Ел экономикасына ерекше үлес қосып жатқан мұнайшылар күздің алғашқы күні кәсіби мерекесін атап өтеді. Осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын Қызылорда облысы аумағында мұнай кеніштерін игеру басталды. Мұнай кеніштерін игеру өз кезегінде мұнай компанияларының дамуына жол ашты.
Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Көлжан»-«SSM-Ойл» мұнай консорциумы «Тұзкөл» кенішінде сала үздіктерін марапаттады. Салтанатты шара барысында соңғы үлгіде жабдықталған 50 орындық екі жатақхана мен асхана ашылып, пайдалануға берілді.
Тәуелсіздік алған жылдары мұнай өндіру ел экономикасына жаңа серпін әкелді. Жерасты байлығын ел игілігіне жарату жолында қомақты үлес қосып келе жатқан «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы елге етене таныс. Ен даланың байлығын игеруде маманданған, жаңа технологияны игерген, қуатты компанияға айналды. Қазір еншілес «Көлжан»-«SSM-Ойл» мұнай консорциумының құрылтайшысы болып саналады. Негізгі жұмыс және инфрақұрылымның барлығы да осы компанияға қарайды. «Қара алтынның» қадірін білетін, мұнай саласын игеруде көпжылдық қолтаңбасы қалыптасқан «Көлжан» ЖШС өңір экономикасының дамуына өз үлесін қосып келеді.
«Көлжан» серіктестігі 2002 жылы құрылған. Компания мұнай саласын игеруді жер қойнауын пайдаланушы ретінде Қызылорда және Қарағанды облыстарының аумағында мұнай және газ іздестіру, геологиялық барлау жұмыстарынан бастады. Сол жұмыстардың нәтижесінде қазіргі таңда «Тұзкөл», «Солтүстік Кетеқазған», «Белқұдық», «Жаңбыршы», тағы басқа мұнай кеніштері ашылып, мемлекеттік қорға өткізілді. Соңғы жылдары Оңтүстік Торғай ойпатында геологиялық барлау және мұнай-газ іздестіру жұмыстарында «Көлжан» ЖШС-нің біршама жетістіктері бар. Компанияның барлау, іздеу жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі таңда 40 млн тоннаға таяу мұнай қоры табылса, одан алынатын көлем 12 млн тоннаға жуық болмақ. Бұл – соңғы он-он бес жылдың ішінде облыста ашылған ірі мұнай қоры.
– Біз қазір келісімшарт бойынша геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша үш кеніш ашылды. Биыл 560 тонна мұнай өндіруді межелеп отырмыз, – дейді «Көлжан» ЖШС директорының орынбасары Ғалым Байманов.
Кеніште қазіргі таңда 150-ге жуық адам екі ауысымда жұмыс істейді. Солардың бірі – мұнай-газ өндіру жөніндегі 5 разрядты оператор Марат Қалжанов. Жиырма бес жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман мереке қарсаңында «ПҚҚР» АҚ президентінің алғыс хатымен марапатталды.
– Мұнай өндіру жұмысы оңай емес. Қысы-жазы далада жүреміз. «Көлжан» серіктестігінде қызмет етіп жатқаныма жеті жыл болды. Бұның алдында «Құмкөлден» ауысып келдім. Табыстарымызға қуанамыз, еңбегіміз жемісті болуы үшін аянбай тер төгеміз, – дейді кәнігі мұнайшы.
Мерекеге орай «Тұзкөл» кенішінің мұнайшылар қалашығында соңғы үлгідегі стандартпен жабдықталған 100 орындық жатақхана мен 75 орындық асхана ашылды. Құрал-жабдықтары мен құрылысқа қажетті заттары Чехиядан жеткізілген.
«Тұзкөл» кенішінің мұнайшыларына мұнай және мердігер компаниялардың басшылығы «ПҚҚР» АҚ өндіріс бойынша директордың орынбасары Абудурэсити Турсунь, «ПҚҚР» АҚ-ның аға техникалық директоры Ван Чжаофэн, «Көлжан» ЖШС-нің директоры Ян Шуфэн, «SSM Ойл» ЖШС-нің Қызылорда филиалының директоры Нұрмұхаммед Абдукаримов, «СКАД-ТРАНС» ЖШС-ның директоры Қамбар Бегентаев, «Транс Азия Констракшн» ЖШС-ның атқарушы директоры Нұрлан Шайменов арнайы келіп ақжарма тілегін арнады.
– Табиғаттың басты байлығының әр тамшысын қымбат бағалайтын сіздерге еңбекте табыс, бейбіт өмірдің қызығын көруді және отбасы амандығын тілеймін! – деді Ван Чжаофэн мырза.
Бүгінде «Көлжан» – «SSM Ойл» мұнай консорциумына қарасты жүзге жуық ұңғыма бар. Мұнайшылар алдағы уақытта барлау жұмыстарын одан әрі жүргізіп, тағы да кен орындарын ашуды жоспарлап отыр.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
«Тұзкөл» кеніші.