ҚОРҚЫТ АТА ТҰЛҒАСЫ ТУРАЛЫ

Ұлт тарихындағы кемеңгер, мүбәрәк тұлға Қорқыт мұрасы, ой қазынасы халқымыздың шығармашылық даналығын, философиялық дүниетанымын, таңғажайып күйшілік қабілетін терең танытады. «Қорқыт ата кітабы» – ұлт тарихы мен мәдениетінің Бас кітабы. Мұхиттай шалқыған ойдың, даналық дәрістердің, сөз гауһарларының әлемі.

Қорқыт – оғыз-қыпшақ қауымынан шыққан сұңғыла дана, ақылгөй, батагөй, сәуегей, асқан абыз, жырау, қобызшы, қазақ бақсыларының пірі, күй атасы.

Қазақ музыкасы мен философиясында «Қорқыт күйі», «Қорқыт сарыны», «Қорқыт толғауы», «Тәңір биі» дейтін рухани сұлулық пен ізгілікке бөленген үздік дәстүрлер, сырлы мақамдар қалыптасып дамыған. Демек, Қорқыт – Ә.Марғұлан айтқандай, «керемет иесі», «ұлыстың ұлы кеңесшісі, қария сөз айтушы, тарихи оқиғаларды жырлап беретін жырау». VI-VII ғасырларда Ұлытаудың теріскейі мен Дегелең тауында қобыз аққуға ұқсастырылып тасқа бедерленген. Аққу – сұлулықтың, пәктіктің символы, түркі жұрттарының киесі, тотемі. Қорқыттың қасиетті қобызын құрметтеп ұстаған, сарынын жеткізе толғаған Жанақ, Нысанбай, Марабай, Қазақбай жыраулар. «Мен өзім асқар белмін, шалқар көлмін, түйенің жотасындай жалпақ елмін» деген Жанақ ақын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын қобызбен толқыта-шалқыта орындаған. Бұған ет-жүрегі елжіреген Құнанбай қажы сыйлық ұсынған. Оқымысты Ә.Марғұлан қазақ қобызшыларының кереметтерін келтіре сипаттайды. Мысалы, Қойлыбай бақсы алты қанат ақ орданы жалауша желбіретіп көтерген, тағы бір бақсының қобызы аспанға самғап, сәйгүліктердің алдынан келген. Кейбір күншілдер қобызды ағашқа тас бекітіп тастаса да, бұлқынып босанып кеткен. Шыңғыс заманында ғұмыр кешкен Төбе тәңірі «Мен Тәңірінің өзімен тілдесемін, көкке шығып жүремін» дейді екен...

Немесе Каспий маңын мекендеген түркі тұқымдас қидандарда ханның алдында бір жыл ішінде әр күн сайын күй ойналады екен.

Білімпаз Әлішер Науаидың «Жақсылардың мәжілісі» кітабында «Бақсы-жыраулар кей уақытта адамнан безіп, даланы, тау-тасты аралап жүретін еді» деген пікірі бар. Расында атақты күйші-қобызшылар Жұмағұл, Қойлыбай, Ықыластар өзен бойында сұңқылдата күй төккен.

Ә.Марғұланның сипаттауынша, Қорқыт желмаясы құсқа жеткізбейді, дариялардан ұшып өтеді, дүниенің бір шетінен екінші шетіне жету ештеңе емес. Суда көр қазушы болмас, терең ағыс-иірімдерге ажал, өлім келе қоймас деп ойлап, кілемін жайып, аспандағы құстың ұшуын, самал желдің соққанын тыятын толқынды күйлер, толғаулар шығарады, сөйтіп ғасырға жуық ғұмыр кешеді...

Қорқыт мұрасын, дәстүрін мықтап, ұстанған халық мәдениетінің көрнекті өкілдерін Ә.Марғұлан былайша жүйелеп топтастырады:

1. Бақсы-жыраулар – Қойлыбай, Балақай, Қарамырза, Нысан абыз.

2. Қобызбен күй орындағандар – әл-Фараби, Кетбұға.

3. Сәуегей жыраулар, ділмәрлар – Сыпыра жырау, Асан қайғы, Шәлгез, Қазтуған, Тәтіқара, Әнет баба, Бұқар жырау, Майлықожа, Үмбетей.

4. Қорқыттың рухани дәстүрлерін жалғаған, қобызбен жыр туындатқан ақындар – Балқы Базар, Ерімбет жырау, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Абыл, Оңғар жырау, Шораяқтың Омары.

Академиктер В.В.Бартольд пен В.М.Жирмунскийдің «Қорқытты қадірлеудің Сырдария жағасында мыңжылдық өнегесі бар» деген ой-түйінін Ә.Марғұлан орынды келтіреді.

Ә.Науаи «Бетіне нұр жауғыр Қорқыт ата еді, түркі ұлысы арасында одан даңқты, одан асқан кісі жоқ еді. Оның даңқы ешкімге жеткізбейтін еді. Өзгешелігі, данышпандық атының көп шығуы, неше жыл өзінен бұрынғыны білуі, неше жыл өзінен соңғыны, келешекті айтып беруі, оның таңқаларлық нақыл сөздері осы күнге дейін бар» дейді. Расында, осынау ұлы шығармада Қорқыт заманында жасаған 366 алып, 24 би, 32 білгір, ел басқарушы туралы нақыл сөздер бар. Солардың кейбіреулерін келтірейік: «Қаратаудай мал жиса да, кісі көзі оған тоймас», «Кекірейгенді тәңір сүймес, көкірегін көтергенге бақ қонбас», «Жас өседі, жарлы байиды», «Өшкен келмейді, өлген тірілмейді», «Қыз анадан көрмейінше үлгі алмас, ұл атадан көрмейінше үгіт алмас», т.с.с. Адам баласының сан ғасырлық тәжірибесінің қорытындысы, ақыл-ой сүзгісінен шыққан ғибратты, мағыналы асыл сөздер ғой.

Естінің жан-жүйесін, ой-сезім дүниесін дүр сілкіндіретін күйлі-қуатты ұлы тілектер де мол. Мәселен,

Үйірлі Қаратауың жығылмасын,

Зәулім бәйтерегің кесілмесін.

Тулап аққан мөлдір суың сарқылмасын.

Қанаттарыңның ұшы қырқылмасын.

Шабар болсаң, ақбоз атың арымасын.

Шапқаныңда қара болат қылышың кетілмесін.

Шаншарыңда ала найзаң мұқалмасын.

Ақ жаулықты анаңның тұрағы пейіш болсын,

Ақсақалды бабаңнаң тұрағы жұмақ болсын.

Хақ жандырған шырағың сөнбесін,

Қадір Тәңірі сені арамызға мұқтаж етпесін!

Қорқыт мұрасында жер-су, мал атаулары, әскери өнердің басты ұғымдары жөнінде ел тарихы мен тіл төркіні деректер жеткілікті. Қорқыт ата – түркі руханияты дүниесіндегі таңғажайып бір құбылыс. Оның тұлғасы мен мұрасы, өнері мен өрендігі – адамзатқа ортақ игілік.


Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

«Егемен Қазақстан», 12 қазан, 2017 жыл.

ЖАРНАМА 23 қараша 2017 г. 1 214 0