Сарапшылардың атап көрсеткеніндей, 2018 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасындағы өсім инфляциялық қысымның төмендеуіне және жоғары инвестициялық белсенділікке негізделіп отыр. Инфляция жыл басынан бері 2,2% құрады. Бұл 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 0,5 пунктке төмен. Жылдық инфляция 6,5% деңгейінде тіркелді. Инфляцияны Ұлттық банк белгілеген жаңа дәлізде (5-7%) ұстап тұру қамтамасыз етілуде.
Еңбек нарығында тұрақтылық сақталуда. Жыл басынан бері 134,8 мың адам жұмысқа орналастырылды. Осы жылдың басынан бері нақты еңбекақының өсуі байқалады. Ол 1,2% құрады. Қаңтар-сәуір айларында орташа айлық еңбекақы 152,3 мың теңгені құрады.
Ұлттық банктің алтын–валюта сақтық қорлары өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда ($30,6 млрд дейін) 3%-ке өсті. Сонымен бірге, Ұлттық қордың активтері осы кезеңде 5,6%-ке ($59,3 млрд дейін) төмендеді.
2018 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы сыртқы сауда айналымы $21 млрд құрады және 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 24,3%-ке өсті, соның ішінде экспорт – $13,8 млрд (27% өсім), импорт $7,2 млрд (19,4%-ке артық) өсті.
Аталған кезеңде мемлекеттік бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 105,1%-ке, олардың ішінде республикалық кірістер – 100,9%-ке, жергілікті бюджеттер 117,1%-ке асыра орындалды.
Республикалық бюджетке 1781,7 млрд теңге кіріс түсті. Бұл жоспардан 16 млрд теңгеге, ал былтырғы жылдың төрт айының көрсеткішінен 173 млрд теңгеге артық. Өсу қарқыны 110,7% құрайды. Жоспардың артығымен орындалуы негізінен салықтар бойынша қалыптасты. Олардың ішінде, үстеме табыс салығы – 8,5 млрд теңге, шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден баж салығы 32,1 млрд теңге құрады.
Қазақстанда 2018 жылдың 4 айында 24,1 млн тонна мұнай экспортталды, бұл 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 104,3 % құрайды. Мұнай өңдеу көлемі 5,1 млн тоннаны немесе осы жылдың 4 айының жоспарына қарағанда 104,6% құрады.
Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысына сәйкес дизель отынының қажеттілігі толық көлемде орындалды. 2018 жылғы наурыз айына көктемгі егіс жұмыстарын өткізу үшін дизель отынының ұсынылатын бағасы тоннасына 156 000 теңгені құрады.
2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, электр энергиясы 8%-ке артты. Көмір өндіру көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,2%-ті құрады.
2018 жылы 4 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,1%-ға өсті. Атап айтқанда, тау-кен өнеркәсібіндегі өсім 4,9%, өңдеу өнеркәсібінің өсімі 5,9% болды.
Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 14 аймақта өсіп отыр. Тау-кен өнеркәсібінде түсті металдар кенін өндіру көлемі 2,1%-ға және темір кенін өндіру көлемі 3,9%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы салалар бойынша оң серпін бар. Металлургия өнеркәсібінде 4,1% (қара металлургия 6,1%-ға, түсті 2,4%-ға), химия өнеркәсібінде 14,1%, машина жасауда 10,2%, фармацевтикада 7,7%, құрылыс материалдарын өндіруде 3,8%, жеңіл өнеркәсіпте 2,1% өсім қалыптасты.
Сарапшылардың пікірінше, негізгі базалық металдар бағасының өткен жылдың деңгейінде сақталуы Қазақстан өнеркәсібі өндірісінің көлеміне оң ықпал жасады.
2018 жылдың қаңтар-сәуіріне Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының қысқаша қорытындылары былайша сипатталады.
2018 жылғы I тоқсанда жұмыссыздар саны бағалау бойынша 16,6 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі жұмыс күші санына 4,8% құрады. Жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны 2018 жылғы сәуірдің соңына 9,3 мың адамды құрады немесе жұмыс күшіне 2,7% болды.
2018 жылғы I тоқсанда бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы бағалау бойынша 122022 теңгені құрады.
Тұтыну бағаларының индексі 2018 жылғы сәуірде 2017 жылғы желтоқсан айымен салыстырғанда 102,6% құрады. Азық-түлік тауарларына бағалар 3,1%-ға, азық-түлік емес тауарларына –1,8%-ға, халыққа арналған ақылы көрсетілетін қызметтер – 2,7%-ға өсті.
Өнеркәсіп өнімін өндіруші кәсіпорындар бағалары 2018 жылғы сәуірде 2017 жылғы желтоқсан айымен салыстырғанда 5,2%-ға өсті. 2018 жылғы қаңтар-сәуірде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 50895 млн теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 26,1%-ға жоғары.
2018 жылғы қаңтар-сәуірдегі «Сауда» саласы бойынша нақты көлем индексі 102,6%-ды құрады. Бөлшек сауда көлемі 83562,3 млн. теңгені немесе 2017 жылғы қаңтар-сәуірімен салыстырғанда 101,9% құрады (салыстырмалы бағада). Ал көтерме сауда көлемі 44014,7 млн теңгені немесе 2017 жылғы қаңтар-сәуірімен салыстырғанда 104,2% құрап отыр.
Дайындаған Ж.ӘЛМАХАН.