Белесі биік Сыр спорты

Спорттың адам денсаулығына ғана емес, мінезіне, өмір сүру салтына оң әсер ететінінен бөлек қоғамның салауаттылығына да серпін беретін ізгілікті іс-қимыл екенін әркім де жақсы түсінеді. Жалпы, тіршіліктің қозғалыстан тұратыны заңдылық, сол қозғалысты тәртіптеп, әсем өнерге айналдыру – ақыл-сананың айрықша жетістіктерінің бірі.
Сондықтан, халық үшін спорт күнінің арнайы мерекеленуі ерекше мәртебеге ие. 2003 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен әр тамыз айының соңғы жексенбісі спорт күні болып белгіленген болатын. Сонан бері бұл күнгі мерекенің маңызы жыл сайын артып, жарқын бейнеге ене түсті.
Тәуелсіз мемлекетіміз халықаралық беделді спорт жарыстарын өткізетін елдердің  қатарынан орын алды. Бұл Қазақстанда спорт мәдениетінің жоғары деңгейде дамуының әлемдік тұрғыдан мойындалуы деп айта аламыз. Мәселен, 2011 жылғы Азиада, 2013 жылы бокстан өткен Әлем чемпионаты, 2017 жылғы дүниежүзілік қысқы универсиада қазақ елінің спортты серік етіп қана қоймай, қадір тұтатынын танытты.
Осындай байрақты бәсекелерге қосқан Сыр елінің өз үлесі, одан алған өз олжасы бар. Облыс спортшыларының әлемнің шаршы алаңдарына шығып,  көптеген жоғары табыстарға қол жеткізіп жүргенін жерлестеріміз ақпарат көздері арқылы жақсы білетін болар. Осы тұрғыда боксшы Қамшыбек Қоңқабаевты, ауыр атлет Рүстем Сыбайды, грэпплинг Руслан Мұстафаны айтсақ та, дәрпіміз көтеріліп қалады. Алайда біз, Сыр спортшылары, бағындырған белестерді мереке қарсаңында тағы бір шолып өтуді артық санамадық.
Сөздің анығы, облыстың спорт саласына ҚР құрметті спорт қайраткері Садық Мұстафаев жетекшілік жасаған тоғыз жылда толағай табыстарға кенелдік. Осы салаға ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Олжас Әкімов келген бір жылдан бері де намыс пен жеңістің дәстүрлі жолы жалғасып келеді. Әсіресе бізді жаңа басшының орталық стадионның қайта жаңғыртылуына ықпал жасап,  спорт түрлерінен барлық деңгейдегі жарыстарға спортшылардың дайындығы мен қатысуын қамтамасыз етуге жете көңіл бөлуі қуантады.
Ал, енді нақты деректерді сөйлетіп көрсек: жыл басынан бері облыс спортшылары ҚР чемпионаттарында  1027 медаль (347 алтын, 317 күміс, 363 қола); Азия және Әлем чемпионаттарында 81 медаль (21 алтын, 23 күміс, 11 қола) иеленіпті. Су текшеленіп, дән тонналанып өлшенсе, спорт мерейі медальмен бағаланады, әрине. Санамалап жатқанымыз да сол.              
Сонымен бірге, осы уақыт ішінде 1 ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 2 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 17 спорт шебері, 474 спорт шеберіне үміткер және І разрядты спортшылар дайындалған. Әртүрлі спорт бойынша 470 қызылордалық атлет Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының сапына енген.
Биыл облыс тарихында алғашқы болып Айбек Шаукилов киокушинкайкан каратэден жастар арасында Әлем және Азия чемпионы атанып, Украина жерінде еліміздің әнұранын шырқатты.
Еркін күрестен Дәулет Ниязбеков үш дүркін Азия чемпионатының алтын медалін мойнына тақты. Жас­тар арасында ММА спортынан Ғани Әділсерік Әлем чемпионатында атой салса, самбодан Ғалымжан Абдрахманов Әлем кубогының күміс жүлдесіне қол жеткізді. Каратэ-додан Мөлдір Жаңбырбай үшінші мәрте Азия чемпионы атанды.
Шахмат  тақтасына қарсылас шыдатпайтын Әсел Серікбай  мен  Назерке Нұрғали  алдағы қыркүйекте Түркияда өтетін Әлем чемпионатына барады, мұнан әрі Әсел Батумида болатын шахматтан ересектер арасындағы тартыс­та бақ сынамақ.  
Биылғы жылдың басты да маңызды оқиғасы – төрт жылда бір келетін дүбір­лі дода  Индонезияның Джакарта қаласында 18 тамыз - 2 қыркүйек аралығында өтетін XVIII жазғы Азия ойындары. Бұл жарысқа облысымыз­дан 17 спортшы қатысып, 9 спорт түрінен өнер көрсетеді. Олардың арасында қызылордалықтарға енді таныла бастаған байдарка және каноэде есу спорты мен гандбол, көгалдағы хоккей секілді командалық ойындар да бар.  
Сонымен бірге 2-13 қазан аралы­ғында Джакартада жазғы Пара Азия ойындары өтеді. Оған облыстан 9 спортшы қатысады. Олар жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, парадзюдо, отырып ойнау волейболы секілді спорт сайыстарына түседі.  
Сонымен қатар, 6-18 қазан ара­лығында Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өтетін жасөспірімдер олимпиадалық ойындарына облыстан 4 спортшы бақ сынасады.
