Егемен еліміз тағы да тарихи сәтке куә болды. Бұл үдеріске біз тәуелсіздік алған жылдардан бастап мұқият дайындалдық. Егемендіктің елең-алаңында мемлекеттік тіл бағытында кеткен саяси кемшіліктердің барлығы түзетіліп, илеуі қанып жаңа әліпбиіміз дүниеге келді. Бұл - кешелі-бүгінді ғана жан-жағымызға назар салып, асығыс көше салуға бет бұрыс жасаған шешім емес. Електен өткізіп, арғы-бергі тарихтың тінін тарқата отырып, болашаққа дұрыс жасалған қадам екені уақытпен дәлелденетін байыпты іс деп білеміз. Бүгінгі жаңалығымыз біз үшін жаһанданудың жаңа кілті, ал ұрпақтарымыз үшін тамырын тереңге жайған ұлттық кодтың айғағы болмақ. Латын қарпіне көше отырып Қазақстан өзінің Батыс пен Шығыстың ортасындағы "алтын көпір" статусын бекіте түсері анық.
Қазіргі қолданыстағы қаріптен латын қарпіне көшетініміз туралы Елбасының 2012 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған бұл бастама жұртшылықтың назарында болып келе жатқаны аян.
«Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды...» деген тарихи мәліметтер ерекше назар аудартады. Яғни, ХХ ғасырдың бірінші жартысында-ақ елімізде араб, латын, орыс альфавиті негізінде жасалған үш қазақ әліпбиінің қолданыста болғаны қазіргі ұлт зиялыларын тереңнен толғандыратыны белгілі жайт.
Қазақ тілі үшін латын әліпбиі тосын емес, қазақ жерінде алғашқы жаппай сауаттану осы латын әліпбиінен бастау алған, бұл қаріптермен 1929 - 1940 жылдар аралығында газеттер, кітаптар шығарылып, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің басында тұрған тұлғалардың шығармалары халық арасына тараған. Осы тұрғыда депутат Бекболат Тілеуханның: «Әліпби түгілі бір бөлмеден бір бөлмеге затыңызды ауыссаңыз да кәдімгідей машақат. Жасыратыны жоқ, аға буынға бұл латинницаның ауырлау түсетіні жасырын емес, ал жас ұрпаққа түк емес. Және қажеттілікке саясаттың тонын кигізудің ешқандай қажеті жоқ. Ашық сана, прагматизммен келгеніміз дұрыс деп ойлаймыз. Әліппе ауыстыру астана ауыстырғаннан қиын емес. Әліппе ауыстыру жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға кілт бұрылғаннан қиын емес» - деп, латын әліпбиін даурығудың емес, дамудың даңғыл жолы екенін білдіреді. Сіздерге таныстырылатын нұсқада латынның төл таңбалары ғана алынды. Оның лингвистикалық та, қоғамдық та маңызы ерекше. Себебі латын әріптеріне әртүрлі диакритикалар, яғни, ноқаттар қою біріншіден, мұндай нұсқаны латын әліпбиі емес, әртүрлі қоспа таңбалардың нұсқасы етеді.
Екіншіден, ең бастысы диакритикалар төл дыбыстарымызды сақтауға толық мүмкіндік пен кепілдік бермейді. Себебі мобильді телефондар, смартфондар, планшеттер, ноутбуктар, компьютерлер бүгінде жазудың құралына айналғанда және олар бізге әлемнің түкпір-түкпірінен келетіндіктен, олардың клавиатурасында 26 таңбадан тұратын латын таңбалары ғана орналастырылады. Пайдаланушылар осы бар таңбаларды ғана қолданады. Егер біз латын графикасындағы жаңа әліпбиге диакритикалы таңбаларды енгізетін болсақ, онда көпшілік көп қолданбағандықтан, қазақтың төл дыбыстарын жоғалтып алуымыз мүмкін. Қазірдің өзінде Ә-ні А-мен алмастыру, Қ-ны К-мен алмастыру, сол сияқты Ғ, Ң, Ө, Ұ, Ү, І дыбыстарын жазбау, әсіресе, жастардың арасында жиі байқалады.
Үшіншіден,әліпбиімізді латын графикасына негіздеуіміздің үлкен себебі – халықаралық ақпараттық жүйеге ену, әлемдік технологияны игеру екенін Елбасы айтқан болатын. Ендеше, егер әлемнің жетекші елдері қолданатын классикалық латын әліпбиінің дыбыстарына әртүрлі ноқаттар қоятын болсақ, онда біз жоғарыда айтқан мақсатқа толық жете алмаймыз.
Төртіншіден, диграфтарды қолдану арқылы біз сол дыбыстың төл табиғатын сақтаймыз. Ал кейбір әріптестер ұсынып жүрген диакритикалар арқылы ажырату ол дыбыстың табиғатын емес, өзара ұқсас әріптің тек шартты таңбалық суретін ғана береді.
