Қазіргі қоғамға кітап қаншалықты қажет?

Кітап - ақылына ақы сұрамайтын рухани мұра. Қазіргі кезде заманның жаңа өң алуына байланысты түрлі форматтағы жинақтар жиі басылып шығарылуда. Ғылым мен білім, адам өмірінен ойып тұрып орын алған барлық ілімдер кітаптан табылады. Жоқ іздегендер, ғылым қуғандар, өнер жолындағылар асыл мұраны жандарына серік етіп, қасиет тұтқан. Тіпті дін өкілдерінің өз киелі кітаптары, жақұт жинақтары бар. Құдайдан келген құдірет деп бағамдайтын олар, өз дінінің басты кітаптарына салғырт қарамайды. Оны өз басынан биік ұстап, қастерлеп қарайды. Дегенмен де, бүгінгі қоғамның басты дерті кітап оқымау емес, кітапқа құрметпен қарамау болып отыр. Шынында мағлұматы мол ақпарат алу қазіргі қоғамға қиын емес. Ал, білім дейтін алтын қазынаны осы күнге дейін тоздырмай сақтап келген кітаптардың қадірсізденуіне кімді кінәлау керек екенін де білмейміз.

Шымбайға батып, намысты шымшылайтын да осы "кітаптың керексіз құралдай қоғам өмірінен ысырылып қала ма?" деген қауіп. Осы тұста, өткенге шегініс жасап, том-том кітаптардың қалай пайда болғаны жөнінде тарих жинақтарына көз жүгіртіп өтейік. 105 жылы, яғни біздің заманымыздың ІІ ғасырында қарапайым Қытай шебері Цой Лунь қағазды ойлап тапқан. Одан соң, ескі шүберектен жасалған Самарқанның сарғыш қағазы әлемге әйгілі болады. Кейін, ХІІІ ғасырда қағаз жасау өнері Шығыстан Батысқа қарай ығысып, баспа кітап өнерінің тууы кітаптың дамуына кең жол аша түскен. Алғашқы ағаш баспа қалыбы ХІ ғасырда пайда болады. Осындай даму сатыларынан соң 1045 жылы Чин өнерпазы Би-Шен құймалы әріптерді жасап шығарды. Адамзат баласының жаңашылдыққа құмарлығының нәтижесінде жазу өнері, кітап шығару мен газет басу үрдісі дүниеге келген. Бұл бүкіл адам баласы үшін өте жоғары жетістік еді.

Өкінішке орай, көркем әдебиетке деген қызығушылық күн өткен сайын сусыз қалған гүлдей солып бара жатыр. Әдебиетке деген ынтаның төмендеуі кітап оқуға, кітап атаулыны құрметпен қарау деген ұғымдардан жастарды жұрдай етпек. Шынымен де, кітап қазір не үшін керек? Кітапханаларды безендіріп, кітаптан түрлі бейнелер жасау үшін бе, өз ата-бабасын насихаттау үшін бе, одан қалды тұрмыстық құрал ретінде пайдалануға ма? Мұның бәрін көріп-біліп отырған әдеби қоғам іштей қынжылары сөзсіз. Бірақ, аурудың алдын алуға болады деген үміт те жоқ емес.

"Кітап дегеніміз - алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік" деген еді Ғабит Мүсірепов. Ал, әлемдік әдебиет шедеврі Шекспир "Кітап маған тақтан да қымбат" дегені бекер болмаса керек. Бүгінгі буын мен жаңашыл адамзаттың қымбат көретін дүниесі басқа. Көп адам көк сандықтан көзін алмай, дайын ақпаратқа сылқия тойып алады. Ғ.Мүсіреповтің ойлаудан тыйылған ұрпақтан сақтандыру мақсатында айтқан өсиеті кітап арқылы осы күнге жетті. Ал, оны кейінгі толқын қаперіне алса құба-құп болмақ. Қазірдің өзінде кітаптың қадірі қашып, оқырман қандай дүниені оқу керек екенін білмей дал болуда. Осы мәселенің де аражігін ажырататын әдеби кеңес қазаққа қажет-ақ.

- Кітап шығару үрдіске айналған мына заманда жауыннан кейінгі жауқазындай жамыраған баспаханалар алдына келгеннің бетін қайтармай, боратып басып беріп, шығарып жатыр. Қысқасы, "өлеңге, өнерге обал болды-ау" дейтіндер аз. Бірте-бірте оған да бойымыз үйренгендей. Несін жасырамыз, алда-жалда жақ­сы жыр кітабы қолымызға тисе қуа­нышты күй кешеміз, - деп ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әскербек Рахымбекұлы қынжылыспен айтқан болатын. Бұл да бір алаңдаушылықтың өз орнымен екені даусыз. Том-томдардың шамадан тыс көбейіп, қызықсыз жинақтардың жұртшылыққа ұсынылуы ойлы оқырманды мезі еткені белгілі. Бұл тұрғыдан келгенде де баспаханалардың да басты рөл атқаратыны айқын. Сондықтан сапалы өнім мен сауатты ақпарат ұсыну үшін баспаханалардың да өз тараптарынан сұрыптаулардың жиі болғаны абзал.

