« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазақ қараша мен желтоқсанда мал байлап, соғым сояды. Әсіресе, жылқы етін аңсайтындар көп. Мал ұстағандардың көпшілігі ала жаздай соғымға деп арнайы бір-екі қарасын белгілеп қояды. Қыс қылаң бергенде жыға бастайды. Әр үйдің шамасына қарай соғымға түйе, жылқы, сиыр сияқты ірі мал соятыны белгілі. Көрпесіне қарай көсілетін, әсіресе, климаты қатал өңірде тұратын біздің халық қыста соғымсыз отырмайды. Мұртын майламаса да, ұртын толтырып жейтін ірі қараны жығып алуға тырысады.
Түнеукүні әріптесім Мұқағалиды ертіп мал базарға бардық. Бұл жігіттің көз ашқалы көргені көп, мал тани біледі. Ертіп жүруімнің басты себебі сол. Бір қызығы, түн қатып жұмыс істейтін мал базарын ішінде түйеден өзгенің бәрі бар екен. Жылқының жабағысынан бастап бестіге шыққаны, сиырдың баспағы мен тайөгізі, сауындысына дейін табасың. Ұсақ мал іздесеңіз де осы. Туша мен тоқтыдан бастап, серке мен қошқардың түр-түріне кезігесің. – Бағалары да сан алуан, 12 мың мен 50 мың теңгеге дейінгі түрін көрдік.
Қазір Қызылордада соғымдық жылқы малының құны 120 мен 350 мың аралығында. Бірді-екілі болмаса одан асып тұрған баға жоқ.
– Өткен жылмен салыстырғанда биылғы мал қарасы қандай? – деп сұрадық мұндағылардан.
– Көп емес. Әрине, ірі қара, оның ішінде жылқы сатып алушылар бар. Көбіне-көп екі-үш адам бірігіп сатып алады. Әр үй бір жылқыдан жығып алып, думандатып соғым соятын уақыт келмеске кетті ғой. – деп күлді «Бұлан» ЖШС мал базарының меңгерушісі Қылыш Күзембаев.
Ол мал басының бағаларына да тоқтап кетті.
Қылыш ағамыздың айтқан бағасы біз аралап көрген мал нарығымен тұп-тура келіп тұр. Бір жасар жылқы (тай) – 140-180 мың теңге, екі-үш жасар жылқы (құнан мен дөнен) – 200-220 мың теңге, ірі жылқы – 300-350 мыңның аралығында. Алты айлық баспағың – 80 мың десе, бір жасар тайынша –120-150 мың теңге, ірі сиыр 200 мың теңгеден жоғары. Бұзаулы сиырды алу үшін 250 мың теңгені түйіп беру керек.
Базардан қалаға жақын ауылдардан бөлек, шеткі аудандар – Арал мен Қазалыдан келген мал сатушыларды да байқадық. Біздегі жергілікті халық «агент» деп атап кеткен бұл сатушылар ауылдағы малды тікелей көзбен өлшеп, бір ауыз сөзбен бағалап, ақшасын қолыңа ұстатып кетеді. Мысалы, 1 жарым жасар тайыншаңды осындай болжаммен 100 мың теңгеге сұрайды. Қаражаттан қысылған ауыл халқы амалсыз «агент» айтқан бағаға келіседі. Келіспеске лаж жоқ, бір-бірінің аузына түкіргендей келесі мал алушы да осы бағаны ұсынады. Ал, базарда мұндай жастағы сиырға 140-150 мың сұрап тұр. Аралығы 30-40 мың теңге. Ауадан ақша істейтін осындай «агенттер» көп. Ал сойып сатса, тайыншаның 90 келі еті 1500 теңгеден өткізгеннің өзінде 135 мың тұрады. Бас-сирақ, өкпе-бауыр, ішек-қарынның өзін қаладағы жұрт жуып-тазалап, пұлға айналдырып отыр. Тікелей өткізу мен сойып сатудың аражігі осы. Шынтуайтқа келгенде шалғай аудан мен ауылдарда ет бағасы қаладан арзан. Қой мен жылқы еті – 1400-1500 теңге, сиыр еті – 1300-1400, ал түйе етінің бағасы – 1200 теңгеден аспайды.
Тағы бір жайт, базар басшылығының айтуынша, мал ұрлығының өршуіне байланысты мұнда ішкі істер қызметкерлері жиі рейд жүргізіп тұрады. Сондықтан толық болмаса да мұндағы мал сатушылардың 90 проценті құжаттарын дәлдікпен әкеледі. Малды тасымалдағанда иелері ветеринар дәрігерлердің тексерісінен өткізіп, қадағаланады. Аурудың табы болған жағдайда міндетті түрде ескертіліп, мал иесі алдын ала егу шараларына жүгінеді.
Біздің бір байқағанымыз, малын сатқысы келетіндер әлеуметтік желіде де белсенді. Интернет кеңістігінің мүмкіндігін бұл жақтығылар да еркін меңгерген. «maltabu.kz», «sogym.kz» сайты арқылы да желіде де жарнама жасап, өткізіп жүр. Қолға ұстау немесе соғымға байлар мал іздеген жұрт интернет арқылы да саудаласып жатады.
Айтпай кетпеуге болмайтын тағы бір нәрсе. Еттен бұрын малға тауып берер қысқы азығы қымбат болып тұр. Ал мал қоңдану үшін құнары жақсы жем-шөп керек. Арық малдың сыртынан елдің айналып өтетіні тағы анық. Бұл еттің қымбаттауына әбден себепкер. Биыл жоңышқаның бір бумасы 600 теңге сұрап тұр. Жай қауылдырықты пішеннің бумасы – 350, бау пішен 120-150 теңге. Ал жеміңе келер болсақ, бидайдың кебегінің қабы 1200 теңгеге шығып отыр. Бұл – әлі күзгі баға. Қыс ортасына таяу бұл қажеттінің бәрі қалтаға ауыр тиетіні айтпаса да белгілі. Бірақ, еттің бағасы қанша шарықтағанымен, халық ет жеудің ыңғайын табуға тырысады. Он екі жілікті түгел ала алмайтынын білетін жұрт, төрт-бес үй болып бірігеді. Осындай әдіске көшкен қаладағы ағайын қазір семіз байталды сойып алатын болған.
«Қонақ келсе, ет қызарар, ет қызармаса, бет қызарар» дейтін халықпыз. «Соғымың сүйкімді болсын» деп тілек айтып, туған-туыс, көрші-қолаң, дос-жаранды әндете аралап, қуырдаққа мелдектей тоятын «соғым басы» дейтін дәстүр менің бала кезімде көп болушы еді. Бүгінде байқалмайды. Дегенмен, соғым басын тойламаса да, тай мен тайыншаның етін кертіп жеп отырғандар баршылық.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |