АҚШ-тың Пенсильвания университетінде ғалымдар 200-ге жуық студентке зерттеу жүргізіпті. Сонда нені зерттеген дейсіз ғой? Студенттер күн сайын шамамен 20 минут жүгірген, секірген, әйтеуір, әртүрлі жаттығулар жасаған. Бір жетіден соң сынаққа қатысушылар өздерінің көңіл-күйлері туралы айтып берген. Белгілі болғаны, олар ұйқысыздық, әлсіздік дегенді ұмыта бастаған. Дәрігерлер психикаларынан да оң өзгеріс байқапты. Студенттер де тұрақты түрде жаттыға бастағалы көңіл-күйлері жадырап сала бергенін, өздерін бақытты сезініп жүргендерін жеткізген. Сергек әрі көңілді болу үшін, әне, күніне небәрі 20 минут жеткілікті.
Адамға денсаулық ауадай қымбат. Сау жүрсең, бүкіл әлемнің қызығын, игілігін аңсайсың, «бәрі менде болса екен» дейсің. Алда-жалда ауыра қалсаң, бір ғана нәрседен басқасының құны көк тиын болмай қалады. Қазақ «әуелгі байлық – денсаулық» дейді. Ақ жаулық, он саулық сосын. Ал денсаулықтың мықты болмағы қимыл-қозғалыстан. Адам өмірінде спорттың алар орны ерекше. Спортпен айналысатын адамның денесі шымыр, санасы сергек, көңілі көтеріңкі, денсаулығы дұрыс болады. Ата-бабаларымыз «тәні саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған. Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз халықтың ойы сергек, дені сау болуы үшін бар мүмкіндікті жасап бағуда.
Елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала бойынша Сыр өңірінде ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Ұлт денсаулығының кепілі – бұқаралық спорт десек, оны дамыту – баршаға ортақ міндет. Тұрақты дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санын көбейту дене шынықтыру мен спортты дамытудың негізгі көрсеткіші боп есептеледі. Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға дейін Қазақстан халқының 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту туралы міндет қойды.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл алты ай ішінде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 26,4 пайызға көтеріліп, 203 594 адамға жетті. Бұқаралық спортты дамыту үшін бүгінгі күні мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бюджеттен 113,7 млн теңге бөлініп, 270 спорт нұсқаушысы 133 елді мекенді қамтыды. Олар 41 мыңнан астам адамды тұрақты дене шынықтырумен шұғылдануға баулып келеді.
Бұқаралық спортты дамытудың негізгі жолы – жарыстарды көптеп өткізіп, халық¬ты спортқа тарту. Осы мақсатта облыс аумағында 764 бұқаралық спорттық іс-шара өткізіліп, оған 182 485 адам қатысты. Соның ішінде 6 мыңнан астам спортшының өнер көрсетуімен қазақ күресінен «Алтын белбеу», 8 мыңға жуық оқушының қатысуымен «Нашақорлыққа жол жоқ!», «Бәрің де жарысқа!» атты көңілді эстафета, мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында облыстық спартакиада, жауынгер-интернационалист Батыржан Шалғынбаевты еске алуға арналған футзалдан республикалық турнир, самбодан Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаев атындағы халықаралық мемориал және тағы басқа облыстық, республикалық турнирлер ұйымдастырылды. Бұл – халықты салауатты өмір сүруге тарту бағытындағы жұмыстардың бір парасы ғана.
Cондай-ақ футболды дамыту мақсатында бесінші жыл қатарынан Қызылорда қаласы мен аудандарда мамыр мен қыркүйек айлары аралығында әр аптаның сенбі күндері футболдан облыстық чемпионат өткізіліп жүр. Жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында мамырдан басталған шағын футбол лигасы қазан айына дейін жалғасады. Оған 32 команда, 520 жас тартылды.
