БАУЫРЫМ, БАҚТЫ СЫРТТАН ІЗДЕМЕГІН...

Барша адамзатты жарық нұрға бөлеген қасиетті кітап – Құранды түсірген және оны түсіндіріп жеткізу үшін Өзінің елшісі, ардақты пайғамбары Мұхаммедті (с.ғ.с.) жіберген Алла тағаланың атымен бастаймын.
Сөзімді бастамас бұрын, өзім жайлы сәл баяндасам. Туып-өскен жерім Тереңөзек кенті. Азан шақырып қойған есімім – Дархан. Осы аудан орталығындағы қазақ орта мектебінде әріп танып, білім дариясына сүңгідім. Әкем Серуенбек денешынықтыру пәні мұғалімі, өз мамандығын жетік меңгерген білікті ұстаз. Анам Гүлнафистің мамандығы мейірбике, денсаулық саласында қажымай тер төккен, ақ халатты абзал жан. Отбасында үш ағайындымыз. Әпкем Айнұр, ана жолын қуып медицина саласын таңдап, академия бітірген. Қазір үш бала тәрбиелеп отыр. Інім Нұрхан жоғары білімді спортшы. Көгалдағы хоккейден еларалық додаларға қатысып, республика намысын қорғап жүр.
Атам Сансызбай жоғары білімді, діни сауатты кісі болды. Атадан қалған кітаптарды оқып, жастайымнан имандылыққа ден қойдым. Айт намаздары, жұма күндері, тағы басқа діни дәрістер, уағыз-насихат тыңдау үшін мешітке барып, рухани азық алып өстім. Мектеп қабырғасында спортпен де айналысатынбыз. Талай турнирлерден жүлделермен оралған едік. Бала кезімнен арманым болған әскери мамандыққа дайындалып, 2005 жылы мектепті жақсымен аяқтап, Алматы қаласындағы «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі академиясына» сынақтан сүрінбей өтіп, оқуға қабылдандым. Өкінішке орай, 2-курста оқу орнынан шығып, Қарағанды мемлекеттік университеті, Дене шынықтыру факультетінің «Алғашқы әскери дайындық» бөліміне ауысып, білім алуымды жалғастырдым. Оқи жүріп еркін күрес үйірмесіне жазылып, облыстық, республикалық турнирлерге қатыстым. Жеңіл атлетикадан университет және қалалық жарыстардан жүлделі орындарға қол жеткіздім.
Өмірімнің өзгеруіне себеп болған да осы Қарағанды қаласы еді. Осындағы  түріктер ашқан медреседен Құран, фиқһ, хадис, әдеп, мінез-құлық дәрістерін алуға кірістім. Күндіз университетте болып, жаттығуларыма қатысып, кешке медреседе сабақ алып жүрдім. Дінге деген құлшынысым артып, ұстаздардың әдеп-қылықтарына, білімдеріне қызығып, іздене бастадым. Үлгерімімнің жақсарғанын байқап, ұстаздар Түркияға оқуға жібермекші болды. Бірақ ұсыныстарынан бас тартып, ізденісімді жалғастырдым. Қарағандыда одан басқа мешіттер мен діни орталықтар болатын. «Умма» және Халифа Алтай орталықтарынан Құран тафсирі, хадис, араб тілі дәрістеріне қызығып, жиі баратын болдым. Өйткені, онда Сауд Арабия, Мысыр елдерінде оқыған білімді ұстаздар сабақ өткізетін. Орталықтағы мешітте Нығыман Жандос, Қайрат, Ерсін секілді ұстаз уағыз-насихаттарына қатысатын едім. Сол тұста менде араб елдеріне барып оқуға деген қызығушылық оянды.
ҚарМУ-ды жақсы тәмамдап, дипломды алып, ауылға оралдым. Ата-анама сыртқа оқуға барғым келетінін айтып, рұқсат сұрадым. Олар уайымдап, бірақ, «жолына бөгет болмайық, егер өзің білім алуды қалап, шешім қабылдаған болсаң, жолың болсын», – деп баталарын берді.
