« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |
Халқымызда қолөнер ерте заманнан дамыған. Оның бірі – киіз басу өнері. Ата-бабамыз мал шаруашылығымен айналыса отырып, сол төрт түліктің еті мен сүтін ас-ауқатына жаратса, жүні мен терісін тұрмысқа қажетті бұйымдар үшін кәдеге асырған. Мысалы, қойдың жүнінен киіз үйге қажетті туырлық, үзік, түңлік және еденге төсейтін текемет, сырмақтар, тұсқа ілінетін тұскиіздер және қап түрлерін жасаған.
Айталық, бүгінде Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы қорында киізден жасалынған 267 бұйым сақтаулы. Олардың әрқайсысы әр кезеңдегі ел тарихының дәйегі, ұлттық мұрамыздың асыл құндылығы. Міне, өзіміз куә болып отырғандай, бүгін киізден жасалған бұйымдар тек туристер тамашалайтын таңсық затқа айналып барады. Оның себебі, уақыт ағымымен тұрмысқа тұтынатын киіз, текеметтердің орнын сәнді де сапалы түкті кілемдер басты.
Қоғамдағы кейбір тұрмыстық қажеттіліктер араға бірнеше жылдар салып, қайта оралып отырады. Айталық, кешегі 1991-1992 жылдары біздің өңірімізде киіз басу өнері қайта өріс алды. Оның себебі, сол жылдары ел экономикасындағы күрделі өзгерістер салдарынан елдің әлеуметтік жағдайы мәз емес болатын. Тұрмыстық бұйым түгілі, тамақ табудың өзі қиын еді. Осы тұста ауыл-ауылдағы көнекөз қарт аналар келіндеріне киіз басу әдісін үйретті. Кәдімгідей, күнара екі-үш үйде киіз басылып жататын. Жалпы алғанда, киіз басу барлық жерде бір тәсілмен орындалады. Алдымен, киіз басуға арналған ши немесе арнайы кенептен дайындалған алаша бетіне бірыңғай түсті жүн қалың әрі бір тегіс етіп салынады. Оның бетіне түрлі-түсті боялған жүннен ою түседі. Сонан соң бетіне ыстық су себіліп, шиге еппен оралады да, әрі-бері аунатып, нығыздалады. Бұдан әрі киіздің төрт бұрышын біріктіре, қарпу әдісі (жоғары көтеріп, қайта жерге ұрып, ширату) қолданылады. Яғни, қарпыған кезде киіздің бояуы кірігіп, өрнегі орнығып, жүні тығыздала түседі. Осыдан соң текеметті күн көзіне жайып қояды. Әбден кеуіп дайын болған соң төсеніш қылып тұтынады. Бұл төсеніштің ерекшелігі – астынан суық өткізбейтін жылылығы, сонымен бірге, сапасының мықтылығы, бірнеше жылдарға дейін қолданыла береді.
Ал текеметтің әдемі болуы оның бетіне салынған оюға байланысты, сондықтан ою жүргізетін шебердің ісмерлігіне аса мән беріледі. Тіпті, кейде бір ғана шебер бар үйдің киізіне түр салып береді десек те болады. Текеметті дайындауға бір күнге жуық уақыт кетеді. Сондықтан текемет басу барысында бір-біріне ене, келін, абысын болып келетін ауыл әйелдерінің басы қосылып, қазан көтеріп, көңіл шалқытқан әдемі кешке ұласып жатады.
...Алма ағаштың гүліндей-ай,
Текеметтің түріндей-ай.
Өтіп дәурен бара жатыр,
Сіз бен бізге білінбей-ай... Иә, сағынышты мұңға толы "Дедімай-ау" әнінің де осындай бір басқосуда шығуы ғажап емес.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, уақыт ағымымен кейбір қажеттіліктер қайта айналып келіп отырады. Оның бір мысалы, осы күні табиғи тоқыма киімдерге, жүн шұлықтарға сұраныс жоғары. Сондықтан күндердің күні киіз өнімдері тағы да қолданысқа еніп жатса, таң қалмаңыз.
Ғазиза ӘБІЛДА.
« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |