« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Өткенде Шымкентте бизнесмен мен олигархтың ұлы мен қызы үйленіп, дүркіреген той болды. Сондағы торттың дәмі, дәмі деппін, бағасы мен көлемі жұрттың аузында жүр әлі.
Оның құнына қатысты ақпарат ала-құла. Бірақ, көп жерде 179 мың долларды шамалайды. Қазіргі ұлттық валюта бағамымен бұл дегеніңіз – 59 миллион теңгенің ар жақ-бер жағы. Атышулы тәттінің авторы, ресейлік кондитер Ринат Агзамов әлеуметтік желідегі парақшасында оның диаметрі – 3 метр, астындағы арбамен қоса алғандағы биіктігі – 4,2 метр, ал салмағы 1,5 тонна болатынын жазды. Бірақ қанша тұратынына қатысты құпияны ашқан жоқ. «Біз әзірлеген торт бүкіл Қазақстанды шулатыпты. Бағасы жайындағы әртүрлі ақпараттың ешқайсысы шындыққа жанаспайды. Мұны екі-ақ адам біледі: бірі – мен, екіншісі – тапсырыс беруші. Осының өзі жеткілікті», – деді ол Instagram парақшасында. Алып тортты аспаздар үш күн бойы ұйықтамай пісірген. Өзін құдды бір хан сарайының көшірмесі дерсің. Оның ішінде ерлі-зайыптылардың күймемен жүргені тіпті ертегіні көз алдыңа әкеледі. Қалталы құдалардың тортқа осылай шашылғанына қарап, той шығынын топшылай беруге болатын сияқты.
Оңтүстік Қазақстанда тағы бір тойда қонақтар зәулім торттан дәм татты. Youtube қолданушысы жүктеген видеодан залға оны алты даяшының алып бара жатқаны көрінеді. Он бөліктен тұратын тәттінің биіктігі 2,5 метрге жуықтайды. Автор видеоға тек «Свадебный торт Шымкента» деп сипаттама берген.
Астаналық кондитер Динара Еремеева дайындаған дәмді десерт те көлемі мен бағасы жағынан бас шайқатады. Биіктігі – 1,5 метр болса, құны жарты миллионға жуықтайды. Оны пісіру айналдырған төрт-бес адамға оңай соқпаған. «Қазақстанда 6-7 шеңберлік торттардың бағасының өзі келісіне 7000 теңгеден кем болмайды. Ал бұл 300 адамға арналған. Қазақстанда, оның ішінде Астанада әзірге алып торт дайындаған біз ғана шығар», – дейді Динара «Today.kz» сайтының тілшісімен сұхбатында.
Ең қымбат, ең үлкен, ең биік торттар туралы ақпарат аз емес. Дегенмен, оның көбі белгілі бір ауқымды мерекелерде немесе атағы дардай адамдардың үйлену тойларына арнап әзірленеді. Сол «ауру» бізге де жұқты. Бұған дейін қазақ кортежіне тікұшақ жалдап та, гауһар тастан шашу шашып та, Голливуд жұлдыздарын шақырып та той жарыс жасады. Ендігісі – мынау.
Ал Facebook әлеуметтік желісінің қожайыны Марк Цукербергтің үйлену тойының қалай өткеніне қарап «байғұс-ай» деуіңіз мүмкін. 2012 жылы ол шаңырақ көтеру салтанатына небәрі 100 шақты адам шақырған. Тойды соншалықты бір зәулім сарайда немесе мейрамханада емес, үйінің ауласында ұйымдастырған. Оның үстіне, жас миллиардер қонақтарға үйленетінін айтпай, тосын сый жасаған. Ал ас-ауқатты, тортты жақын жердегі шағын мейрамхана мен кондитерлік дүкеннен алдырған. Қалыңдық қарапайым ғана шілтерлі ақ көйлек киіпті. Марктың өзі тек сол кезде костюм киіп, галстук таққан. Әдетте ол жеңіл қара жейде киіп жүреді, байлығы асып-тасқан болса да жұрттан ерекшелене бермейді...
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |