СЫРҒА СӘУЛЕТ, ЕЛГЕ ДӘУЛЕТ ҚОСАДЫ

Күнделікті тіршілігімізбен жүріп, айналамыздағы өзгерістерге мән бере бермейміз. Дәлірек айтқанда, туған қаламыз Қызылорданың қалай өсіп, құлпырып келе жатқанын байқай қоймаймыз. Ал шын мәнінде, соңғы жылдары қала біраз өзгерді. Оны Сыр елінің бас шаһарына бірнеше жылдан кейін қайтып оралған жерлестеріміз қаланың дамуына таңдай қағып жатқанда ғана сезіне түсетіндейміз. Иә, біз, оның ішінде жергілікті ақпарат құралдары өкілдері, туған қаламыздың дамуындағы тарихи сәттерге куә болып жүргенімізді мақтаныш етіп айтуымызға болады. Қызылорданың дамуындағы жаңа кезең деп Сырдария өзені сол жақ жағалауының игеріле бастауын айтуға болады. Біз, журналистер, сол жақ жағалаудың игерілуіне қатысты барлық қадамдарды, шешімдерді алғаш естіп, оны халыққа жеткізіп келеміз. Дарияның арғы бетінде бой көтеретін қаланың жобасы қаншама мәрте талқыланғанына куә болдық. Онан кейін жаңа қала түсетін аймақта мұқият түрде геодезиялық зерттеулер жүргізілгені туралы оқырмандарымызды хабардар еттік. Былтыр құрылысы біткен көпірдің салынуы да оңай болмағанын жақсы білеміз. Экономикалық дағдарыс салдарынан ондай ірі нысандарға Үкіметтен қаржы бөлдірту тіптен мүмкін емес еді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың табандылығы арқасында ғана ол мүмкін болды.
Халықаралық қаржы институттарымен келіссөздер жүргізіліп, Қызылорда қаласының Сырдарияның сол жағалауынан салынатын бөлігінің инфрақұрылымын қаржыландыру бағытында жұмыстар жүргізілді.
Ал енді бүгінде сол жағалауды игеру басталып кетті. Үлкен жобаны жүзеге асыру мақсатында облыстық штаб құрылды. Инвестициялық аймақта 11 тұрғын аудан, индустриалдық аймақ және 3 ірі парк қарастырылып, халықтың сапалы өмір сүруіне қажетті әлеуметтік нысандар, бизнес орталықтары, сауда орындары бой көтеретін болады. Оның ішінде 46 балабақша, 23 мектеп, университет қалашығы, 2 көпсалалы аурухана, қарттарға арналған пансионат, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған интернат, емханалар, күндізгі стационарлар мен дәріханалар қарастырылған. Сонымен қатар, үлкен ән аренасы, этнографиялық музей кешені, Қорқыт ата интерактивті музейі, балалар шығармашылығы сарайы, саз мектебі, цирк, драма театр, стадион, «Құстар әлемі» оранжереясы мен Медиа орталығы, демалыс орындары орналасады. Сол жағалау аумағында болашақта жүз мыңнан астам адам тұрады деп есептелуде.
Қазіргі күні бұл жерде «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы және тұрғын үйлер мен балабақша құрылысы жүргізілуде. Бір кездері студенттер үшін Алматыдағы ҚазМУ-дің қалашығы арман болса, енді жақын кезеңдері қызылордалық студенттердің өз қалашығы болады.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
 
ЖАРНАМА 05 қазан 2017 г. 808 0