Негізінде, мұсылман адам өткеніне өкінбеуі керек. Өйткені, жақсылық пен жамандық Алланың қалауымен болады. Біз «жамандық» деп білетін нәрселердің артында біз білмейтін жақсылықтар жатуы мүмкін. Алайда қателіктерді мойындау, оны қайталамау және басқаларды одан сақтандыру сол қателіктен арылудың төте жолдары. Мәселен, мен оқуды бітірген жылдары жастардың діни білім алу үшін шетелге кетуі көп еді. Қазір қарасам, сол кезде кеткендердің көбісіне түрлі сылтаулармен елден шығып кету арман болған сияқты. Бастапқыда армандаған нәрсесі уақыт өтіп адамның есіл-дерті, көңіл қалауына айналды. Қанша жастар «білім алу – әрбір мұсылманға парыз» деген желеумен қартайған ата-аналарын тастап кеткен. Дінді дұрыс түсінген адам ата-анасының разылығын бәрінен де жоғары қояды ғой. Көптеген жастар араб елдеріне «мұсылман елі» деп кетті. Сонда, деймін-ау, біздің елде тұрып жатқан кімдер? Мемлекет шетелден діни білім алу мәселесін енді реттеп жатқан көрінеді. Жауапты органдар елдің тыныштығын, қауіпсіздігін көздеп, шетелде оқитындардың қай оқу орнында, кімнен білім алатынын қадағалайды. Әттең, сол кезде осындай заңдар болғанда, көптеген жастар адаспас еді. Буындары бекімей, дүниетанымы қалыптаспай, елінде бар білімді меңгермей, отанын тастап, шетел асып кеткен адам бойына барған жерінің мәдениетін, менталитетін сіңіріп келетіні жасырын емес. Пайдалы білімдермен қатар, зиянды пікірлерді де «жұқтыруы» ықтимал. Діни алауыздықтың өршуіне де сырттан оқып келгендердің «еңбек сіңіргені» белгілі. Олардың қасында, ешқайда шықпай, елдегі білімді игеріп, дінге қызмет жасап жүрген азаматтарды білеміз. Сондықтан шетелге діни білім алуға емес, елде алған білімді жетілдіруге, елде жоқ мамандықтарды меңгеру үшін оқып қайтуға болады.
Жоғарыда айтқанымдай, менің білім алуға деген ынтама ата-анам қарсылық танытқан жоқ. Ешбір ата-ана баласына жамандық ойламаса  да, шектен тыс сенім артуы да жаман жолға түсуіне себеп болуы мүмкін. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деген сөз бар. Демек, ата-ана баласына ие болсын. Қайда, кімнен, не оқитынына көз жеткізбей, жауапты органдардың келісімін алмай ешқайда жібермесін. Егер перзентінен дінге, діни білім алуға шектен тыс қызығушылық байқаса, қырағылық танытып, оны дұрыс бағытқа салу қажет, оған сауаты жетпесе, мәселені білетіндердің кеңесіне жүгінген жөн.
Сөйтіп, мен 2011 жылы қыркүйек айында Мысырдағы Александрия қаласына сапарға аттандым. Сонда білім алып жүрген қазақ жігіттері күтіп алып, өздерімен бірге пәтерлеріне жайғастырып, білім алу талаптарына ақыл-кеңестерін беріп, араб тілі орталықтарына апарып, таныстырды. Маған бұл сапарым үлкен әсер қалдырды, бөтен континент, бөтен халық, тіл ... Не керек, содан Алладан көмек сұрап, қиыншылықтарға төзіп, үйренісіп, дәрістерімді ынтамен алып жүрдім.
Бір жылдан кейін отбасын құру мақсатында сол елдің азаматшасымен некелестім. Ата-анасының рұқсатымен мешітте неке рәсімін жасап, мемлекеттік неке мекемесінде тіркетіп, құжатты (куәлікті) ҚР-ның Египеттегі елшілігінен заңдастырып, бекіттім. Сөйтіп, қазақ пен арабты құдаластырдым. Мысыр бізге бөтен болмайды, бұрын Сұлтан Бейбарыс бабамыз билік жүргізген, ол кісінің тұрғызған зәулім мешіті де Каир орталығында тұр. «Скайп» арқылы әйелімді ата-анама таныстырып, баталарын алдық және үнемі хабарласып тұрдық. Аллаға шүкір, қазіргі уақытта Хамза, Мансұр деген ұлдарым өсіп келеді. Мысыр халқы 90% Ислам дінін ұстанушылар, мемлекет ислами зайырлы, демократиялық жүйеде басқарылады. Һижра бойынша VII ғасырда Амр ибн Ас бастаған сахабалардың баруымен Ислам діні тараған. Ал негізгі халқы – байырғы қыбтилер (копт) христиан дінін ұстанады. Әлем бойынша мешіттер саны көп болғандықтан, «мешіттер астанасы» деп те атайды. Бұнда әр 100-150 метр сайын құлшылық ету орындары (намазхана, мешіттер) бар. Онда көптеген жамағаттар және түрлі ұстаздар өздерінің ұстанымдарына сай дәрістер мен уағыз-насихаттар жүргізетін. Атамыз қазақ «қойшы көп болса, қой арам өледі» деген. Сол секілді, білім орталықтары, білім иелері көп болса да, ол жерде анау айтқандай ауызбіршілік байқалмады. Түрлі жамағаттар, алуан көзқарастар. Бірі бірін айыптау. Сол баяғы «мынаны тындама, ананы оқыма». Оның қасында біздегі келіспеушіліктер – шешімі оңай, болмашы мәселелер секілді. Шынайы ғалымдар көп болса, алауыздықтар болмау керек. Осыны да біраз уақыт өткеннен соң түсінген жайым бар.
