САУДАЛЫ СЕРТИФИКАТ: БІЛІМ МЕН БІЛІКТІЛІК ҚАЛАЙ БАҒАЛАНУДА?

Қазіргі нарық заманында жасыратыны жоқ,  әуелгі орында ақша тұрады. Оны әркім әрқалай жолмен табады. Әсіресе, орта білім беру саласында да ақша табудың амалын тапқандар қатары көбейді. Ол қалай дейсіздер ғой?

Педагогтардан құралған арнайы мекемелер ұстаздарға төсбелгілер мен сертификаттар береді. Тек мұғалімнің санаты мен еңбек өтілі жетсе болғаны. Кейбірінің арнайы журналдары бар. Оған жазылып, материалдарын ұсынып отырады. Бірақ марапат тегін берілмейді. Өз қалталарынан қаржы шығарып, талаптарын орындауы керек. Сол кезде ғана түрлі номинация мен төсбелгі иегері боласыз да шығасыз. Онсыз да мардымсыз жалақымен күн көріп жүрген ұстаздар үшін бұл  тым ауыр. Дегенмен, алуға мәжбүр. Өйткені, мұндай сертификаттар мен медальдар олардың категория алуына әсерін тигізеді. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен мұндай орталықтардың атынан шатасасың. Берген сертификаттары мен орталықтың атаулары да әжептәуір, кейбірінің атынан ат үркетіндей.

Өкінішке орай, саудалы сертификат оқушыларды да айналып өтпеді. Қазір оқушылар арасындағы пәндік байқаулардың бірсыпырасы ақылы. Қандай да бір сайысқа қатысқыңыз келсе, бұрынғыдай жол жүріп шаршамайсыз. Себебі, олардың көпшілігі электронды түрде жүргізіліп келеді. Алдымен ақысын төлеп, қатысатын оқушы жайлы және байқауға қатысты мәліметтерді дайындап, интернет арқылы жіберсе жетіп жатыр. Нәтижесінде жүлделі орын алмаған жағдайдың өзінде, әйтеуір бір номинациямен марпатталады. Ал, жүлделі орындардың бірі қажет болса, қосымша ақы төлетеді. Бұл ретте, бір тапсырыс көлемінде бірден  5 немесе одан көп оқушы дайындаған пән мұғалімдері де алғыс хатсыз қалмайды. Байқау ақылы болғандықтан ынтаңыз зор болса да, қалтаңыз көтермесе қатыса алмайсыз.  Ең ұнамсыз тұсы – ақша жүрген жерде орындар да саудаға түсетіні анық. Бір таңқаларлығы, бүгінгі күні мұндай  жарыстарға деген оқушылардың ынтасы басым. Бірақ айналып келгенде барлық салмақ ата-анаға келіп түседі. Қарызданып қауғаланса да, баласының жұрттан қалмай қатысқанын жақсы көріп, соңғы тиынына дейін беретіні бәріне шындық. Баласының қалауын орындағанды қай ата-ана жек көрсін?


БҰЛ ЖАЙЫНДА...


Гүлнәр ҚЫПШАҚБАЕВА,

 ата-ана.

 – Менің екі қызым бар. Бірі 9-сыныпта, екіншісі 7-сыныпта оқиды. Сабақтары үздік. Электронды, онлайн түрде жүретін сайыстардан қалыс қалған емес. Шыны керек, барлық ата-ана балаларын қатыстыра алмайды. Өйткені, ақшасы тәп-тәуір  қалтаға салмақ. Ең төмені 500 теңге, жоғарысы 5000 теңге төлеп қатысады. Қатарынан қалмай қатысқанын қалаймын. Бірақ, менің ойымша, мұндай жарыстардың қажеті жоқ секілді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларында қаншама талантты бала бар. Сондай-ақ,  бір үйден бірнеше бала оқиды. Ата-аналары олардың бәріне бірдей ақша тауып бере алмайды. Сондықтан оқушылардың арасында теңсіздік тудырмаған жөн.


  Қарлығаш АҚЫШЕВА,

 “Дарын” облыстық қосымша білім беру орталығының директоры.


– Білім орталықтарынан қатынас қағазы келеді. Оны мектептерге жіберіп отырамыз. Бірақ мәжбүрлік жоқ. Барлығына бірдей қатысуға міндетті емес. Мұғалімдердің де, ұстаздардың да өз еркі. Ақылы түрде болатын байқауларға қарсымын. Өзіме келген қоғамдық қорларды көбіне саралаймын. Менің ойымша, ең бірінші ондай қорлардың оқушылар мен мұғалімдерге беретін пайдасын ойлауымыз керек. Тиімсіз болса, босқа уақыт шығындаудың қажеті жоқ. Қазіргі уақытта өзіңіз айтқандай сертификат пен медальге бай орталықтар көп. Олардан алғанды өзіңіз бен сатқан адам ғана біледі.Егер өзгелер сенің еңбегіңнің еленгенін көрмесе, ұжымыңыз куә болмаса оның қажеті қанша? Одан ұстаздың мәртебесі көтерілмейді. Ондай дүниеге маңдай теріңмен, қажырлы еңбегіңмен жеткен дұрыс.


