Сейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен жиын өтіп, онда аймақта тоғыз айда атқарылған жұмыстар сараланды.
Сыр өңірінде жыл басынан бері бірқатар жұмыстар атқарылған. Аймақтағы құрылыс жұмыстарының қарқынын айтпағанның өзінде ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығы серпінді даму үстінде. Үдемелі индустрияға да кеңінен көңіл бөлініп отыр. Шыны зауытының құрылысы жандана бастады. Тампонажды цемент өндіретін зауыт соғылып жатыр. Осылайша, нәтижеге бағытталған жұмыстарды саралаған Қырымбек Елеуұлы Алашқа ана атанған аймағымызға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келіп, облыстың даму динамикасына оң бағасын бергенін айтып, жиында қаралатын мәселелерге тоқталды.
– Бүгінгі мәжілісте Елбасының Жолдауынан туындайтын міндеттердің, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен облыс әкімдігі арасындағы меморандум индикаторларының, 2017 жылға арналған облыс әкімінің іс-қимыл жоспарының орындалуы және ағымдағы жылдың 9 айындағы аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын қарайтын боламыз, – деді облыс басшысы.
Алғашқы болып облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов хабарлама жасап, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Республика Президентінің Жолдауындағы міндеттердің орындалу барысын баяндады.
Есепті кезеңде облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 547,9 млрд теңгенің өнімін өндірген. Өңдеу өнеркәсібінде өсім 6,2 пайызға қамтамасыз етіліп, 78,2 млрд теңгенің өнімі өндірілді.
Мемлекеттік бюджетке салықтар және басқа да міндетті төлемдерден 72,6 млрд теңге түсім түскен. Оның ішінде республикалық бюджетке 40,8 млрд теңге құйылса, жергілікті бюджетке 31,8 млрд теңге түскен. Бюджет қаржысын тиімді игеру қажет. Тоғыз айдағы көрсеткіштерді салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, Қызылорда қаласында 97,6 пайызға, Аралда 99,1 пайызға, Қазалыда 98,7 пайызға, Қармақшыда 99,9 пайызға, Жалағашта 99,8 пайызға, Сырдарияда 98,5 пайызға, Шиеліде 99,5 пайызға, Жаңақорғанда 99,9 пайызға орындалған. Облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілері бойынша бюджеттің атқарылуы 99 пайызды құрап отыр. Республикалық бюджет қаржысы 95,3 пайызға, ал, жергілікті бюджет қаражаты 99,7 пайызға игерілген. Облыс әкімі бюджет қаржысы жыл соңына дейін 100 пайыз игерілу қажеттігін назарға салды.
Аймақтағы ауылшаруашылық саласында да алға ілгерілеушілік байқалады. Бұл мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов айтып өтті. Ол Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы туралы баяндама жасады.
Жалпы, агроөнеркәсіп секторында да өсімдік шаруашылығын әртараптандыру бағдарламасы нәтижелі жүзеге асырылуда. Соңғы 3 жылдың ішінде малазықтық дақылдар, майлы дақылдар және азықтық дән алқабы 6 мыңнан астам гектарға артқан. Өндірістік негізде картоп, көкөніс және бақшалық дақылдар өндірісін дамыту қолға алынды. Оған қоса, осы кезең ішінде, әсіресе, дақыл сортының өнімділіктерін арттыру есебінен күріштің жалпы өнімі 30 пайыздан астамға өсті. Биыл облыс тарихында бірінші рет 500 мың тоннадан астам Сыр маржаны қамбаға құйылды.
Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін сату нарығын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тарқатып айтар болсақ, Қытайға жылына 5 мың тонна, Түркияға жылына 1 мың тонна және Иранға жылына 8 мың тонна күріш жіберу бойынша келіссөздер жүргізілген. Көп жылдардан бері қордаланып келген бақшалық дақылдар экспорты да қолға алынды. Нәтижесінде, биылғы жылы оның көлемі 8 есеге дейін артты.
Үкіметтің қолдауымен облыстың буферлік аймақтан шығуы малды экспорттауға мүмкіндік берді. Бүгінде малдың алғашқы партиясы Иранға жөнелтілді. Жыл аяғына дейін аталған елге 10 мың бас қой экспортталатын болады. Ал, болашақта экспортқа ет және ет өнімдерін шығаратын боламыз.
Жыл басынан бері ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің өсімі тұрақты сақталуда. Бұл нақты көлем индексімен ағымдағы жылдың 9 айында 104,1 пайызды құрап отыр. Ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамытуға да аса мән берілген. Әсіресе, ет және сүт бағытындағы жұмыстарда алға ілгерілеушілік байқалады. Біржарым жыл ішінде 2806 ұсақ тауарлы өндірістерді біріктірген 241 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды.
