Бала тілі неге кеш шығады?

«Бала тілі – бал» деп бекер айтылмаған. Кішкентай бала­ның тілі енді шығып, былдырағанда қызық көріп сөйлететініміз бар. Алайда соңғы кездері баланың тілі кеш шығуы жиілеп барады. Бұған денсаулық сақтау саласының мамандары да алаңдаушылық білдіріп отыр. Әлбетте, баланың сөйлеу қабілетіне кері әсер етіп, оны бұзатын себептер көп. Бала құрсақта жатқанда анасының жиі ауруы, ұзақ уақыт емізік емген бала таңдайының дұрыс қалыптаспауы, қорқып секем алудан тұтығу пайда болуы секілді себептер тізіледі.

Солардың ішінде баланың тілі ерте шығуына ата-ананың тәрбиесі  маңызды рөл атқарады. Мәселен, Масару Ибуканың «3 жастан кейін кеш қалдыңыз» кітабында жақсы мысал келтірген. Онда бір отбасының тұңғышы олар жас, үйлері тар кезде өмірге келеді. Сондықтан ата-анасы баланың қасынан әркез табылып, үнемі сөйлесіп отыруды дағдыға айналдырады. Айналада болып жатқан барлық дыбыстарды, әңгімені естіп үйренген бала  тілі тез шығып, өсе келе сөзшең, ашық, ойын жақсы жеткізе алатын болады. Ал, бірнеше жылдан кейін екінші сәби өмірге келеді. Қарындасына ата-анасы бөлек бөлме дайындап, тыныш, түрлі дыбыстардан аулақ жерде өсіреді. Қыздың өсе келе мінезі тұйықталып, көп сөйлемейді. Бұл баланың дүниеге келген күннен бастап түрлі дыбыстарды, адамдардың дауысын, сөйлеген сөздерін, әңгімесін естіп өсуі керектігін дәлелдейді. Бастапқыда бала тек ғана есту арқылы айналаны қабылдап, сөйлемесе де өзінің түсініп жатқанын ым-ишарамен білдіреді. Сол себепті кішкентай кезінен тілді және тіл ерекшеліктерін айыра білу қабілеті дамиды. Кезінде саяхатшы А.Янушкевич «Қазақтың 3-4  жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі» деген екен. Тарихқа зер салатын болсақ, жастарға үлкен сенім артқан Мағжан Жұмабаев атамыздың  тілі ерте шығып, төрт жасында хат таныған.  Баланың тілі ерте шығу үшін ата-бабамыз түрлі ырымдар да жасаған. Ал қазір 3-4 жасар балғындардың көпшілігінің тілі анық емес. Мұны күнделікті ортада да аңғарып жүрміз. Қызылорда қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Маржан Төлеуованың 6 баласы бар. Үлкен қызы 3-сыныпта оқиды. Бірақ «ң», «р» әрібін дұрыс айта алмайды. Кішкентай кезінде еркелік деп мән бермеген. Кейін сабаққа барған кезде қыздың өзі анасына достары әріпті дұрыс айта алмағаны үшін келемеждейтінін айтқан.  Маржан тағы бір қиындық барын жеткізді. Оның 3 жасар ұлы да сөйлемейді екен. Сөздік қорында 2-3 сөз ғана бар. Бәрін ым-ишара мен қимылмен ұғындыратын көрінеді. Қалған ұл-қыздар уақы­тында сөйлеп кетіпті.

Қазіргі кезде қала ішінде  жеке тіл оқыту  орталықтары жұмыс жасайды. Олардың саны күн өткен сайын артып келеді. Демек сұраныс бар.

