АУЫЛЫМНЫҢ ТҮТІНІ ҚЫМБАТ МАҒАН

Ауылда туып, ауылда өстік. Сондықтан болар, қаланың қарбаласынан гөрі ауылдың бір сарынды баяу тірлігі жанымызға жақын. Ала жаздайғы аптап ыстығы,  шалғайыңнан жұлқылап, шашыңды ұйпа-тұйпа қылатын   "шатақ" желінің өзі қандай керемет?! Бәлкім, күлерсіз, көшеден көлік жүріп өткенде бұрқ ете қалатын шаңның иісі басқаларға қайдам, біз үшін бөлек. Әсіресе, күнде кешқұрым әр үйдің ауласында көңірсіп, ақшыл түтіні шұбатыла, ашқылтым иісі мұрынды жаратын түтіндікті айтсаңызшы...
 Кешкі қарбалас тірлік. Әне, қора  жақтан бұзаудың мөңірегені, оған жауап қатып, сиырдың еміренгені естіледі. Анамыз сиырларды сауып алып, бұзауларын босатты. Есік алдында екі ошақта от  жағулы. Бірінде тамақ, екіншісінде сүт пісіріліп жатыр. Оған қоса сексеуілдің шоғы салынған самаурын да ызылдап қайнап тұр. Әр үйдің есігінің алдында осындай көрініс. Әне, көрші апа тападағы нанын алып жатыр. Ал мына жақтағы көрші жеңгей киізүйдің түндігін жауып, есік алдындағы түтіндікті тұтатты. Ал анау келіншек әппақ шаңнан көзі ғана жылтырап, көшеде ойнап жүрген баласын жетектеп келеді. Енді бір ағамыз өрістен кеш қайтқан малдарын қарайлап жүр. Иә, күнде осылай, көршілер бір-бірін көріп отырады. Өйткені, үй-үйдің арасын аласа шарбақ қана бөліп тұр. Қойы қоралас, ыдыс-аяғы аралас.
Ауылдағы көп үйде құлып жоқ, ара-тұра алысқа жол жүретін болса, көршінің құлыбын сұрап алады. Қорадағы малына қарауды да сол көршісіне тапсырады. Сондықтан, "жазатайым керек боп қалар" деп кілтін де табыстап кететінін қайтерсің?.. Сосын бір жерге той-томалаққа барғанда, көршілердің балалары бір-бірінің үйінде қалып, қона жатады. Бәлкім, содан болар, туысыңдай бауыр басып қалатының...
Күн бата егіс басынан оралған көліктер ауыл ішін әп-сәтте азан-қазан ғып жібереді. Тәңір бөлген несібеден үлесін алмаққа таңмен таласа егіс басына кетіп, қас қарайғанда қайтқан еңбек адамдарының қабағынан еш кірбің байқалмайды. Қайта, бір-бірін қалжыңмен қағытып, кеу-кеулесіп, көңілді оралады.  Сол көліктерді күтіп тұрған кішкентайлар бірі әкесінің, енді бірі көкесінің алдынан жүгіре шығады. Өйткені олар сырттағы бақшалығынан балаларға қауын-қарбызын, қозы-лаққа бір бау шөбін ала келеді. Әлгінде бұрқылдап қайнап тұрған самаурындар тек осы кезде ғана есіктен енеді. Өйткені, ауылдың тәртібінде ешбір отбасы әкелері келмей асқа отырмайды. Шіркін, ауыл дастарханының таба нанын, сары майын, құрт-ірімшігін айтсаңызшы! Бүгінде жарнамасы жер жаратын шытырлақ қағаздағы тәттілердің бірде-бірі бұл тағамдардың  тамшысына татымайды.
Иә, мен өскен ауылдың тіршілік тынысы осындай болатын. Сағым қуған сол күндер сағындырады. "Сағым қуған" деген сөздің түп-төркінін де осы күні түсінгендейміз. Расында, беймәлім болашағыңнан бақыт күтіп талпыну, арман-қиялыңнан ақиқат іздеп шарқ ұру, шынында сағым қуғаның емес пе?
...Ауылға бардым. Арада жиырма жылдан астам уақыт жылжып өткен. Ауыл көшелерінде баяғыдай асыр салып жүрген бала аз. Көршілер бұрынғыдай бір-бірін күнде көрмейтін сияқты. Аласа шарбақтарды биік-биік қоршаулар алмастырыпты. Есік алдындағы ошақта көңірсіген от та көрінбейді, ара-тұра болмаса. "Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан"деген. Әрине, бұл – өмірдің ағымы, уақыттың талабы. Жаңа дәуір жаңалығы – заманауи техникалардың қолжетімділігі ауыл тірлігінің де арнасын бұрып жіберген. Айтпақшы, ауылда жүргенімді айтып, әлем назарындағы әлеуметтік желіге әп-сәтте ақпарат та жүктеп жібердім. Бұл да дамыған технологияның игілігі. Бала күнімізде бұл туралы армандап та көрмеппіз...
Жаңалық деген жақсы ғой, әйтсе де мен сол баяғы ауылымды сағындым...

Ғазиза ӘБІЛДА.
ЖАРНАМА 18 қазан 2018 г. 1 586 0