Жеті шелпек тарату дінге жат па?

Жеті атаны, жеті қазынаны, жеті санын кие тұтқан қазақ елінде жеті шелпек ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата-баба аруағын сыйлаудан шыққан ұлттық дәстүрдің бірі. Бұл дәстүр қай заманда, қай уақытта шыққаны жайлы нақты дерек жоқ.

Дегенмен, қазіргі кезде бұл дәстүрді «Алла Тағалаға серік қосу», «Алла Тағаладан басқаға құлшылық ету» қатарына қосып,  ширк деп түсінетіндер де жоқ емес. Ислам дінінде өмірден өткен адамға «сауабы тисін» деген ниетпен Құран бағыштауға болатынын, оның шариғатқа қайшылығы жоқтығын, керісінше сауапты іс екендігі жайлы жазылған хадистерді кездестіреміз. Сонымен қатар, ислам дінінде «үздіксіз сауап» деген ұғым бар. Өмірден өткен адамға, жасаған салиқалы істері, қалдырған пайдалы ілімі, иманды ұрпағының дұғасы cекілді істерден «үздіксіз сауап» тиіп отырады. Бұл ретте, жеті шелпек таратып, сауабын аруаққа бағыштаудың ша­ри­ғатта еш терістігі жоқ.

Тіпті, ел ішінде жеті шелпек туралы да аңыз тараған. Аңызда бір жолаушы келе жатып, жолдан сандық тауып алады. Ашып қараса, алтын тас жатыр екен. Қуанған жолаушы алтынға қолын соза бергенде, тас жыланға айналып, өзіне тап береді.

 – Ей, бейшара, не тапсаң да, өз сорыңнан таптың. Мың жыл бойына сандықта жатып: «Біреу мені босатса, алтынмен аптап, күміспен күптеймін» деп тіледім. Ешкім құтқармады. Бүгін:   «Кімде-кім құтқаратын болса, соны жұтып өлтірем»,– деп серт бердім. Сен келдің. Енді сертімді орындаймын, – дейді. Жолаушы шыр-пыр болып, «сені құтқардым ғой, жібере гөр» деп қанша жалынса да жылан көнбейді. Кенет жолаушы алыста келе жатқан отыз адамды көзі шалып қалады. Қуанған жолаушы олардан көмек сұрайды. Олар жыланнан қорқып:

– Жылан алып екен. Бұған шамамыз жетпейді, – деп қол­ды бір сілтеп кетіп қалады. Жылан жолаушыға жақындай түседі. Ол:

«Өлген жерім осы болды ғой» дей бергенде тағы да бес кісінің сұлбасын көреді. Жолаушы құтқар деп оларға да жа­лынады.

– Отыздың шамасы жетпе­генде, бізден не күтесің? – деп олар да кетіп қалады. Жылан төне түседі. Бейбақ иманын үйіреді. Сол кезде бір кішкентай бала келіп араша түседі.

 – Ей, жылан, мына бей­бақтың не жазығы бар? – деп сұрайды. Жылан мән-жайды баяндап:

– Отыздан қайыр, бес жаннан пайда болмағанда сен не істей аласың?! Жолыңнан қалма! – дейді. Бала:

– Ей, жылан, жазықсыз адамға жала жаппа!  Өтірігіңе сенбеймін. Айтқаның рас болса, мына денеңмен, кішкене сандыққа қалай сыйдың? Жылан ашуланып:

– Сандықтан қалай шық­сам, солай сыйып та кетемін, – дейді де, түтінге айналып жоғары көтеріліп, сандыққа кіріп кетеді. Бала сандықты жауып, аузын бекітеді.

– Айлаңды асырдың, батырым. Жөніңді айт, кімсің? – дейді. Сонда бала: – Бұл – «жылан» – орынсыз айтқан өз сөзің. "Он бәленің тоғызы тілден" деген. Орынсыз сөз иесін табады. Отыз кісі – ұстамаған оразаң, бес кісі – қаза қылған бес уақыт намазың. Құлшылыққа салғырт қарадың. Олардан қайран болмады. Бірақ, сен жұма сайын жеті шелпек пісіріп, кедей-кепшікке садақа берген едің. Алла сенің осы қасиетіңді жақсы көреді. Мен – өзің таратқан сол шелпекпін. Сені құтқаруға Құдайдың өзі жіберді, – депті. Міне, осыдан-ақ, жеті шелпек таратудың қаншалықты дұрыс екенін ұғынуға болады.

Бұл жайлы ҚМДБ- ның облыс бойынша өкілі, «Ақмешіт- Сырдария» облыстық орталық мешітінің бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлының да пікірін білдік.

– Исламда жеті шелпек та­рату теріс немесе ширк амалға апарады деген дерек жоқ. Жеті шелпекті тірі адамға таратып, сауабын өмірден озған кісіге бағыштау садақа ретінде Алла разылығы үшін жеті шелпек таратудың ешбір әбестігі жоқ. Жасалған жақсы амалдың сауабын өлген адамға бағыштау  дәстүрімізде бар. Ең бас­тысы, шелпекті таза ниетпен, сауабын жете түсініп таратқан жөн, – дейді. «Жеті шелпек жеті бәлені жояды», «Жеті шелпек пісірсең, жеті атаңа сауабы тиеді» деген ұғым дінмен, дәстүрмен астасып жатыр.

Шапағат ТОРҒАЙ.

ЖАРНАМА 14 тамыз 2018 г. 1 600 0