Бесіншіден, бір дыбысты екі таңбамен беретін диграфтар латынның төл таңбалары болса, ал ноқаттар арқылы берілетін диакритикалар – кейін пайда болған жасанды таңбалар.
Осы жобаны жүзеге асыру барысында ең алдымен қазақ тілінің дыбыстық жүйесі ескерілді. Соның нәтижесінде 25 таңбадан тұратын әліпби ұсынылады:
№ Латын таңбасы Кирилл таңбасы
1 Aa Аа
2 Bb Бб
3 Cc Цц
4 Dd Дд
5 Ee Ее
6 Ff Фф
7 Gg Гг
8 Hh Хх/Һһ
9 Ii Іі / Ии
10 Jj Йй
11 Kk Кк
12 Ll Лл
13 Mm Мм
14 Nn Нн
15 Oo Оо
16 Pp Пп
17 Qq Ққ
18 Rr Рр
19 Ss Сс
20 Tt Тт
21 Uu Ұұ
22 Vv Вв
23 Ww Уу
24 Yy Ыы
25 Zz Зз
Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін жасауда «бір әріп – бір дыбыс, бір әріп – екі дыбыс және бір дыбыс – диграф жүйесі» принципінегізге алынды.
Латын графикасына негізделген 25 таңбалы әліпбиге қосымша қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толығымен қамту үшін 8 дыбысты таңбалайтын 8 диграф та ұсындық:
№ Латынтаңбасы Дыбысталуы Транскрипциясы Мысалы:
1 Ae / ае Әә [ ә] [æ] aelem
2 Oе / oе Өө [ ө] oerken
3 Ue / ue Үү [ ү] uekimet
Қазақтың 3 жіңішке дауысты ә, ө, ү фонемалары диграфтармен таңбаланады. Е дыбысы а, о, ұ жуан дыбыстарымен байланысқанда ә, ө, ү дыбыстарын береді.
- ӘдыбысыАедиграфымен беріледі. Себебі а дауысты дыбысының жіңішке сыңары ә болуына байланысты а-ға жіңішке е дыбысын қосып, ае диграфын ұсынамыз. Ә дыбысын осылайша диграфпен беру көптеген тілдерде және халықаралық фонетикалық әліпбиде бар. Сондықтан Е-ні дауысты дыбыстарды диграфтар арқылы берудің принципі ретінде алдық.
- Ө дыбысы Ое диграфымен беріледі. Одыбысының жіңішке сыңары ө дыбысын беру үшін оған е әрпін жалғаймыз. Бұл жоғарыдағы принцип бойынша жасалған.
- Ү дыбысы Ue диграфымен беріледі.Ұ дыбысының жіңішке сыңары ү дыбысына е әрпін қосамыз. Бұл диграфтың жасалуы да сол принцип негізінде.
- Ң дыбысы Ng (эн джи)диграфымен беріледі. Осындай диграф бірнеше тілдерде бар.
№ Латынтаңбасы Дыбысталуы Транскрипциясы Мысалы
1 Ng / ng Ңң [ ың] tangba
- ҒдыбысыGh(джи аш) диграфымен беріледі.Ғ дыбысының жіңішке сыңары гекені белгілі. Оның осы сыңарына һ (аш) таңбасын қосып, gh(джи аш) диграфын бердік. Әліпбидің осы нұсқасында дауысты дыбыстар Е дыбысының қосындысы арқылы берілсе, дауыссыз дыбыстар Һ(аш) дыбысының біріктірілуі арқылы ұсынылады.
- ЧдыбысыCh(си аш) диграфымен беріледі. Ч түркі тілдеріндегі байырғы дыбыс. Сөздік қорымыздач дыбысы қолданылатын кірме сөздер де баршылық.
- Ш дыбысы Sh(эс аш) диграфы. Бұл диграф ш дыбысын береді. Латынның s (эс) және h (аш) әріптері арқылы жасалған. Ол өздеріңізге белгілі, көптеген тілдерде кеңінен қолданылады.
- Ж дыбысы Zh (Зет аш) диграфы. Ж дыбысын латын графикасының z(зет) және h(аш) таңбалары арқылы көрсеттік.Бұл дыбыс қазақ тіліндегі ж дыбысына сәйкес келеді және қоғамдық санаға енген таңбалау реті.
