Адам жасын қалай ұзартпақ

Ғылым мен техникада ғаламат жаңалықтар ашылып жатыр. Жерді жүлгелеп, аспанға сапарлап кеттік. Ай Алматы, Марс Мәскеудей-ақ болып қалды.
Бірақ, ғылым адам бет-аузының қыртысын жазып, қызылын ойнатып әлек болса да, өмір жасын ұзарта алмай әуреленіп келе жатыр. Себебі, әр адамға Алла тағаланың өлшеп берген өз ғұмыры бар.
Мәселен, Раббымыздың Адам әлейки саламға 930, Нұх пайғамбарға 950, Ыдырыс пайғамбарға 360, Һұд пайғамбарға 150, Қожа Ахметке 125 жыл ғұмыр бергенін қасиетті кітаптардан білеміз. Бұған ешқандай ғылым жетістіктерінің қатысы жоқ.
Жақында ақпарат құрал­дарында испан ғалымдары адам өмірін 135 жылға дейін ұзартатын дәрі ойлап тапты деген хабар таралды. БАҚ-тардың айтуынша, Овьелдо университетінің қызметкерлері адамды қартайтатын ағзадағы ауруларды жойып жіберудің мүмкіндігін ашыпты. Мұны ұзақ жасаудан дәмелі «Москва-24» телеарнасы да қуана айтып, «енді тек дәріні жетілдіре түсу керек» деп жар салды.
Сонда бұлардың еш­қай­сысы да адам өмірінің шегі Алланың ықтиярында дегенді қаперге алмағаны ма?..
«Әрбір үммет үшін бір ажал бар. Қашан олардың белгілі мерзімі келсе, бір сәтке кешіктірілмейді де, ілгері­ле­тілмейді де» дейтін Құран аяттарынан құр қалған бұл адамдарға не айтсақ болады?
Бұл да бір жәй сөз секілді болып қалады, мына жаңа­лық­тың жанында.
Қазіргі заманның ға­лым­дары күн ғаламшарының жасы 13 миллиард жылға есептелген деп санайды. Ол бүгінде өз өмірінің 5 миллиард жылдан астамын артта қалдырыпты. Күннің сөнуі үшін әлі 8 миллиардтай жыл бар дейді.  
О, тоба! Теңіздің астында не бар, не жоғын біліп тауыса алмай жүрген ғылым аспан шам­шырағының қанша уақыт жанып тұратынын қалай дәл айтады, ә?
Баяғыда бір батыр соғысқа кетіп бара жатып, бір молдаға: «маған оқ өтпейтін дұға оқып беріңіз» депті. Сонда молда біраз күбірлеп отырып, «соғыстан аман-сау келесің» деп шығарып салады. Мұны естіп отырған немересі атасынан:
– Сіздің дұғаңыз қалай қалқан болады? – деп сұраса керек.
Шын мәнінде оқ пен оттан қорғайтын дұғалар бар. Бірақ молдекең шаласауаттылау болса керек. Сонда ол немересіне:
– Балам, бұл батыр өлмесе «ата, әулие екенсіз» деп алдыма келер, өлсе, «маған өлмейсің дегенің қайда» деп келе қоймас, – деген екен.
Ғалымдардың осындай бол­­жамдарын естігенде «рас-ау, сегіз миллиард жылдан соң бұлардың қатесін кім шы­ғар­сын» деген ойға шомамын.
Бірақ бұлар мына әңгімені білер деймісің:
... Бірде Мұхаммед пай­ғам­бар Жәбірейіл періштеден:
– Екеуміздің қайсымыз үлкенбіз? – деп сұрайды.
– Кеңістікте бір жарық жұл­дыз бар. Отыз мың жылда бір-ақ рет көрінеді. Мен сол жұлдыздың отыз мың мәрте шық­қанын көрдім, – дейді Жәбірейіл әлейкі салам.
– Ол жұлдыз менің нұрым еді, – дейді Мұхаммед, – Хақ тағала жаратқан соң менің нұрым кеңістікті елу мың мәрте айналып шықты. Әуелі менің нұрым жаратылып, кейін бүкіл жаратылыс пайда болды. Олай болса, мен үлкенмін.
Пайғамбарымыз осылай деген. Яғни, Мұхаммед нұры­ның жаратылғанына 1 миллиард 500 миллион жыл, өзге дүниенің жаратылғанына ша­мамен 900 миллион жыл өткен. Ал, нұрдың кеңістікте ке­мел­денуіне 600 миллион жыл уақыт керек болған.
Дүниенің қашан жаралғаны туралы бас қатырып жүрген ғалымдар бүкіл өмірін жұл­дыз­дарға қарап мойнын созып өткізбей-ақ, Алла ғылымының ақиқатын білсе болады ғой.
Дегенмен, мен күн мен жердің жасын ұзартып айтқан ғалымдарға шынында ризамын. Қай жылы ақыр­заман келіп, қара басып қала жаздадық қой. Ол көріпкелдердің айтқаны еді.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
ЖАРНАМА 14 қаңтар 2019 г. 826 0