Шөп бағасы шарықтап тұр

Мал шаруашылығы –агросектордың маңызды бір саласы. Біздің облыста бұл сала жақсы дамып келеді. Мал басын көбейтемін деген шаруа қожалықтарына, фермерлерге мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар көрсетілуде. Тек еңбек ете білу керек. Алайда, мал өсіру оңай емес, таңертең өргізіп, кешке иіріп, қораға айдап келе салатын жұмыспен шектелмейді. Қиындықтары жетерлік. Сол көп қиындықтардың  бірі –мал азығын дайындау, қысқы жем-шөп қорын мезгілінде қамтамасыз ету. Бұл тақырыпқа қозғау болған жайт, ол биылғы бірқатар өңірдегі қуаңшылықтың салдары еді. Жайылымның жұтаң­дығы, шабындықтың нашарлығы шаруаға үлкен мәселе тудыруы ық­тимал. Бұған мамандар не дейді?

Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария» бассейн­дік инспекциясы басшысының орынбасары Жұмахан Нұрсейітовтің айтуынша, биылғы жылы су аз болатыны ерте бастан белгілі болған. Шілде айының соңғы күндеріндегі деректе, «Шардара» су қоймасына жоғарыдан секундына 86 текше метр су түсіп, қоймадағы судың көлемі 2,1 млрд текше метрді құрады. Ал бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 956 млн текше метрге кем. Төменгі бағытқа секундына 700 текше метр су тасталуда. Ал өткен жылы бұл уақытта секундына 1130 текше метрге дейін су түсіп тұрған екен. Қазіргі күні Қызылорда облысына жоғарыдан барлығы секундына 680 текше метр су түсіп, оның 409,9 текше метрі шаруашылықтардың егістік каналдарына жіберілуде. Осы орайда инспекция өкілі экологиялық мақсаттарға, яғни шабындық, жайылымдық жерлерге, сондай-ақ балық өсіретін көлдерге  бөлінетін су мөлшері қа­жетті көлемнен төмендемегенін, сол себептен мал жайылымы мен шабындық жерлер жөнінен қауіптенуге негіз жоқ екенін жеткізді.

Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқар­масының бөлім басшысы Нұрлан Аманбай тіршілік нәрінің аз болуының зардаптары ең бірінші кезекте диқан қауы­мы­на тиетінін айтты. Сондықтан жағдайды алдын ала болжаған шаруашылықтар тиісті шараларды ерте бастан қолға алған. Мәселен, аймақтың басты дақылы – күріш өткен жылдан 3615 гектарға кем егіліп, керісінше суды аз қажет ететін дақылдар көлемі артты.  Су тапшылығын болдырмау мақсатында бүкіл облыс бойынша  су жолдарын,  каналдарды тазалау, қосымша насос орнату, су айналымын кезекке қою, қашыртқыға суды аз босату секілді қажетті шаралар атқарылып келеді.

Жайылымдық және шабындық жер­лерді суландыруда күрделі мәселе жоқ. Өйткені, бұл мақсатта су ерте бас­тан оның мол кезеңінде беріледі. Сол себептен қажетті мөлшерінде ылғалдандаруға қол жеткізілді. Өткен жылдың күз айларында 73 мың гектар шабындық алқапқа су жіберілсе, биылғы көктемде тағы да қажетті су берілген. Ал қазіргі күні шабындық жерлерге су беруге болмайды. 

Бөлім басшысының атап өткеніндей, ауыл шаруа­шылық құрылымдары бойынша өткен жылғы жоңышқаның бірінші орылымы аяқталып, 65,8 мың тонна жоңышқа шөбі жиналған. Қазіргі таңда екінші орылымы басталып, орылған 15,4 мың гектардан барлығы 32,9 мың тонна өнім жиналып отыр. Сонымен қатар, бүгінгі күнге 17,6 мың тонна табиғи шөп дайындалған.

