КҮРІШТЕН ЫРЫС, ТҮЛІКТЕН ТАБЫС ЖИҒАНДАР

  Ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі жəне қоғамның экономикалық жəне қоғамдық-саяси тұрақтылығын анықтайтын факторы болып табылады. Сондықтан да аграрлық сектордың дамуы мемлекет үшiн экономикалық жəне ең бастысы əлеуметтiк негізде стратегиялық жағынан маңызды. Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар, оның ішінде «Агробизнес-2020» бағдарламасы отандық ауыл шаруашылығы өнімінің бəсекеге қабі¬леттілігін жəне азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жиынтығын қамтиды.
Иә, мемлекет, ауыл шаруашылығын қолдау шараларына аса мән беруде. Соның бір ғана мысалы 2017 жылы облыстың ауылшаруашылық секторын мемлекеттік қолдауға 9,2 млрд теңге қаржы бөлініп, өткен жылғы көрсеткіштен 2,2 пайыз артты. Мәселен, облыс бойынша 2017 жылғы күзгі дала жұмыстарына бөлінген арзандатылған дизель отынының көлемі 16 мың тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта облысқа белгіленген операторлар арқылы қажетті дизель отыны толығымен облысқа жеткізілді. Тұқым шаруашылығын дамытуда мемлекеттік қолдаудың арқасында 2017 жылы егілген егіс көлемінің 100 пайызы жоғары репродукциялы тұқыммен себілді. Облыс бойынша астық жинау науқанына 1830 трактор, 838 комбайн, 456 жатка, 394 тасымал көлігі және 905 дана трактор тіркемесі қатысуда.
Көктемде шаруашылықтарда 18397 га жаңа жоңышқа (101,4 пайыз), 6685 га мақсары (90,7 пайыз), 3545 га жаздық дәнді дақылдар (108,5 пайыз) (бидай, арпа, сұлы, дәндік жүгері, тары) егілді. Сонымен қатар, биыл жеміс-жидек өндірісін ұлғайту мақсатында барлығы 106 га (оның ішінде, 96 гектарға жеміс ағаштары мен 10 гектарға жүзім) жерге жеміс-жидек екпелері егілді. Өңірде  4591 га картоп (100 пайыз), 5015 га көкөніс (100 пайыз), 7120 га бақша (100 пайыз), 310 га күнбағыс және 600 га сүрлемдік жүгері дақылдары егілді.
Биыл Сырдың бас дақылы күріш 9203 гектарға артты. Тамыздың соңғы күндері күрішке орақ түсті. Облыс бойынша күріштен өзге дақылдар  толықтай жиналып болды. Бұл күндері өңірде картоп, көкөніс, бақша өнімдерін жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Үстіміздегі жылы облыс бойынша 180,2 мың гектар жерге егіс егілді. Жалпы ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға артық егілді. Мұның басты себептерінің бірі Сырдария өзенінде су барынша  мол болды. Жаңадан ашылған жерлерге күріш дақылы егілді.
Сыр өңірі егін шаруашылығымен қоса мал шаруашылығын қатар дамытып келе жатқан аймақ. Жыл басынан бері облыс бойынша барлығы 18002,8 тонна ет (тірі салмақта), 45659,2 тонна сүт және 3056,2 мың дана жұмыртқа өндірілді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім тиісінше ет 1,8 пайызға, сүт 1,7 пайызға және жұмыртқа өндіру 11,9 пайызға артық өндірілген.
«Сыбаға» бағдарламасына сәйкес үсті¬міздегі жылы 2100 бас аналық сиыр (72 бұқа) сатып алу жоспарланып осыдан бүгінгі күні 68 шаруашылық 2483 бас сиыр сатып алынып, жоспар 118,2 пайызға орындалды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 1000 бас қой (40 қошқар) алу жоспарланып, 10 шаруашылық 1513 бос қой сатып алынып, жоспар 151,3 пайызға орындалды.
«Құлан» бағдарламасы бойынша 500 бас жылқы сатып алу жоспарланып, бүгінгі күні 19 шаруашылық 509 бас бие сатып алынып жоспар 101,8 пайызға орындалды.