Араб елдерінде соңғы уақыттарда, атап айтсақ, Тунис, Ливия, Алжир, Египет, Йеменде халық пен басшылық арасында азаматтық қақтығыстар жиілеп кетті. Бұл дауласулардың соңы үнемі жазықсыз бейбіт тұрғындардың апатқа ұшырауына әкеп соғатын. Осындай сипатта өрбіген көтерілістер аяғы Сирия жерінде үлкен қантөгіс соғысқа айналды. Алғашында шииттік ұстанымындағы елбасшысы Башар Асад пен халықтық-демократиялық партиялар арасындағы шиеленіс АҚШ, Англия, Иран, Ирак мемлекеттерінің ықпалымен ушығып кетті. Әр араб мемлекеттеріндегі қақтығыстар құйтырқы саясат ұстанушыларға таптырмас олжадай болды. Олар араға май құйып қойып, өздерінің діттеген мақсаттарын іске асыруға жол іздейтін. Соғыс ошағы тұтанған жерлерде түрлі қарулар, оқ-дәрілер, әскери техникалар сатып «майдан базарын» ұйымдастыратын. Бұған дейін де Ирактың, Ливияның, Ауғанстанның жағдайын жақсы білеміз. Ирактың, Ливияның жерасты байлықтарына қызығып, ыңғайын тауып, елдің ойранын шығарып, әскерлерін кіргізіп, «бейбітшілік орнатушы» ретінде американдықтар тайраңдады. Ең өкініштісі, екі ортада бейбіт халықтың қаны төгілді. Сол секілді Сирия жағдайы теледидардан, радио, ғаламтор желілерінен, газет-жорнал беттерінен мұсылман жерінде әйелдерді, жас балаларды, жазықсыз халықты қынадай қырып жатқаны жайлы бейнематериалдар, мақалалар қаптап кетті. Ал оны түрлі шейхтер әсерлетіп: «Мұсылман әйелдерді, балаларды өлтіруде, намыс қайда? Бұларды кім қорғайды?» – деген уағыз-насихаттарды көбейтті. Оны жер-жаһандағы мұсылмандар көріп, естіп, жүректерінде өшпенділік туындап, Сирия жерін қорғау ниетімен жан-жақтан ағыла бастады. Ол жерде жағдай мүлдем шиеленіскен еді. Сенімдері әртүрлі топтар және Башар Асад әскері мен оның жақтастары Иран әскері арасында түрлі қару қолданған үлкен соғысқа айналды. Халық босқындап, бастары ауған жаққа сауғалады, көрші мемлекеттерге қашып, паналады. Мыңдағаны оққа ұшты.
Көрші мемлекет Мысыр жерінде білім алып жүрген жастар да Сириядағы сарбаздар қатарын толтырды. Олардың арасында Қазақстаннан да қандастарымыз аз емес еді.
Ата-анам уайымдап, теледидардан суық хабарларды көріп, үйге, елге оралуымды бұйырды. Мен ол уақытта жұмыс істеп жүрген болатынмын.
Маған да уағыз-насихат, шақыртулар жасалып, Сирия жеріне аттануға, мұсылмандарға көмектесу міндет екеніне үндейтін. Осы ретте мен радикалды тұлғалардың ықпалымен Сириядағы халықаралық террористік ұйымдарды қолдай бастадым. Өйткені, әсерлі уағыздар тыңдаушыларға жігер беріп, еліктірмей қоймайтын еді.