Айжан Сқақова –  білікті лого­педтердің бірі. Ол Алматы қала­сындағы Абай атындағы Қа­зақ ұлттық педагогикалық уни­верситетін  бітірген.  Облыс­тық балаларды оңалту орталығында логопед болып қызмет атқарады.   2016 жылы «Результат»  тіл оқыту орталығын ашады.  Біз орталық жайында білмек болып барғанымызда баласын жетектеген ата-ананың қарасы көптігін аңғардық. Орталықта үш тіл маманы қызмет атқарады. Балалар ауысым бойынша сабақ алуда. Мұнда көбіне, тілі кеш шыққан,  аутизм және есту қабілеті төмен балалар келеді екен. Олардың әрқайсысының деңгейіне арналған сабақтар мен жаттығулар жасалады. Тіл маманының айтуынша, «Орта­лыққа алғаш келген баланың мүмкіндігін қарап шығамыз. Сосын қабілетіне қарай сабақ жүргіземіз. Тіл жаттығуларын жасайды. Музыкалық сабақтар өтеміз. Дыбыстарды анық ай­туға арналған жаттығулар да бар. Негізінен орталықта 3-13 жас аралығындағы балалар келе­ді. Есту қабілеті төмен болған­дықтан сөйлеу жүйесі бұзылған балғындарға да көмек береміз. Тіпті, аутизм ауруымен ауыратын балалармен де жұмыс жасаймыз»,–дейді Айжан. Үнемі ізденіс үстінде жүретін Айжан балаларға арналған қазақ тіліндегі дамытушы мульт­фильм­­дер құрастырған маман Сымбат Әбдірахмановамен бірле­сіп, логопед мамандарға арнал­ған көмекші құрал жасап шығыпты.

Бүгінде орталықтан 100-ден астам бала тәлім алып, оң нәтиже берген. Осы орталыққа келген ата-аналардың бірі Жанар Мұратованың мұнда қызын  әкелгеніне бірнеше ай болған. Қы­зының жасы жетіде. Ата-ана­сы бастапқыда қызының қы­лы­ғын еркелік деп мән бермеген. Бес жастан асқанда ғана алаңдаушылық білдірген. Содан көпшіліктен орталық жайлы естіп келіпті. Нәтижесі жаман емес дейді. Қазір Айша  сөйлеуді үйреніп, әріптерді анық айта алады.  Енді мектепке дайындалып жатыр.

Осы тұста бала тілінің кеш шығуына түрткі болатын тағы бір жай бар. Ол – бөтелке мен емізік.   Бала өмірге келгеннен кейін тыныш, жуас болады деп аузына емізік саламыз. Осылай құр резеңкені баланың аузына салып, сақау, кекеш болуына өзіміз ықпал етеміз. Бұрынғы ата-бабамыз емізіктің не екенін білмеді. Оның орнына шақалақ сәл өскеннен кейін қойдың құйрығын сорғызатын болған. Ол бір жағынан денсаулыққа пайдалы. Ал зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, жаңа туған нәрестенің емізік емуі мен саусағын сор­уы оның ақыл-есінің дамуына көмектеседі. Алайда, емізікті ұзақ уақыт қолдануға болмайды. Кемі бала алты айдан асқан соң оны қолданудан бас тарту керек.  Емізіктің көп емудің салдарынан баланың ауыз қуысының дәмі өзгеріп, дұрыс тамақтануына зиян келтіреді. Алғашқы сүт тіс­тері шыққан кезде жайсыздық туғызады. Емізікпен қатар балаға қосымша сұйық тамақ­тарды бөтелкемен беріп оған да бой үйретеміз. Ақырында бала ес білгенше бөтелкемен тамақ ішуді әдетке айналдырады.

Тіпті кейде бала  сұрақты көп қойып жатады. Ал, оған сабырлық пен байыппен жауап берудің орнына дүрсе қоя беретініміз жасырын емес. Балаға бала тілімен сөйлеп жатамыз. Мамандардың айтуынша, ата-ана баласына анық, түсінікті етіп жауап беруі керек. Сонда бала сөзді дұрыс айта біледі.

Жалпы, бала алты айлық кезінен бастап  уілдесе, 3 жасқа дейін сөздерді анық айтып, одан жоғары жаста сөйлем құрап, ойын жеткізеді. Сондықтан бала тілі шыққанда аса мән беріңіз. Тек уақыт өткізіп, қолыңызды мезгілінен кеш сермеп қалма­саңыз болғаны...

С.Қорғанбайқызы.

ЖАРНАМА 17 шілде 2018 г. 3 469 0