2017 жылы Қызылорда облысы әкімдігі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің арасында келісілген үшжақты индикативті іс-шара жоспары бойынша 20-дан астам жеке қосалқы шаруашылықтардың бірігуімен барлығы 19 ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жоспарланған.
Қазіргі таңда облыста 1019 жеке қосалқы шаруашылықтың бірігуімен 40 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылды. Оның ішінде, 20-дан астам жеке секторлардың бірігуімен 38 кооператив құрылды. 2016-2017 жылдар аралығында құрылған 31 кооператив 2 443,0 млн теңге қаржыға 14308 бас МІҚ, 550 бас уақ мал, 56 бас жылқы, 3000 бас құс, 2 рефрижератор және 1 мал азығын дайындау цехын сатып алуға қол жеткізді. Сонымен қатар, тіркелген кооперативтердің 20-сы мал сою алаңымен, 5-і сүт қабылдау бекетімен, 3-і сүт өнімдерін өңдейтін цехтармен, 7-і рефрижератормен қамтамасыз етілген болса, 6 кооператив мал сою алаңын, 2 кооператив сүт қабылдау бекетін, 1 кооператив трактор сатып алу бойынша жұмыстар жасауда. Облыста бүгінгі таңда 233 ауыл шаруашылық кооперативтері жұмыс істейді. Олардың жұмысын үйлестіретін облыстық штаб құрылған. Мемлекет сүт қабылдау пункттерін және мал бордақылау алаңдарын құрған кооперативтердің шы¬ғын¬дарының 50 пайызын жабуға субсидия береді.
Облыстың АӨК дамыту және экспорттық әлеуетін арттыру бағытында 2017-2020 жылдар аралығында 30 млрд теңге көлеміндегі 99 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Соның бірқатарына тоқталып өтелік.
Шиелі кентінде ЖК «Мөлдір и К» қуаттылығы жылына 3,5 млн дана жұмырт-қа өндіретін құс фермасын іске қосты. Қазіргі таңда құс фермасында 11 мың бас тауықтар жұмыртқа салуда. Жыл соңына дейін жобаны 65 тонна құс етін өндіру бойынша кеңейтуді межелеуде. Сондай-ақ, Шиелі кентінде шұбат өңдеу цехы іске қосылды. Бүгінгі күні цех базасында «Төрт түлік» АӨК құрылып, тәулігіне 1 тонна шұбат өнімдерін өндіріп отыр.
Қызылорда қаласында ЖК «Натишаева» 5 га аумаққа 120 жылыжай кешенін, 1 га аумаққа көкөніс және бақша дақылдарын өсіру жобасын іске қосты. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары толық аяқталып, 46 жылыжайға көкөніс отырғызылып, жұмыстар жалғасуда. 1 га жылыжай жемісін беруде.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы жалпы құны 3076,6 млн теңгені құрайтын 5 ірі жоба, көлемі 2 гектар автоматтандырылған 1 жылыжай, қуаттылығы жылына 1500 тонналық құс етін өндіретін құс фабрикасы, қой бордақылау алаңы мен жылына 250,0 тонна қозы етін өндіретін кешен, жылдық қуаттылығы 2 мың тонна ет комбинатын және 200 гектар тамшылатып суару әдісімен қызанақ өсіру жобасын жүзеге асыру жоспарлануда.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлем халқының көбейіп келе жатқанына байланысты аграрлық сала өнімдеріне ұдайы сұраныс болатынын, сондықтан да ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді толық пайдалануға, өндіріске жаңа технологиялар енгізуге және озық халықаралық тәжірибелерді игеруге үнемі шақырып келеді. Сонымен қатар, Елбасы Қазақстан халқына биылғы жолдаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында елімізде ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40 пайызға көбейтуді тапсырғаны белгілі. Жоғарыда аталған жобалар облыс бойынша осы межеге жетуге жасалып жатқан нақты қадамдар деуге болады. Басты мақсат – нарыққа қажетті бәсекеге қабілетті АӨК өнімдерінің өндірісін қамтамасыз ету және өзімізден артылдырып, өзгелерге жеткізу. Ағымдағы жылдың өзінде бұл бағытта жақсы жетістіктеріміз бар.

Ы.ТҰРЛЫҒҰЛОВ. 
 
ЖАРНАМА 05 қазан 2017 г. 856 0