Мұнай компаниясындағы дау неден шықты?

    «Сибу Қызылорда» ЖШС инженерлік бұрғылау компаниясы жұмысшыларының арызынан кейін еңбек ресурстары департаментінің директоры Әлия Егембергенова жұмыстан шеттетілді. Оған Қылмыстық Кодекстің екі бабы бойынша айып тағылып отыр.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ішкі істер депар­таменті бастығының орынбасары Нұрлан Анарбаев жұмысшылардың полицияға топ­тасып арызданғанын жеткізді. Олар ком­­панияда талай жылдан бері еңбек ресурстары департаментін басқарған Әлия Егембергенованың вахталық жұмысқа жіберу үшін өздерінен әртүрлі көлемде ақша талап еткенін көрсеткен.

– Оған қатысты «алаяқтық жасады және заңсыз сыйақы алды» деген айып тағылды. Факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр, – деді Н.Анарбаев.

Сонымен қатар, департамент бастығының орынбасары әлеуметтік желілердегі тергеу­шілердің қысым көрсетуі туралы жазбалар шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

«Сибу Қызылорда» серіктестігінің 46 жұмысшысы облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасына да жүгінген. Онда да негізгі уәж – еңбек ресурстары департаменті басшылығының заңға қайшы тірлігі.

– Арыз бойынша жоспардан тыс тексеру жүргіздік. Нәтижесінде вахталық жұмысқа баратын жұмысшылардың жұмыс кестесінің жоқтығы, сондай-ақ жыл сайынғы еңбек демалысына берілетін төлемақының уақытынан кеш берілетіні анықталды, – деді басқарма басшысының орынбасары Тұмар Шалбаева.

Брифингте компания басшысы Ван Дося жұмыс көлемінің азаюына қарамастан, қысқарту болмағанын мәлімдеді. Жыл басында еңбеккерлердің жалақысы орташа есеппен 10 процентке көбейіп, вахталық жұмысқа баратын азаматтардың кестесі бекітілді.

– Арызданушылардың ешқайсысына қу­да­лау жасалған жоқ. Өндірісте істейтін жұмысшылардың еңбек шарттары мен тамақпен қамтылуына қатысты кемсітушілік болған емес, – деп мәлімдеді ол.

2015 жылы компания 11 бұрғылау қондырғысына қызмет көрсетсе, қазір соның тек 3-і жұмыс істеп тұр. Алдағы айда қосымша қондырғылар іске қосылмақ. Бұл тағы 450 адамның жұмыспен қамтылуына мүмкіндік береді. Облыс әкімдігінің ұсынысымен наурызда бас директордың әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары тағайындалады. Лау­азымды қызмет қазақстандық азаматқа жүктеледі.

Компания жұмысшыларының ас-ауқатына жауапты «АлтайТоргСервис» ЖШС бөлім басшысы Берікбол Жеткерген кәсіпорында қазақстандықтар мен шетелдіктер тұтынатын тамақ мәзірі екі түрлі болғанымен, бөлінетін қаржы көлемі бірдей екенін жеткізді. Мұнай компаниясында 459 адам еңбек етсе, соның 436-сы – отандасымыз, қалғаны – шет ел азаматтары.

Аталған мәселе аймақ басшылығының бақылауында. Бұған дейін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында компания жұмысшыларымен кездесу өтіп, арызданушылардың шағымдары тыңдалды. Түйткілді шешу мақсатында тиісті шаралар қабылданды.


Назерке САНИЯЗОВА.

«Сыр бойы».

ЖАРНАМА 26 ақпан 2018 г. 807 0