Мұнан кейін мінберге облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов көтеріліп, инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының және «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының орындалу барысы туралы баяндама жасады.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 3 мектеп бой көтеруде. Ал, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2017 жылы облыс бойынша 151,5 мың шаршы метрді құрайтын 1983 пәтерлі 47 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда «Бәйтерек Девелопмент» АҚ желісі арқылы 300 пәтерлі 5 тұрғын үй «СПМК-70» шағын ауданында пайдалануға берілді. Жаппасбай батыр көшесі бойынан және Титов ауданында салынған 680 пәтерлі 14 тұрғын үй игілікке берілді. Ал, «Самұрық Қазына» АҚ желісі арқылы бой көтеріп жатқан 400 пәтерлі 5 тұрғын үйді ағымдағы жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Бұған қоса әлеуметтің әлсіз топтарына арналған сатып алу құқығынсыз жалдамалы 12 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, осы жылдың аяғына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.
Сыр бойында әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған жұмыстар баршылық. Индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы да, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы да орындалуда. Өз кезегінде хабарлама жасаған облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким осы мәселелерге тоқталды.
Индустриялық-инновациялық бағыттағы жұмыстарды саралайтын болсақ, келер жылы молибден қышқылын өндіретін кәсіпорын іске қосылып, оның негізгі өнімі Жапонияға экспортталатын болады дейді мамандар. Шыны зауытының құрылысы аяқталып келеді. Астана қаласының туған күніне орай бұл зауыттағы өнімнің алғашқы партиясын шығару жоспарланып отыр. Шиелі ауданында тампонажды цемент өндіру зауытының құрылысы жүргізілуде. Оның өнімі құрылыста, оның ішінде мұнай-газ және уран салаларында пайдаланылады.
«Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнындағы сауықтыру жұмыстары аяқталды. Мамандар енді сол жерде газ-турбиналық электрстанциясымен бірге кен-байыту комбинатының құрылысын жүргізуге кірісіп кетті. 2019 жылы комбинат жылына 2 млн тонна, 2020 жылы 4 млн тонна кенді қайта өңдейтін болады. Комбинаттың іске қосылуымен 1500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Осы жерде гидрометаллургия зауыты құрылысының жобасын жасау жұмыстары басталды. Британ инвесторларымен бірлесіп, «Баласауысқандық» ванадий кенішінде қара тақтатас автоклавты қайта өңдеу жобасы жүзеге асырылуда. Алғаш рет 110 тонна метаванадат аммонийі қазірдің өзінде Тайваньға экспортталды.
Жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының іске асырылуы барысында Қызылорда қаласының кәсіпкерлері 47 жоба ұсынса, Шиелі – 13, Қармақшы – 11, Қазалы – 10, Жалағаш – 11, Арал – 8, Жаңақорған – 4, Сырдария 3 жоба ұсынған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов айтып өтті.
Өңірімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 4 кіші бағдарламаларын ілгерілету және үйлестіру бойынша облыстық жұмыс тобы, Сарапшылар кеңесі және Жобалық кеңсе, Жобалық топ, хатшылық құрамы құрылды. Аталған топтар құрамына өңірдің зиялы қауым өкілдері, депутаттар, үкіметтік емес ұйымдар, ардагерлер, этномәдени ұйымдар мен БАҚ өкілдері, партия жетекшілері енгізілді. Бағдарламаны ілгерілету мақсатында және қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруді насихаттайтын облыстық ақпараттық-насихаттық топ құрылды. Аталған топ мүшелері Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда кездесулер өткізіп, аймақ тұрғындары арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Қазір аймақта рухани жаңғыру аясында 60-тан аса жоба жүзеге асырылуда. Бекітілген жоспарларда бағдарламаның 4 кіші бағытын және нысаналы топтарға бағдарланған түрлі форматтағы іс-шаралар толық қамтылды.
Сыр өлкесінің озық мәдениеттің дәлелі болған сақтардың ордасы – Ортағасырлық Шірік-Рабат, оғыздардың астанасы атанған – Жанкент, қыпшақтардың және қазақ хандығының бірінші астанасы Сығанақ қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстары сәтті жүргізілді. Қазақстандағы киелі жерлер картасына республикалық маңызы бар 10 ескерткіш енгізілді. «Тарих толқынында» жобасы аясында Қармақшы ауданындағы ортағасырлық Сортөбе, Шірік-Рабат қалашықтарына экскурсиялар, пресс-турлар ұйымдастырылды. «Қорқыт Ата» мемориалдық кешені жанынан ашылған Этноауылдың жұмысын ерекше атап өтуге болады. Сыр өңірінің өнері өз жерімізде ғана дамып қоймай, Ресей, Түркия, Лондон, АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон қалаларына, Әзербайжан, Өзбекстан Республикаларына танылуда. Биыл облысымыздың өнер ұжымдары облыс әкімінің қолдауымен Баку, Шеки қалаларында өнер көрсетіп қайтты.
Бұдан бөлек облысымызда бірқатар рухани жаңғыруға негіз болатын мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды. Олардың бастысы ретінде түркітілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалін атап өтуге болады. Мемлекет және қоғам қайраткерлері С.Оспанов пен Ш.Есеновтің 90 жылдығы аталып өтілді. «100 жаңа есім» жобасына ондаған жерлесіміз ұсынылды.
Осы негізде баяндама жасаған Руслан Рүстемұлының хабарламасынан кейін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев рухани жаңғыруға аса мән беру керектігін жиылған жұрттың қаперіне салды.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.