28-ші Дүниежүзілік қысқы ¬Универсиада тәуелсіз ел тарихындағы мақтануға тұрарлық мәні зор оқиға болды десек, артық айтқандық болмас. Өйткені халықаралық жарысты Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші боп өткізді. Қаншама ел төрінен орын беру үшін таласқа түскен шақта халықаралық дәрежедегі шараларды өткізу құқығының біздің елімізге берілуі тегін емес. Елбасы халықты әлемге танытудың бірден-бір жолы – спорттық бәсекелер екенін жыл сайынғы Жолдауларында айтып жүр. Осы орайда қысқы Универсиаданың мәнін жоғары бағалауға болады. Қаңтар айында ұйымдастырылған халықаралық доданың алауы аймақта да жағылды. Жүздеген сырбойылық ¬студент ойындар шамшырағын қарсы алды. Универ¬сиада алауы Қазақстанның Тұңғыш Президенті атындағы саябақта тұтанып, құрамына қоғам қайраткерлері, өнер саңлақтары мен жетекші спортшылар енген топ шаһардың негізгі көшелерімен жүріп өтті. Ал жарыстың нәтижесімен Қызылорда үздіктер қатарынан көрінді.
Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мақ¬сатында 2020 жылға қарай спортпен тұ-рақты шұғылданушыларды 30 па¬йызға жеткізуді жоспарлап отыр¬мыз. Ол үшін спорт нысан¬дарын көбейтуіміз керек. Соңғы 3 жылда 9 спорт кешені пайдалануға берілсе, биыл облыстық бюджеттен 7 елді мекенде, атап айтсақ, Жанқожа батыр, Мәдениет, Ақжарма, Еңбекші, Түгіскен ауылдарында және Сексеуіл, Төретам кенттерінде спорт кешендерінің құры¬лысы басталды.
Спортта жоғары жетіс¬тіктерге жету үшін, соны¬мен қатар халықты бұқаралық спортқа ¬тарту үшін материалдық-тех¬н謬кବлық базаны ¬арттыру¬дың маңызы зор. Осы -орайда ¬Мемлекет басшысы бұ¬қа¬ралық спортты дамыту, оның ішінде спорт нысандарын қарапайым халық үшін қол¬жетімді ету жөнінде айтып қана қоймай, тапсырма бергені де белгілі. Көшедегі спорттық құрылымдарға қолжетімділікті арттыру мақсатында ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің қолдауымен (демеушілігімен) Қызылорда қаласының орталық алаңында, Тасбөгет кентінде, «Мерей» шағын ауданы мен М.Ералиева мәдениет үйінің ауласында 4 «стрит воркауд» алаңын салу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда орталық алаң маңындағы «стрит воркауд» алаңының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Орталық стадионның қосалқы футбол алаңы қайта жаңғыртылды. Қосалқы алаңға қосымша көрермендерге 2200 орындық трибуна қоюға жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Ел экономикасын жаңа белеске көтеруге, оны әртараптандыруға әрі кәсіпкерлерді ірі инвестициялық жобаларға тарта отырып, мемлекетті өркендетуге септесетін жоба¬лардың бірі – мемлекеттік-жекемен¬шік әріптестік. Бюджеттің қарысы жете бермейтін, әсіресе, маңызы зор әлеуметтік жобаларға жеке бизнесті тарту қажеттілігін Президент сөйлеген сөздерінде, өңірлерге жасаған сапарлары кезінде үнемі айтып жүреді. Жергілікті бизнес қауымдастық осы ретте спортты дамытуға да ынталы екенін айтқан жөн. Жалпы, Сыр өңірі мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобаларын жү¬зе¬ге асыруда республикада алдыңғы қатарда.
Биыл ақпанда облыс¬тық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Тарлан Батырлары» ЖШС арасында жоба аясында тиімді келісімшарт жасалды. Белгілі боксшы, Олимпиада ойындарының чемпионы Бақтияр Артаев басқаратын серіктестік Қызылордадағы «Тарлан» дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне сервистік қызмет көрсететін болды. Келіссөз нәтижесінде жеке әріптес ретінде анықталған ЖШС басқа да облыстарда осы бағытта жұмыс істемек. Жоба спорт кешенінде бокс, күрес, дзюдо, таэквондо, ауыр атлетика сияқты спорт түрлері бойынша жеке жаттығулар мен оқу-жаттығу жиындарын өткізуге мүмкіндік береді. Оқу-жаттығу жиындары кезінде кәсіби спортшыларға арналған 24 орындық жатақхана қарастырылған. Мемле¬кет¬¬тік-жекешелік әріп¬тестік облыстық бюд¬жеттің ауыртпалығын азайтып, халықты дене шынықтыру-сауықтыру қызметтерімен қамтамасыз етуге жол ашады.
