ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛАНЫ ЕКЕНІҢДІ ҰМЫТПА!

Өткен 2017 жылдың қортындысына сәйкес, облыста әскерге шақыру бойынша меди­циналық  комиссияға 72 азамат келмеген.  Биылғы жылы көктемгі әскери қызметтен жалтарғандар саны 309 болды. Бұл – Қызылорда облы­сы­­ның қорғаныс істері жөніндегі де­­­партаменті баспасөз қызметінің мәліметі. 

Жасыратыны жоқ, қазір «әскерден қашып жүр» деген құлаққа жағымсыз сөзді жиі еститін болғанбыз.  Батырлар жырын жаттап өскен аталарымыздың болмысында жоқ жалтақтық қасиет бойымызға қайдан жұқты? Кешегі кеңес өкіметі кезінде де әскерден қаш­пайтын, әскерге жарамсыз балаларды достары да келеке етіп, тіпті, қыз қарамайтын. Біз – сол Кеңес әскерінің сапында болған ұрпақпыз.

Қазіргі жас азаматтарға өзім қы­зыға қараймын. Өйткені, олар тәуелсіз Қазақ елінің қорғаушылары! Өз отанының  сарбазы!

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бұл дүниеде біз­дің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан» деген сөзі әрбір отандасымыздың жүрегінен орын алуы тиіс. 

Бүгінгі әскерден жалтарып жүр­гендерді көргенде батыр Бауыр­жан­ның рухы алдында бетімізді ба­сып, жерге қарайтын күйге жеткеніміз бе деген ойға шомамыз.

Біз Бауыржанды туған халықтың баласы емеспіз бе?!

Соғыста қорқақтық танытқан сар­баздарға Бауыржан атаңның не дегенін білесің бе? «Сен тек өз по­зи­циямды ғана тастап кеттім деп тұрсың ба? Жоқ, сен Мәскеуді жау­ға бердің», – деген. Ал, бұл сөзді ата­мыз қазақшалап «Қарабет болып қашқаннан, қайрат көрсетіп өлген ар­тық» деп өсиет еткен.

Ендеше, әскерден қашып, әкеме көмектесіп жүрмін деме, жас аза­мат, ол сенің туған еліңе жасаған сат­қындығың. Ауыр естіле ме екен?  Бірақ, бұл – шындық.

Отан дегеніміз – өз анамыз, өз әкеміз. Қазір жат ағымға еріп, Алла ризашылығы үшін мұ­сыл­манды қорғаймын деп қолына қару алып, Сирияға кетіп жатқан қандастарымыздың бар екені де белгілі болып отыр. Дініміз «Ал­ланың ризашылығы – ата-ананың ри­зашылығында, Алланың ашуы – ата-ана ашуында» демеп пе еді?! Ен­деше, Алла ризашылығын іздеген азамат ең бірінші өз отанын сүюі керек, өз отанының қорғаушысы болуы тиіс.

Облыс әкімі әс­кери борышын өтеуден жал­тар­ғандарға қатысты сөз қозғап жүр­геніне бірнеше жыл болды. Осы мәселеге қатысты бір жиында ай­мақ басшысы орын алып отырған жағдайға төзбестік танытты. «Көпшілік әскер қызметінен қашып жүрген, Отан алдындағы қасиетті борышын орындаудан құтылып кеткісі келіп жүрген азаматтарды көрсін. Сонда өздерінің құқығын және мемлекеттен тиістісін талап етуді біледі екен де, мемлекет алдындағы борышын орындауға келгенде қашады екен», – деді аймақ басшысы. Қашып жүрген азаматтарды іздеп әрі есімдерін жергілікті БАҚ-тарда жариялауды тапсырды.

«Қара тізімге» іліккендердің осы әрекеттен соң сабасына түсіп, Отан алдындағы парыздарын түсіне бастағаны қуантады. Бұл бүгінгі көрсеткіштерден де көрініп тұр. Мысалы, 2013 жылы облыс бойынша 1116 азамат әскерден жалтарып жүрсе, қазір ол төрт есеге жуық қысқарып отыр. Бұған облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент пен облыстық ішкі істер органдарының бірлесе атқарған жұмыстары да елеулі септігін тигізгені анық.

Бұл мәселеге ең бірінші ата-аналар қатаң жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Әскерден, Отан алдындағы бо­ры­шынан бас тарту ол баланың ата-анасына ғана емес, ертеңгі өз ба­ласының бетіне шіркеу болатынын осы бастан ұғындыру – өмір көрген үлкендердің міндеті.

Бүгінгі жас, мынаны ұмытпа, біздің әкелерімізді мақтаныш тұт­қанымыз секілді сенің де ертеңгі ұрпағың «менің әкем ұлы дала ұланы болған» деген сөзді асқақ үнмен айта білуі тиіс.

Намысты жігіттер мұны жадына мықтап түйер деп сенеміз.  

 

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы».

ЖАРНАМА 10 маусым 2018 г. 4 020 0