Жалпы, мал жайылымдық және  ша­бындық жер жөнінен көршілес облыстарға қарағанда бір артықшылығымыз бар дейді мамандар. Біздің өңірдегідей оларда мұндай жерлерге су жаймайды. Биылғыдай құрғақ­шылықта оңтүстіктегі көршілеріміз мал жаятын жер таппай немесе қажетті пішен дайындай алмай қиындыққа түседі. Қажетті шөпті біздің облыстан сатып алып жатқандары бар. Ал өзбекстандық фермерлер «Жан-Арай» ЖШС шығарып жатқан құрама жемге тапсырыс беруде.

Облыста мал басы артып келеді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара – 3,7%, жылқы – 6,8%, түйе – 5,6%, құс 36% өскен. Бұл ретте мал азығындық дақылдар алқабы да өткен жылдан біршама артып отырған. Мәселен, сүрлем жүгері 136 гектарға, жаңа жоңышқа 196 гектарға артық егілсе, ескі жоңышқа 893 гектарға артық сақталған.

Міне, осындай дайындықтардың арқа­сында аймақта мал басын қажетті жем-шөппен қамта­масыз етуде артық қиыншылықтар туындап отырған жоқ деуге болар еді. Десе де, нарықтағы жағдай, шөптің құны қысқа дайындықты пысықтай түсуге жетелейді. Баға былтырғыдан өскен. Мәселен, жоңышқа көп егілетін оңтүстіктегі Түгіскен ауылында бір престі егістік басынан 320 теңгеге аласыз. Айтпақшы, оның әрқайсысын тиеп бергенге тағы 25 теңге қосылатын көрінеді. Ал жақын ауылдарға жеткізіп беру 420 теңгеден айналады екен. Өткен жылы мұнда жоңышқа 180 теңгеден болған еді.  Осы ауылдағы «Заман ата» шаруа қожалығының төрағасы Зұлпықар Сыздықов 500 бас ірі қара малына қажетті 15 мың пресс жоңышқаға ауылдастарына ерте көктемнен тапсырыс беріп қойған.

– Бірінші-екінші орылымын тұтастай сатып алатын болып келісіп, алдын ала ақшасын төлеп қойғанның өзінде қазіргі күні оның бағасы 250 теңгеден келуде. Мұнан бөлек сабанды да дайындау керек, – дейді шаруа қожалығының төрағасы. Ал Қызылорда қаласында былтыр 300-350 теңгеден сатылған жоңышқа қазір 500 теңгеге жеткенін, өткен жылы бағасы 200 теңгеден аспаған табиғи шөп пресі 350 теңгеден сатылып жатқанын ескерсек, шынында да мал баққан ағайынның көңілі алаң екен.

Баға неліктен көтеріледі?  Сұраныс артқанда немесе аз өндірілсе, болмаса оны өндіруге шығын көп жұмсалса бағаның өсуіне тікелей әсер етеді. Жоңышқа мен табиғи шөпке, әсіресе, оңтүстіктегі көршілерден сұраныс көп. Бұған дизель  бағасының қым­баттағанын қосыңыз. «Заман ата» ШҚ төрағасы жақын аралықта Қазақстанның оңтүстік облыстарының барлығын аралап шыққанын, сонда барлық жерде де мал өсірген ағайын қуаңшылықтың зардабын көріп отырғанын айтқан еді. Ал, Сырдария ауданындағы «Шамаддин» ШҚ төрағасы Жанарбек Нұрымбетов: Оңтүстік аудандарымызда өсірілген жоңышқаның көрші өңірлерге кетіп жатуы үлкен әсер етіп отыр. Егер бұрын Жаңақорғаннан «КамАЗ» автокөлігі тіркемесімен жоңышқа алып келсе,  облыс орталығында баға күрт төмендейтін, қазір өкінішке орай,  Жаңақорған жоңышқасы бері қарай жетпей жатыр, – дейді.

Ойланарлық мәселе! Мұның бәрі ертеңгі күні мал өнімдерінің қымбаттауына әкеп соғуы мүмкін.

      Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

ЖАРНАМА 07 тамыз 2018 г. 1 689 0