2015 жылы туған ел, әке-шешемді, туған-туыстарды сағынып, көрісу мақсатында барып қайтуды шештім. Алматы қаласына келген уақытымда жергілікті радикалды көзқарастағы азаматтармен байланысып, олардың Сириядағы бауырларға қаражат жағынан көмек беру керек деген ойларына қосылып, Украина мемлекетіне Алматы әуежайындағы кедендік шекарадан контрабандалық жолмен героин алып өтпек болған жерімде құрықталдым.  «Бір айналдырғанды қырсық шыр айналдырады», – деген шамасы осы болар. Бұл әрекетім де діни түсініктің дұрыс қалыптаспауының көрінісі, адасқандығымның шарықтау шегі. Әйтпесе, дінді дұрыс түсінген адам есірткі тасумен айналыса ма? Шариғат бойынша, егер мақсат ізгі болса, оған жету жолдары да ізгі болуға тиіс. Адамдарды тонап, мұқтаждарға садақа берейік пе? Бірақ, «көрмес түйені де көрмес». Талай естіп, оқыған нәрселерімнің қалай есімнен шығып кеткенін өзім түсінбедім. Егер ұсталмасам, тағы не бүлдіретінімді бір Алла біледі. Сол кезде маған «мынау адамды өлтіру керек, анау жерді жару керек» десе, оны жасаудан тайынбайтын едім. Бірақ, Алла сақтап, ешкімнің өліміне, қанының нақақ төгілуіне себеп болмадым. Сол үшін Аллаға шүкір етем. Сондықтан, осылай құрықталғанымды Құдайды мені аяп, маған жасаған мейірімі деп білем.
Түрмеде теріс ағымның шырмауына оралғанымды түсіндім. Қателескенімді мойындап, ендігі жерде өзімді түзеуге шынайы ниет білдірдім, қол жайып Алла тағаладан дұрыс түсінік беруін сұрап, жалбарындым. Іште қатты өкініш. Үйренген білімді, Құран, араб тілін елге келіп, жас жеткіншектерге үйретпей қателесіп, уақыт өткізіп алғаныма опындым.
Алла тағаладан кешірім сұрап, «тәубе» етіп, жастық қызумен жүріп жіберген қателіктерімді, сүрінген тұстарымды саралап, өз-өзіме есеп бердім. Мұсылман бір жасаған қателігін екінші мәрте қайталамайды деп, қателіктерге бой алдырмауға, тәртіп бұзбауға, қайта алға ұмтылып, болашаққа нық сенімді қадам басуға ниет етудемін. Алла тағала Құран Кәрімде: «Шындығында Алла бір қауымды өзгертпейді, олар өз-өздерін өзгертпейінше», – дейді. Абай атамыз да: «Адамның мінезін өзгертуге болмайды деп айтқан адамның тілін кесіп алар едім», – дейді. Сондықтан, бұл маған өзімді өзгертуіме мүмкіндік, Алланың сыйы деп білемін. Оның үстіне имамдар мен теолог мамандар, атап айтсам, «Нұр-Мүбәрак» университеті ұстаздары, «Ақниет» оңалту орталығының мамандары, жергілікті мешіттердің имамдары келіп, қателескен тұстарымды түсіндіріп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
«Сүрінбейтін тұяқ болмайды» демекші, төрт аяқты тұлпар да сүрініп жатады, ең бастысы дер кезінде түсініп, жөнделгенің. «Аллаға тәубе етіңдер, мүмкін жетістікке жетерсіңдер» және «Әй, иман келтіргендер! Аллаға шынайы тәубе етіңдер» деген аяттарын және де «Алла тағала тәубе еткен құлына қуанады» деген Пайғамбарымыздың хадистері бізді қате, күнәларымыздан Алладан кешірім сұрап, тәубе етуімізге шақырады.
Ендігі арманым – отбасыма оралып, бойларында қазақ қаны аққан ұлдарымды тәрбиелеп, мен жасаған қателіктерді, олардың қайталамауына көңіл бөліп, оларды салауатты, ар-намысты, білімді, елім дейтін, еңсесі биік азамат етіп өсіру. Ата-ана, туған-туыстар ортасына оралып, сенімдерін ақтау.

Д.САНСЫЗБАЕВ.
ЖАРНАМА 24 мамыр 2018 г. 4 157 0