Балаңызды телефон тәрбиелемесін...

Смартфон сөзіне түсініктеме беру артық. Бүгінгі күнде гаджет ұстамайтын адам кемде-кем. Біздің асыққан заманда ұялы телефон – уақытымызды үнемдейтін таптырмас көмекші.

Алайда, оның зияны жоқ емес. 1970 жылдан бері баланың белсенділігі 90%-ке кеміген. Қазіргі баланың бар әлемі смартфон бетіндегі суреттер ғана. Балалар сыртта ойнауға, ағашқа өрмелеуге, бір-бірімен әңгімелесуге жоқ. Сағаттап смартфонға тесіліп отырғанды ғана біледі. Балаға бұлшық етін дамыту керек. Достарымен араласу маңызды.

«Бір қызығы жаңа қоғам тез қалыптасып келеді. Қазіргі адамдардың танымы, түсінігі, таңдауы, иіс сезуі, дәм сезуі, сипап сезуі – бәрі басқаша. Жыл өткен сайын жетіле түспейді. Өйткені, адамдар монитор мен экран алдында тапжылмай отырады. Таза ауаға шығып серуендемейді. Бетпе-бет отырып әңгіме-дүкен құрмайды» – дейді ағылшындық ғалым Сьюзен Гринфилд. Уайымдауға тұрарлық мәселе баршылық.

Бірде пойызда жолаушы болған жас ана екі ай болған сәбиінің жылауын қоюы үшін алдына смартфонынан «Маша мен аю» мультхикаясын қоса салды. Апыр-ай, әрі қарай не болғанын сезіп те отырған боларсыз. Мен де аң-таңмын. Смартфонға тесіліп отырған нәрестеге қарадым да қалдым.

Баланы жұбату құралы ретінде кейде телефон ұстата саламыз. Әсіресе, қонақ келгенде немесе қонаққа барғанда бала тыныш отырсын деп қолына бере қоятынымыз рас қой.

Балалар электромагнитті толқындардың әсерінен көбірек зиян алады. Сондықтан кішкентайларға телефонды бергеннің алдында, оны «автономиялық» режимге қойыңыз.

Заманауи гаджеттерді қолдану адам денсаулығына қандай да бір зардап тигізетіні бірінші рет анықталып отырған жоқ. Сондықтан смартфонды қолдануды барынша шектеңіз. Жүріп бара жатқанда телефонды мүмкіндігіңізше аз қолданыңыз.

Қарапайым телефон мен смартфонның радиация тарату мөлшерін салыстырғанда смартфонның зияны көп болған. Себебі, сіз сөйлесіп жатқан уақытта сіздің смартфоныңыз ғаламтор желісімен байланысып тұрады. Смартфондағы түрлі бағдарламалар бір мезетте ақпаратты алып немесе жіберіп жатады. Бұл жағдай радиация мөлшерін әдеттегіден еселеп жібереді екен. Сондықтан, телефонды сөйлесу кезінде интернет желісінен ажыратып қою ләзім.

Қоңырау түскен сәтте оның радиациясы ең жоғары деңгейде болады. Сондықтан, қоңырау шалғанда қарсы жақ телефонды көтергеннен кейін барып тұтқаны құлаққа жақындатыңыз.

Ғалымдардың жүргізген зерттеулері бойынша, адам ұялы телефонды қолданғанда оның миы басқаша жұмыс істей бастайды. Бір сағаттық әңгіме нәтижесінде, телефон қойылған жақтағы мидың бөлігінде көбірек глюкоза алмасуы болады. Бұл зерттеулер де әлі жалғасуда, мамандар бұл факті адамның денсаулығына қалай әсер ететінін айта алмай отыр. Алайда телефон миымызға әсер етіп, жұмысын өзгертетіні рас. Заманауи адамға қаупін қанша айтсаң да телефонын тастамасы анық. Ұялы телефонға құлақшын жалғап, сол арқылы сөйлесіңіз. Телефонды қалтада, белдікте, ұстамаңыз. Телефонды қолда ұстап, жастықтың астына салып ұйықтамаңыз. Мүмкіндік болса, қоңырау шалғанның орнына хабарлама жаза салыңыз. Желі «ұстамайтын» жерлерден қайта-қайта телефон шалуға тырыспаңыз. Бұндай кездері телефон толқынды көбірек шығаратынын білгеніңіз жөн.

Қазір қоғамдық көлікте, көшеде құлаққап таққан жастарды көп кездестіруге болады. Жастар дейміз-ау... Орта жасқа келіп қалғандар да кездеседі. Осы кішкене ғана құрылғы қанша адамға қайғы әкеліп жатқанын ескере де бермейміз. Сол себепті, гаджеттен бас тартуды өзімізден бастаған дұрыс. Уақытты гаджетке немесе көк жәшікке емес, көбірек бала тәрбиесіне арнау керек.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы».

ЖАРНАМА 23 сәуір 2018 г. 1 030 0