Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің құрылған кезінен бастап орасан біріктірушілік пен зияткерлік әлеует жинақтап, халықтық дипломатия институты үлгісіне бейімделе отырып, ұзақ даму жолынан өтті. Еліміздегі жүзден аса этностың басын біріктіретін бірегей құрылым тұрақтылықты сақтап, республиканың ілгерілей дамуы үшін маңызды рөл атқарды. Бүгінгі күні елімізде барлық этностардың мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ассамблея қызметі этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделін арттыруға ықпал етіп келеді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясына елiмiздегi қайырымдылықты үйлестiру, Қоғамдық келiсiм кеңестерi мен Аналар кеңестерiнiң қызметiн жүргiзу, медиация желiсiн дамыту сынды жаңа мiндеттердi жүктедi. Сыр елінде осы мәселелер өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні облыстық Ассамблеяның құрылымдары өңірдегі берекелі бірлік пен ынтымақты тірліктің қалыптасуына, қоғамдық келісімнің нығаюына жұмыс жасауда. Қазіргі таңда облыстық Ассамблеяның 11 этномәдени, аудандарда 6 этнобағытталған бірлес¬тіктері, 145 аналар кеңесі, 155 қоғамдық келісім кеңесі, 22 достық клубы, 1 ғылыми-сарапшылық тобы, 1 медиация кабинеті, облыстық мәслихатта депутаттық тобы, журналистер мен сарапшылар клубы, жастар қанаты бар. Осындай үлкен ауқымдағы қызметтері Ассамблеяның іргелі шаңырақ және татулықтың теңдессіз тірегі екенін көрсетті.
Ассамблея қызметінің жаңа бағыттарының бірі – медиация институтын дамыту болып отыр. Соған сай 2016 жылдың 31-ші наурызында «Достық үйінде» медиация кабинеті ашылды. Облыстың кәсіби және кәсіби емес медиаторларының ортақ базасы жасақталды. Бұл бағытта облыс көлемінде 38 кәсіби және 343 кәсіби емес медиатор жұмыс жасайды.
Тағы бір жағымды жаңалық – «Достық үйінде» тілдерді оқыту кабинеті де жүйелі жұмыс жүргізуде. Кабинетте мемлекеттік және ағылшын тілдері оқытылуда. Соның ішінде, қазақ тілі этнос балалары мен жастары үшін 63 сағаттық оқу бағдарламасы негізінде аптасына 2 реттен оқытылады. Сондай-ақ, этномәдени бірлестік өкілдері қазақ халқының салт-дәстүріне арналған түрлі шараларға қатысып, өз танымдарын арттырып келеді.
Облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің отырыстарында жергілікті мекемелердің атқарған қызметтері туралы қоғамдық тыңдау жүйелі өткізілуде. Бүгінде облыстың Қоғамдық келісім кеңесі жұмыстарының оң тәжірибесі республика көлемінде насихатталып жүр. Ал, облыстық Аналар кеңесі «Аналар – аналарға» атты қайырымдылық акциясын жүйелі түрде өткізіп тұрады.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген мәселелер қоғамды рухани дамуға бастайтын маңызды қадам. Елбасы өз мақаласында елді жаңа жетістіктерге, жаңа биіктерге жетелейтін жүйелі шараларға жол сілтей отырып, басты құндылық ретінде елдің бірлігін биікке көтеру шын мәнінде өзекті екеніне баса көңіл бөлді. Мақалада бәсекеге қабiлеттiлiк, прагматизм, ұлттық бiрегейлiктi сақтау, бiлiмнiң салтанат құруы, Қазақстанның эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы секілді маңызы жоғары мәселелер қамтылған. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қазақ тiлiн латын әлiпбиiне көшiру, «Туған жер», «Қазақстанның киелi жерлерiнiң географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есiм» сынды жобаларды жүйелi iске асыруды да тапсырды.
Ең бастысы, ұлттың татулығы, бірегейлік пен бірлікті нығайтуды басты мақсат санап, әрбір адамды өз тағдырына жауапкершілікпен қарау керектігіне үндейтінін алға тартты. Жанның тілі, діні басқа болғанымен, тілегі бір. Мақсат-мүддесі ортақ. Бұл мақала тарихымыздың ұлағатты тұстарынан үлгі ала отырып, болашаққа тың бағдар бергендей. Біз Ұлы Даланың қазыналы тарихын зерделеу арқылы елін сүйетін, жерін қастерлейтін жаңа қазақстандық ұрпақ тәрбиелейтін жағдайға жетіп отырмыз. Бұл тарихи маңызы бар мақала. Рухани жаңғырусыз саяси-экономикалық модернизацияға иек арту жеткіліксіз. Мемлекет басшысы мақаласының басты діңгегі осы болса керек. Жалпы, сан саланы қамтып, таяу келешекке маңызды міндеттерді жүктеп берген мақаладағы міндеттерді жүзеге асыру жолында Ассамблея мүшелері аянбай еңбек етеді.
Шынар БЕКБАН.