді қаланың сыры.

Фильмде есіңнен кетпейтіні Айканың таза әрі мұңды көзі деп едік қой. Басты кейіпкер 6 жыл бойы түсірілген фильм үшін аз еңбек сіңірмепті. Айка образы үшін Қырғызстанда бірнеше ай тұрып көрген. Фильмнің көп картинасы Мәс­кеудің аяқты қаритын қары мен суық жаңбырында түсірілген.

Самал Есләмова қазір – 35 жаста. Пет­ропавлда дүниеге келіп, 19 жасында алғаш рет Сергей Дворцевойдың «Тюльпанына» түскен. Режиссер психологиялық ауыр фильм «Айкадағы» басты рольге бірден Самалды бекіту туралы ойлағанын айтыпты. Өйткені актриса әр сәтті сезініп ойнамаса, көрерменді сендіру мүмкін емес. Ал ол қазақ қызының қабілетіне, нәзік те ұяң болмысының астарындағы шыдамды, қайсар мінезіне сенген. Қыстың ақ қар, көк мұзына қарамай жанкешті еңбек етудің нәтижесі белгілі. Самалға бұл роль әлемге әйгілі Канн кино­фестивалінің жүлдесін ала келді. Ал «Айка» «Оскар» сый­лығына үміткер тоғыз фильмнің қатарына енді.

Бұл фильм соңғы уақытта тек комедияға бейімделген көрермен санасына ауыр соққы екені рас. Кинотеатрдан бұрынғыдай не болса соған күле бермей, көргеніңнің бүгінгі қоғам екеніне сене алмай, есеңгіреп шығасың. Бірақ, бір қызығы, біз барған күні залда төрт-ақ адам болды. Көрерменнің аз болуын «Айканың» күніне тек бір рет, түстен кейінгі жұмыс уақы­тына қойылуынан болар дедік. Әйтпесе, әншілердің комедия киносы, фэнтези-қияли фильмдері шықса, бос орын таппайтын залда 4 адамның отыруы қызық көрінді. Әлде бұл көрерменнің талғамы мен таңдауы тек комедия жан­рын­дағы фильмдерге түсе­тінінің белгісі ме? Өткен жылы «Әміре» фильміне бар­ғанымызда да, көрерменді сау­сақпан санап алғанбыз...

Олар түсіре алмайды, 

не біз көрмейміз

Бізде киноға қатысты сөз қозғалса, қалайда бір сын айтылады. «Неге орыстар секілді түсірмейді», «мына тұрған өзбек пен қырғыз сияқты да фильм жасау қолымыздан келмейді» деп әлдекімді кінәлаймыз да жүреміз. Шындығында, олар жақсы кино түсірмейді не біз өзіміздің киноны көрмейміз. Жуырда «Қазақфильмге» байланысты сын айтқан вайнер жігіттің сөзінен кейін қазақ фильмдері туралы жиі сөз қозғалды. Бұған қатысты кинорежиссер, драматург Сатыбалды Нарымбетов былай деген еді: «Вайнер жігіт» «Қазақфильмнің» соңғы туындыларын көрмесе, оған кім кінәлі? Бармаған, көрмеген өзі кінәлі! Біздің жас режиссерлеріміз халықаралық кинофестивальдардан абыройлы жүлделер әкеліп жатқан­да­рынан бейхабар болса, тағы да осы «вайнер» жігіттің өзі кінәлі».

Саралап көрсек, сөзінің жаны бар. Былтыр қазақ киносына 50-ге жуық фильм қосылса, оның 13-і «Қазақ­фильм» киностудиясына тие­сілі. Қалғаны жеке киностудия­ларда дайындалған, сапасыз, мағынасыз фильмдердің көбі де сонда. Ал көпшілік мұның бәрін «Қазақфильм» түсірген деп ойлайды. Айталық, сіз соңғы уақытта тарихқа, тарихи тұлғаларға қатысты «Қазақ­фильмнің» қандай фильмдерін көрдіңіз?

Өткен жылы бұл киностудия «Қазақ хандығы. Алтын тақ» (реж. Р.Әбдіраш)  және «Елбасы жолы. Астана» (реж. А.Сатаев) тарихи картиналарын, «Шы­ңы­рау» фи­ло­софиялық драмасын (реж. Жәнібек Жетіруов), «Шы­рақ­шы» драмасын (реж. Ермек Тұрсынов), «Аруақ» моно-фильмін (реж. Қуат Ахметов), «Балуан Шолақ» био­гра­фиялық фильмін (реж. Нұргелді Садығұлов), «Қыз бен теңіз» әлеуметтік драмасын (реж. А.Заиров пен М.Мамырбеков), «Саташ» вестернін (реж. Төлеген Байтөкенов), «Түн құдайы» фан­тастикалық фильмін (реж. Әділхан Ержанов), «Тренинг личностного роста» драмасын (реж. Фархат Шарипов), «Талан» тарихи фильмін (реж. Болат Қалымбетов), «Өзен» драмасын (реж. Эмор Байғазин), Қазақстан-Қытай бірлескен киножобасы «Композитор» фильмдерін түсірген. Балаларға арналған «Мұзбалақ» пен «Күлтегін» мультфильмдері жарыққа шыққан.

Тарихи тұлғалардың образы қалыптаса бастады. Айталық, өткен жылы «Тар заман», «Кейкі мерген» атты екі бірдей сериал ұлттық арнада көрермен назарына ұсынылды.

Біз осылардың қайсысына назар салып, балалар мен қатарластарымызға көруге кеңес бердік? «Бизнес по-казахский в Америке», «Ұлы дала комедиясы», «Брат или брак» комедиялары шықса, бала-шағасын ертіп, бармай қоймайтын ата-аналар мен жастар тарихи фильмді неге қарамайды? 

Тақырыптың тоқетері. Біздегі киноның мәселесі кітап оқу жағдайына ұқсас. Екеуі де «мидың қорегі». Кітаптың пайдасын білсе де, оқуға ерінетіндер көп. Дәл солай, тарихи, мағыналы фильм­ге қарағанда, миға ауырлық салмай, күліп отыратын комедия көруге қолайлы. «Ойланайық» емес, «ойна да күл» деген ұстанымдамыз. Ендеше, «Тар заман», «Кейкі мергенді» көрмей тұрып, қазақ киносына жапатармағай сын айту орынсыз.

Қазақ актрисалары әлемге әйгілі, халықаралық Канн кинофестивалінің жүлдесін күнде алып жүрген жоқ. «Айка» – бүгінгі күннің шындығы. Бұл фильмге бүкіл әлем назарын аударып жатқанда, біздің жастар неге көрмейді?

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

ЖАРНАМА 23 ақпан 2019 г. 2 923 0