Осы жылы дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғыл­данушылар қатары 27 процентке көте­ріліп, 211 271 адамға жетіп отыр. Бұқаралық спортты одан әрі дамыту үшін бүгінгі таңда мемлекеттік- әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бюд­жеттен 120,6 млн теңге бөлініп, 282 спорт нұсқаушы 138 елді мекенді қамтып, 41 040 мың адамды тұрақты дене шынықтырумен шұғылдануға бау­лып келеді.
Елді мекендерде спорт нысандарына қолжетімділігін арттыру мақ­сатында биыл Қазалы ауданы Жанқожа батыр, Жалағаш ауданы Мәдениет, Сырдария ауданы Ақжарма, Шиелі ауданы Еңбекші, Жаңақорған ауданы Түгіскен ауылдарында және Арал ауданының Сексеуіл және  Қармақшы ауданының Төретам кенттерінде 7 спорт кешені пайдалануға берілді. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептер желісін ұлғайту және шұғылданушылар санын арттыру барысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2018 жылы 7 жобаны іске асыру бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, Жалағаш кенті мен Таң ауылдық округінде, Жаңақорған кенті мен Сүттіқұдық ауылдық округінде, Шиелі ауданында Бестам, Төңкеріс пен Бекежанов ауылдық округтерінде дене-шынықтыру сауықтыру кешендерін жалға алу ісі атқарылуда.
Бұқаралық спортты дамытудың негізгі жолы – жарыстарды көптеп өт­кі­зіп, халықты спортқа тарту. Осы мақсатта облыс аумағында 824 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткі­зіліп, оған 144 817 адам қатысқан.
Соның ішінде 8 мыңнан аса спорт­шының өнер көрсетуімен қазақ күре­сінен өткен «Алтын белбеуді», 8 мыңға жуық оқушының қатысуымен «Нашақорлыққа жол жоқ!» «Бәрің де жарысқа!» атты көңілді эстафетаны, мүмкіндігі шектеулі азаматтар ара­сындағы облыстық спартакиаданы атау­ға болады.  Жауынгер-интернацио­налист Б.Шалғынбаевты еске алуға арналған футзалдан республикалық турнир, самбодан Кеңес Одағының  ба­тыры Т.Көмекбаев атындағы ха­лық­аралық мемориал және Қар­мақ­шы ауданының құрметті аза­ма­ты Б.Сүлейменов атындағы халық­­аралық турнир, т.б. облыстық, республикалық спорт мерекелерінің ұйымдастырылуы халықты салауатты өмір сүруге тарту бағытындағы жұмыстар екенін атап айту ләзім.
Байқоңырда ҚР Президенті жүл­десіне арналған VI  облыстық халықтық спорт ойындары өткізіліп, оған 12 спорт түрінен 1300 спортшы қатысты. Осы ойындардан іріктелген спортшылар 21-25 қыркүйекте Маңғыстау облысы Ақтау қаласында ҚР Президенті жүлдесі үшін өтетін республикалық халықтық спорт ойындарында облыс намысын қорғайды.
Cондай-ақ, футболды дамыту мақсатында алтыншы жыл қатарынан қала мен аудандарда бес ай бойы (мамыр-қыркүйек) әр аптаның сенбі күндері футболдан облыстық чемпионат өткізілуде. Жастардың салауатты өмір салтын ұстануға, бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында дәстүрлі бұқаралық веломарафон және жүгіру маусымы да жалғасуда.
Жыл басталғалы бері 13 Қазақстан чемпионаты, 5 халықаралық, 26 рес­публикалық турнир, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері арасында 27 облыстық біріншілік ұйым­дастырылып өткізілді.
Атқарылған шаралар нәтижесінде мүгедектер спорты да дамып келеді. Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шең­берінде Қызылорда қаласы мен аудандарда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды спорт түрлерінен қолдау мақсатында әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Жоба аясында «Қызылорда облысының Паралимпиялық коми­теті» қоғамдық бірлестігі жұмыс жүргізіп отыр. Бүгінгі күні 300-ден аса мүмкіндігі шектеулі спортшы 11 спорт түрімен   айналысады. Биылғы жылы демеушілер тарапынан Пара­лимпиялық комитетке 3 би арбасы сыйға берілді.  
Ал, енді алдымызда қандай міндеттер тұр дегенге келейік. 2018 жылғы міндеттердің қатарына жүйелі дене шынықтырумен айналысушылар санын 28 процентке жеткізу; дене шынықтыру және спортпен айналысатын 7-18 жастағы балалар мен жасөспірімдерді жалпы балалар мен жасөспірімдер санынан қамтуды 14 процентке дейін көтеру; облыс спортшыларының қысқы олимпиа­да ойындарына, жазғы Азия ойындарына, жазғы жасөспірімдер олимпиада ойындарына дайындығы мен қатысуын қамтамасыз ету; «Қайсар» командасының премьер-лигада үздік алтылықты иеленуі; Қызылорда қала­сындағы орталық стадионның қайта жаңғыртудан өткізілуі – қажырлылық пен туған елдің бедел-абыройын биікке шығаруды ойлайтын отаншылдықпен орындалатын міндет.
Сыр спортының жетекшілері мен сайыпқырандарының бұл міндетті мүлтіксіз орындай алатынына бек сенімдіміз.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы».
ЖАРНАМА 20 тамыз 2018 г. 1 882 0