Бұл мәселеде тағы бір түйткіл бар. Заман ағымына ілесеміз деп, электронды оқулықтарға басымдық беру де жығылғанға жұдырық болғанмен бірдей. Бұл дегеніміз қағаз бен қалам жайына қалып, халық ғаламтор арқылы ғана ғаламда болып жатқан құндылықтарға қанық бола алады деген сөз. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді мұның да екіұдай пікірде жүргені белгілі. Кейбір оқырман интернет арқылы оқу тиімді десе, енді бірі "бұл кітап шығару мен оны пайдалануды шектеу үшін жасалынып жатқан қиянат" деп есептейді. Негізінен электронды оқу жүйесі ғаламтордың торына шырмалған адамдарға рухани бағыт беруге зор мүмкіндік. Онсыз да кітапхананың есігін сығырайтып көрмегендер желі арқылы болса да, руханияттан сусындаса, қа­лыпты өмірге қайта оралар деген тұжырымдар бой көрсетіп жүр. Мұны әдебиетті насихаттау үшін жасалынып жатқан жобалар ішінде ең тиімдісі деп кесіп айту мүмкін болмас. Десе де, сәл болса да оң әсерін тигізіп жатқаны жасырын емес.

Оқырман тәрбиелеу мәдениетінен айырып, түп тамырымен құртып жіберу уақыттың да бәсіне байланысты болса керек. Уақыт жоқ заманда уақыт тауып кітап оқу ерлікпен пара-пар. Бұл мәселеде аудиокітаптардың орны бөлек. Қалтафон арқылы қалаған кітаптың дауысын тыңдап, әр кейіпкердің дауыс мәнерін сезініп, кітаптың жалпы мазмұнын тұшыну қиынға соқпайды. Алайда, бұл да оқырманнан тыңдаушыға ауысып, кітап пайдалануды тежейтін тәсіл.

Кітап оқуды қолданыстан ысырып келе жатқан тағы бір технология жетістігі - QR кодтар. Тез өзгеріп отыратын мобильді технологиямен қалмай қатар жүруге және барлық жастағы оқырмандардың кітапхана қызметін қолдануға түрткі болатын, кітапханаларда оқырмандарға қосымша ақпарат ұсынудың әдісі бұл. Сондай-ақ, инновациялық технологиялар ретінде кітаптарды, авторларды және кітапхананың құзыреттілігін насихаттауда көмек үшін белсенді түрде QR кодтар пайдаланылады. Кітапхана оқырмандары қолдарында смартфондары болса, QR-кодты сканерлеп алуларына болады, қосымша ақпаратты қолдану үшін кітаптың авторының сайтына немесе кітапқа қатысы бар және берілген кітап қамтитын сайтқа ауысу керек.

QR-кодтың көмегімен өз смартфоныңызға виртуальді сөреден кітапты жүктей аласыз. Виртуальді кітап сөресі - кітаптың суреттері бар, мұқабасында QR-коды жабыстырылған, соның көмегімен мобильді телефонға кітапты жүктеуге мүмкіндік береді. Мұнда 37 қазақстандық, ре­сейлік, шетелдік, балалар әдебиетінің электрондық шығармалары ұсынылған. Бұл қызметті кез келген 3G немесе Wi-Fi ұстайтын смартфон немесе планшеттің иесі қолдана алады. Кітапты жүктеу үшін мобильді құралдың камерасын виртуальді кітаптың жеке QR-кодына бағыттап, және мобильді Интернет немесе тегін Wi-Fi желісі арқылы файлды электронды түрде жүктейді. Бұл дегеніміз қағаз парақтап, кітапхана аралап уақыт жоғалтпай телефоннан-ақ қажетті әдебиетті оқу мүмкіндігі деген сөз. Алайда, оқуға құмартпайтындар мұның не екеніне пысқырып та қарамайды. Тіпті қандай қызмет атқаратынын, аялдамаларда суреттердің қандай мақсатпен тұрғанына да мән бермейтін болып шықты. Қалың мұқабаны қолыңызға ұстап, майшаммен көздің майын тауысып кітап оқу үрдісі өткеннің сарғайған парақтарында қалап бара жатқан секілді. Ескіліктің кітабы да, жаңа әлемнің жаңалығы да смартфондарға сыйып кеткендей. Расында да "кітаптың болашағы бар ма?" деген сауал көптің көкейіндегі жауапсыз сұрақ.

Әуелде бабаларымыз дастандарын тасқа қашап, тарихын түгендеп, батырлардың есімін ұмытылмастай етіп осы дәуірге аманаттаған. Бертін келе ағашқа жазу жалғасын тапты. Қытай елінің тарихи жәдігерлерінде бұл туралы толымды ақпараттар кезігеді. Адамдардың жаңалық ашуға деген құмарлығы арқасында қағаз пайда болып, оның игілігін әлі күнге көріп келеміз. Қазіргі дамыған қоғамда қолда бар кітаптардың оқылымын арттырып, оның болашағын уақыттың еншісіне қалдырған дұрыс. Алтын қор аталатын кітапханалардың қадірі ешқашан қашпайтыны рас. Сол себепті де қабат-қабат қаттаманы қасиет тұтып, болашаққа жәдігер етіп қалдыру бүгінгінің басты парызы болып қала бермек.

Айдар САЙЛАУОВ

ЖАРНАМА 12 шілде 2018 г. 1 647 0