ҚЫЗЫЛОРДА – ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛА

Кеше қала күнінің аясында орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық акциясы өткізілді. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, игі шараға үлесін қосты.
Дүйсенбі күні басталған қала мерекесі апта бойына жалғасады. Соның ішінде аптаның үшінші күні «Жүрек жылуы» күні деп аталды. Сәрсенбіде қайырымдылық шаралары қолға алынып, түрлі бағытта игі істер жүргізілді. Жүрекке жылу сыйлар акцияға атсалысқан аймақ басшысы бұл күннің маңызды екеніне тоқталып өтті.
– Қызылорда қаласының күн¬деріне арналған бағдарламалар апта соңына дейін жалғасады. Алайда, соның ішінде бүгінгі күннің орны ерекше. Бұл Сыр елі азаматтарының ауызбіршілігін арттырып, қамкөңіл жандарға қуаныш сыйлауға мүмкіндік береді. Біз әрқашан айналамызға зер сала жүруіміз қажет. Арамызда мол дүниеге мүмкіндігі жете бермейтін жандар да бар. Оларға қол ұшын созып, қамқор болу азаматтық парызымыз. Сондықтан бізді біріктіретін, игілікке бастайтын акцияны қоғам болып қолдауға шақырамын. Мен де отбасымның атынан өз үлесімді қосамын, – деді облыс әкімі.
Шара барысында әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы 800 отбасыға 30-ға жуық автокөлік азық-түлік себеттерін таратып, үйіне жеткізді.
Өңір тұрғындары қашан да қайырымдылық шараларынан шет қалған емес. Мысалы, оқу жылының басында өткен «Мектепке жол» акциясының аясында 3500-ге жуық оқушыға қажетті құрал-жабдық пен мектеп формалары үлестірілді. Бұл баланың әлеуметтік әділдікті ерте бастан сезінуіне мүмкіндік береді. Одан бөлек аталған «Жүрек жылуы» акциясы 2013 жылдан бері үзбей ұйымдастырылуда. Бұл облыстағы кәсіпкер азаматтардың қолдауымен жүзеге асып келеді
Айта кету керек, осы күні бірнеше қайырымдылық шара өткізілді. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагерлерге, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған концерттік бағдарламалар ұсынылды. Сондай-ақ, қоғамдық көліктер мен қалалық демалыс паркінің аттракциондары тұрғындарға тегін қызмет көрсетті. Одан бөлек шаһардың 199 жылдығына арналған 199 см торт пен тәтті тоқаштар мүмкіндігі шектеулі балаларға тарту етілді.
М.ҚҰРМАНӘЛІ,
ЖАРНАМА 21 қыркүйек 2017 г. 1 550 0