Жасұлан АЙТЖАНОВ,

Арал ауданы, Ж.Әбдірәшов атындағы №62 мектеп-лицейінің директоры.



– Түрлі бағыттағы байқауларға байланысты қатынас қағазының келетіні жасырын емес. Алайда, “сен қатыссаң да қатысасың, қатыспасаң да қатысасың” деп зорлық жасамаймыз. Өйткені, қаржы әркімнің өз қалтасынан шығады. Ақысын төлей алатындар қатысып жатады. Біз тек оқушы мен мұғалімге байқау жайлы ақпарат береміз. Бұл мұғалімдердің категория алатын уақытында өз ықпалын тигізеді. Бір жағынан мұндай байқаулар керек. Олай дейтінім, баланың шығармашылық қабілетін дамытады.


Меруерт ӘЙТЕНОВА, 

“Қазақстан Ұстаздары” қоғамының Бас хатшысы.


Өздеріңіз білетіндей, ұстаздардың мемлекеттік марапатты иеленуі сирек. Көптеген ұстаздарымыз педагогикалық еңбек өтілінде бірде-бір мәрте марапат алмай зейнетке жетеді. Сол себепті де қоғамдық марапаттар қоғамның талабынан туындап отыр. Егер бұл қажет болмаса сұраныс болмас еді. Қандай қоғамдық ұйым болмасын мемлекеттің қатаң назарында және олар нақты жұмыстарымен халықтың, ұстаздың сұранысына ие болып, талапқа сай жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, “Қазақстан ұстазы” медалі және төсбелгілерімен қоғамның ресми өкілдері, мемлекеттік және қоғамдық мекемелердің ұсыныстары бойынша жылына 3 мәрте (20 ақпан, 20 сәуір, 20 тамыз,) қоғам төрағасының бұйрығымен марапатталады. Біріншіден, республикалық және халықаралық олимпиадалардың авторлары атанған педагогтар марапатқа ұсынылады. Авторлық құқық куәлігінің иегері атануы үшін әр педагог сабақ беретін пәні бойынша 12 дәрежеден тұратын пәндік олимпиадаларға өзі құрастарған сұрақ-тапсырмаларын жіберуі қажет. Екіншіден, педагогикалық тәжірибесін зияткерлік технологияларды қолдана отырып еркін тарату мақсатында әр қоғам мүшесі өзінің сабақ беретін пәні бойынша түсірілген бейне материалдарын әзірлеп ұсынуы керек. Сондай-ақ, мониторинг жүргізіліп, ұстаздың авторлық еңбегі мемлекеттің білім ресурстарында сұранысқа ие болған жағдайда марапаттауға ұсыныс жасалады. Ұсыныс жасау үшін өтініш жазылып, авторлық құқық куәлігі тіркеледі. Авторлық құқық куәлігі 70-тен аса қатысушы автордың олимпиадасын таңдаған кезде беріледі. Педагогтың рейтингі қатысушылардың таңдауымен және құрастырған авторлық жұмысының сұранысқа ие болуымен анықталады. Сонымен қатар, ұсыныс “Қазақстан Ұстазы” қоғамының грантымен қаржыландырылады. Ұйымдастыру жарналары жиналмайды.


Түйін сөз. Иә, түрлі сертификат пен медаль бергіш мекемелер өздерінің алған қаржысын жарнапұлға жатқызады, яғни, мекеменің өзін өзі қаржыландыруы деп түсіндіреді. Дегенмен, бұл көңілге қонымсыз. Өйткені, қашықтықтан оқыту бойынша ұйымдастырылатын байқаулар 500-700 теңгенің аралығында болса, шығармашылық бағыттағы сайыстарға 1000-5000 теңге көлемінде ақы төлейсіз. Ал, біліктілігін арттыруға қатысып, тиісті білімді игерген  ұстаздар сертификатты 10000 теңгеге алады. Төсбелгі алғың келсе 14000-40000 теңгедей қаржың болу керек екен.

Жалпы білім мен біліктілікті пұлдау арқылы өсіп келе жатқан жастардың санасына “білімді сатып алуға болады” деген қасаң пікір қалыптастыратынымыз сөзсіз. Бізді алаңдататын да осы мәселе. Сондықтан қу құлқынның қамы үшін бір күндік өмірді ойлайтын мұндай мекемелерге тоқтам жасайтын уақыт келген секілді. Сіз қалай ойлайсыз?...


Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

“Сыр бойы”.

ЖАРНАМА 28 қаңтар 2019 г. 781 0