№ Латынтаңбасы Дыбысталуы Транскрипциясы Мысалы
1 Gh / gh Ғғ [ ғы] ghylym
2 Ch / ch Чч [ чы] chempion
3 Sh / sh Шш [ шы] shyndyq
4 Zh / zh Жж [ жы] zhazw
Жалпы әліпбиде диграфтар беру жазудың көлемін арттырып жібереді және бұл тиімсіз дейтін пікірлер де бар. Осы диграфтардың қолданылу жиілігіне келсек, олардың сондай үлкен мәселе емес екенін байқар едік. Мысалы олардың әр стильдегі мәтіндерде қолданылуын алсақ, онда Ә (ае) – нөл бүтін жүзден сексен сегіз пайыз; Ө (ое) – нөл бүтін жүзден сексен тоғыз пайыз; Ү(ue) нөл бүтін жүзден алпыс тоғыз пайыз; Ң (ng) – бір бүтін жүзден елу бес пайыз; Ғ (gh) – бір бүтін жүзден елу төрт пайыз;
Ч (ch) – нөл бүтін жүзден үш пайыз; Ш (sh) – бір бүтін жүзден жиырма бес пайыз; Ж (zh) – бір бүтін жүзден сексен бір пайыз ғана екен. Олардың жалпы қолдануының орташа мөлшері: бір бүтін жүзден сегіз пайыз ғана [2].
Әліпбидің осы нұсқасына байланысты туындайтын және бір мәселе, біздің ойымызша, Ц, Ф, В сияқты қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде жоқ дыбыстардың әліпбиден орын алуына байланысты. Бұлар біздің төл дыбыстарымыз болмағанымен, осы дыбыстар кездесетін сөздер қазіргі қазақ тілінің қорынан орын алған. Енді осы дыбыстардың қолдануына келейік. В әрпі қолданылатын сөздер саны – 755, Ф әрпі қолданылатын сөздер саны – 1098, құрамында Ц кездесетін сөздер – 520. Орфографиялық сөздіктегі в, ф, ц дыбыстары кездесетін сөздердің жалпы саны – 2373. Бұл тек аталған сөздік бойынша ғана. Егер 30 томдық салалық сөздікті сараптар болсақ, осы әріптер кездесетін сөздер еселене түсері сөзсіз.
Осы жаңа әліпби нұсқасы негізінде Ш.Шаяхметов атындағы республикалық орталық қызметкерлері және сырттан шақырылған тұрғындар арасында бірнеше рет апробация жүргізілді. Оған қатысушылардың көпшілігі осы нұсқаға қолдау білдірді. Латын әліпбиіне еліміздегі көптеген азаматтардың, әсіресе, жастардың көздері үйренген, яғни белгілі бір деңгейде көбіміздің көздағдымыз қалыптасқан. Ал жазу дағдысының қалыптасуы уақыттың еншісінде. Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің енгізілуі кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, демек Қазақстан азаматтарының жаңа әліпбиін игеріп кетеріне сенім мол.
Сондықтан, латын әліпбиіне қайта көше отырып, біз тағы бір тарихи кезеңге бетбұрыс жасағалы отырмыз. Жаңа әліпбиді қабылдау арқылы біз үштілділік саясатын одан әрі қарқынды жүзеге асыра аламыз. Сонымен қатар орыс тілінің ресми қатынастағы маңызы арта түсетін болады. Мақсатты жұмыс барысында орталық мамандарын дайындық курсынан өткізіп, ересектерді оқытуға арналған жаңа форматтағы жұмыс жүйесін қалыптастыруда Ш.Шаяхметов атындағы республикалық орталықтың атқаратын қызметі зор. Орталық директоры Ербол Ердембекұлының айтуынша: «Қазақ әліпбиінің латын графикасындағы нұсқасын дайындау бойынша әртүрлі сала мамандарынан, мекемелерден көптеген ұсыныстар болды. Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің нұсқасын таңдауда ең алдымен ғылыми принциптер негізге алынды. Соның нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне, жалпы әліпби түзудің теориясы мен практикасына құрылған нұсқа таңдап алынды. Біз латын әліпбиіне көшу бойынша комиссия мүшелері ақылдаса келіп 25 дыбыстан тұратын әліпби нұсқасын жасап шықтық. Онда қазақтың ң, қ, ғ, ө, ә қатарлы дыбыстық таңбаларын латын әліпбиінде қалай жазылатындығы көрсетілді. Мысалы ә – ае, ө – ое, ғ – gh, ч – ch, ж – zh, ш – sh, ү – ue түрінде қолданлуы қиындық тудырмайды» - деген нақты тұжырым жасады. Сонымен қатар ол орыс тілінен енген ц, ф, х, в қатарлы әріптердің де латын әліпбиінде қолданыс табатынын айтты.
Латын әліпбиіне көшу мәселелері бойынша облыс, қала, аудан көлемінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында облысымызда ақпараттық насихаттық топ құрылды.
Аға буын өкілдеріне жаңа әліпбиді үйретіп, қоғамның әр саласында еркін қолдана алу мүмкіндіктерін ашуда Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты "Тілдерді оқыту орталығының" оқытушы-қызметкерлер құрамының жауапкершілігі өз алдына.
Сөз соңын: Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деген пікірімен түйіндегім келді.
Нұрсәуле МҰСАЕВА,
Облыстық «Тілдерді оқыту орталығының» директоры.