Тентекті тезге салудың тетігі қандай?

Жақында барлық әлеуметтік желілерді кезіп шыққан бейнежазбаны – балалардың өз қатарластарын аяусыз тепкілегенін ел түгел көрді. Осы әрекетке құқық қорғау органдарынан бастап, педагогтар, психологтар баға берді. Аяусыздық, қаталдық, мейірімсіздік... Бұл келеңсіздіктер басқа емес бесіктен белі шықпаған балалардың бойынан кезіккені жан түршіктіреді.
Бейнежазбаны желіге бай­­ланған қауым да жеріне жет­­кізіп талқылады. Бірі –  ата-анаға, бірі – мектепке, бірі қоғамға кінә артты. Енді біреулер «мұндай төбелестер бұрын да болған, бола да береді» деп шорт кесті. Біз «бұғанасы бекімеген жас­та­ғылардың  бір-бірін қаты­гез­дікпен тепкілеуіне, жаны ашы­мауына не себеп?» деген сауалды жан-жаққа жол­­дадық. Қоғамның сан са­ла­­сында еңбек ететін аза­мат­­тардың пікірі де әр алуан бо­лып шықты.
Сұрағымызға бірінші болып Қазалы ауданы Ү.Түкті­баев атындағы ауылдағы «Орынбет ишан» мешітінің имамы, Мүсірәлі бабаның ұр­пағы Ғабдулла Ізат жауап берді.
– Қайбір жылы жастардың топтасып төбелесуі, әсіресе ауыл-ауыл боп қырқысу оқи­ғасымен бетпе-бет келген едім. Жағдайдың ушыққаны сондай көрші ауылдан келген жігіттер көшеде кезіккен адамды, осы ауылдыкі бол­ғаны үшін ғана әй-шәй жоқ соққыға жыққан. Мұндайда ауыл имамы ретінде де, азамат ретінде де жігіттерге тоқтау айтуым керек болды. «Қоғамдық ахуалды ауыл әкімі, тәртіпті учаскелік полиция қадағалау керек» деп, қол қусырып отыруға дәтім шыдамады. Ауылымда мұндай келеңсіздіктің орын алуы маған да сын деп қабылдадым. Бір-бірін түтіп жеуге  дайын тұрған топтың ортасына аталы сөз айту үшін бардым. Даудың басы – екі адамның арасындағы түсініспеушілік, соңы – осы жағдайға ұлас­қан екен. Қос тарап мән-жай­ды ұғып, бір-бірінен ке­ші­рім сұрап тарқасты. Құрбан айттың қарсаңы еді, жігіттерге «күштеріңді кілемде сынаңдар, айт намазынан соң қазақша күрестен жарыс өткіземін» деп хабарладым. Балуандар бәсекесі тартысты өтіп, демеушілер жүлдегерлерге сыйлық тапсырды,– деді ол.
Өткен жылдың соңында Қазалыға іссапарға барғанымызда Ғабдулла имам ұйымдастырған игі шараның үстінен түскен едік. Түктібаев атындағы ауылға қоңсылас жатқан елді мекендердегі отбасылар арасында сайысқа бас­тамашы болып, ата дәс­түрі, сыйластық, отбасы құн­ды­лығын ұқтыратын шара өткізді.
– Жасөспірімдердің бір-біріне әлімжеттік жасауы­на келсек, ел  тентексіз бол­май­­тынын білесіз. Тек сол тентекті уақытында тезге салып отыру, түсіндіру жағы жетіспей ме деймін. Үлкеннің кішіге күш көрсету оқиғасы орын алғанда алдымен екі жақты жинап, әлімжеттіктің адамгершілікке жат тұстарын түсіндірген абзал. Заң алдындағы жауап­кершіліктерін,  бір таяқ­тың бата, бір таяқтың қате тиетінін, шариғатта да мұндай тәртіпсіздіктің құпталмай­тынын айту ләзім, – деді имам.  
Үлкенді сыйлаудың, кішіге ізет көрсетудің заманалардан үзілмей жеткен жібек желісі туралы тәлімді әңгімелерді жастардың құлағына сіңіре бергеннің де зияны жоқ. Соның бірін Ғабдулла имамнан естіген едім. Түрік патшасы Мехмет сұлтанның баласы ұстазын сыйламай, айтқанын тыңдамай қойыпты. Баласының зердесіне тоқығанын тексеретін уақыт таяп қалғанда, ұстаз бар жағдайды патшаға жайып салып, ертесіне кездесуге келісіп тарқасқан.
Алдын ала ойласып Мехмет патша сабақ үстіне рұқсат сұрамастан кіріп барыпты. Сонда ұстаз жарты әлемді билеген Османлының билеушісіне дәрісханаға рұқсатсыз кіргені үшін  шығар есікті көрсетіпті. Патша өзінің жөнсіздігін түсініп, еш уәж айтпапты. Қайтадан есік қағып, рұқсат сұрап келген жұмысын баяндапты.  Көз алдында болған оқиғадан сабақ алған сұлтанның баласы сол сәттен бастап ұстазының алдын кеспепті дейді.
Осындай тағылымды әңгімелерді таразылағанда,  «балаңды ақыл айтып емес, үлгі көрсетіп тәрбиеле» дейтін ұстанымның дұрыстығына көз жеткізесіз.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
"Сыр бойы".
ЖАРНАМА 31 қаңтар 2019 г. 896 0