Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған біртіндеп латын алфавитіне көшу – заман талабы. Себебі, латын графикасы қазіргі замандағы жаңа технологиялық ортаның, коммуникация, білім мен ғылымның ерекшелігіне айналған. Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да, мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Әлемде ақпараттың басым пайызы ағылшын тілінде таратылатынын ескерсек, Қазақстан үшін латынға көшудің пайдасы өте көп болары сөзсіз. Сондай-ақ бұл өзгеріс тіліміздің фонологиялық, лексикологиялық және терминологиялық жағынан дамуына бірден-бір кепіл бола алады.
Латын әліпбиіне көшу – жай әліпбиді ауыстыра салу емес, ол біз үшін өркениетті шешім. Бұл біздің ашық әлемнің бір бөлігі болуға талпынуымызды, алға жылжығымыз келетінін растайды және бұл осыған дейін Қазақстандағы білім беру жүйесін жетілдіру туралы идеялармен байланысты болып тұр.
Білім саласының маманы және латын әліпбиіне көшу жөніндегі комиссия мүшесі ретінде қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді қолдаймын. Себебі, дүниежүзі халқының 80 пайызы қолданатын латын әрпіне көшу озық инновациялар мен жаңа технологияға бір табан жақындаудың белгісі. Балаларымыз да осы арқылы электронды ақпарат құралдарын да жылдам игеретін болады.
Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер т.б латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады.
Латын қарпіне көшу - бұл әлемдік білім саласын игеру үшін жасалып жатқан оқу бағдарламасына сәйкес, бүкіл әлем қарым-қатынас жасайтын ағылшын тілін жастарымыздың тезірек игеруіне мүмкіндік жасайды. Әлемдік деңгейде қазақ жастарының биік белесте болуы үшін және әлем жастарымен тіл табыса алатын деңгейде болуы үшін де латын графикасына ауысымыз өте маңызды болып табылады. Бұл жерде негізгі мақсат, кез келген ақпаратты, ғаламдық өзгерісті балалар түпнұсқадан алып, оқи алатын болады.
Латын әліпбиіне көшу керек деп қанша жылдан бері айтылып келе жатыр. Енді іс жүзінде орындайтын кезі келді деп білемін. Ол үшін қолданылатын әліпбидің нұсқасы да ұсынылды. Ұсынылған әліпби нұсқасына көшу ол еліміздің рухани байлығын артыратыны сөзсіз. Тарихқа көз жүгіртсек, латын әліпбиі қазаққа жат емес. Бұл халқымыздың ғасырлар қойнауынан ұрпақтан-ұрпаққа жеткен сөз өнерін, қазақ әдебиетінің қайталанбас асыл мұрасын әлемге танытудың үлгісі деп білемін.
Өздеріңізге белгілі, кешегі Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов еліміздің білім беру мекемелерінде латын графикасында қазақ тілінің әліппесін енгізудің жоспары жайында баяндады. Латын алфавитіне көшу жұмыстарында асығыстыққа жол берілмейтін болады.
Барлық шаралар бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі. Бұл ретте кадрларды даярлау, оқулықтарды, сөздіктерді басып шығару жұмыстары ескеріледі. Кейіннен жаппай таралыммен нормативтік сөздіктерді, оқулықтарды, оқу-әдістемелік кітаптар көпшілікке ұсынылады.
Жаңа графика бекітілген жағдайда барлық білім беру мекемелерінде жаңа жазбаны енгізудің кестесі бекітіледі. Ол алдымен педагогикалық ұжыммен, ата-аналар қоғамдастығымен, сондай-ақ басқа да сала өкілдерімен талқыланады. Бұл тұрғыда қажетті қадамдар Білім және ғылым министрлігі тарапынан Президент Әкімшілігімен, Үкіметпен келісіледі. Соңғы шешім қабылдау үшін аталған мәселе мен кестені Парламент отырысында қаралатындығы айтылды.
Білім саласында латын алфавитіне көшу бір күнде бола қоятын шаруа емес. Мектептерде латын алфавитін енгізу барысы кезең-кезеңмен іске асады. Бұл үшін біз алғашқы кезеңде тіл игертетін пән мұғалімдерін қайта даярлап, кәсіби біліктілігін арттырып, осы мұғалімдер қатарынан мастер-тренерлерді жасақтаймыз. Екінші кезеңде осы мастер-тренерлер арқылы басқа да пән мұғалімдерін оқытуды қолға аламыз. Міне , осыдан кейін үшінші кезеңде мектеп мұғалімдері жергілікті халықтың латын әліпбиін игерулеріне өз үлестерін қосатын болады.
Ең басты әрі жауапкершілікті қажет ететін дайындық кезеңін сапалы аяқтағаннан кейін ғана жаңа жазбаны білім беру мекемелеріне кең ауқымда енгізу жұмыстары жүзеге асырылады.. Бұл тұрғыда орыс тілінде пәнді оқытуда кириллица қалады да, латын қарпі тек қазақ тіліне және қазақ тілінде оқытылатын пәндерге қатысты болады.Яғни біздің балаларымыз екі алфавитті де қатар игеріп шығуларына мүмкіндік мол.
Қазіргі таңдағы жаңартылған мазмұнындағы білім беруде, үштілді білім беру жүйесінің дамуында, үштілділікте ақпараттарға балалардың қолжетімділігін арттыруда ұсынылған латын әліпбиінің берері зор, мен бұл процессті қолдаймын. Себебі, Қазақстанның білім беру жүйесін жетілдіруге үлкен мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін.
Латын алфавитін енгізу – елімздің білімді жастарының қатарының көбеюіне, сол дарынды балаларымыздың әлем елдерінің жастарымен иық тірестіре отырып шыңдалуына қолдау болады. Себебі ұстаздар мен оқушылар үшін әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің білім беру жүйесімен тығыз қарым-қатынаста болулары үшін ұсынылған латын әліпбиін енгізу зор үлес қосары анық.
Бақытжан САЙЛЫБАЕВ,
облыстық білім басқармасының басшысы.