Мемлекеттік-әлеуметтік тап¬сырыс шеңберінде Қызыл¬орда қаласы мен -аудандарда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды спорт түрлерінен қолдау мақсатында 8 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып келеді. Жобаның басты міндеті – мүмкіндігі шектеулі жандарды толыққанды қоғам өміріне қатыстыру, оларды дене шынықтыру мен спорт құралдары арқылы әлеуметтік бейімдеу мен оңалту. Жоба аясында 16 жаттықтырушы отырып ойнау волейболы, тұрып ойнау волейболы, баскетбол, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, жеңіл атлетика, үстел теннисі, пауэрлифтинг, дзюдо, арбадағы би, шағын футбол сияқты 12 спорт түрі бойынша 282 адаммен жаттығулар өткізіп жатыр.
Бұқаралық спортты дамытумен қатар бәсекеге қабілетті біліктілігі жоғары спортшыларды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Жоғары білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында Олимпиада резервін даярлау орталығы, спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі және 21 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс жүргізіп келеді. Cпорт мектептерінде 16792 оқушы 32 спорт түрімен шұғылданады.
Облыста спортқа ден қойып, оны өмірі¬нің бір бөлшегіне айналдырғандар қатары артып келеді. Спортшыларымыздың жетіс¬тігі мен жеңісі көбейді. Олар -республика көлемінде ғана емес, халықаралық дең¬гейде де мақтанарлық нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Толағай табыстың артында жаттықтырушыларының, бапкерлерінің табанды еңбегі, маңдай тері барын айтқан орынды.
Осы жылдың бірінші жартысында ¬облыс спортшылары республикалық және халық¬аралық жарыстарға қатысып, қоржын бос қайтқан емес. ҚР чемпионаттарында 519 медаль (140 алтын, 146 күміс, 233 қола) жеңіп алса, Азия және Әлем чемпионаттарында – 35 (11 алтын, 12 күміс, 12 қола) иеленді. 34 спортшы – ҚР спорт шебері, 414 адам ҚР спорт шеберіне үміткер болды. Спорт түрлері бойынша 420 адам Қазақстанның ұлттық құрама командасының сапына енді.
Жыл басында мәнерлеп сырғанаудан ¬Элизабет Тұрсынбаева VІІІ қысқы Азия ойындарында қола медаль алды. Бұл жер¬лестері үшін, жалпы отандастарымыз үшін қуа¬ныш¬ты жаңалық болды. Жақында ғана Румынияның Яссы қаласында шахматтан оқушылар арасында өткен Әлем чемпионатында жерлестеріміз Әсел Серікбай 2 дүркін Әлем чемпионы атанды. Еліміздің туын көкте желбіретіп, Әнұранымызды шырқатты. Ал Назерке Нұрғали күміс жүлдені иеленді.
Нью-Делиде велотректен өткен Азия чемпионатында Ғабиден Әзен командалық жарыс¬та жеңімпаз атанса, скретч сайысында Роберт Гайнеев қола жүлдеге қол жеткізді. Бангкок қаласындағы Әлем чемпионатында ауыр атлет Асылжан Бектай қола жүлдені еншілесе, Киллинде зілтемірді жатып сығымдап көтеруден Әлем чемпионатында Елдос Ермаханов күміс жүлдені еншіледі.
Нью-Делиде еркін күрестен Дәулет ¬Ниязбеков Азия чемпионатының қола жүл-десін қанжығаға ¬байласа, Ташкентте бокстан Қамшыбек Қоңқабаев Азия чемпионатының күміс жүлдесін алды. Баку қаласында Ислам ынтымақ¬тастық ойындарында бокстан Тұрсынбай Құлахмет жеңімпаз атанса, таеквондодан Айнұр Есбергенова – күміс, дзюдодан Еламан Ерғалиев қола жүлделерді еншіледі. Болгарияда каратэ-додан балалар ¬арасын¬да Әлем чемпионатында Мәулен Әбдуәли алтын жүлдені же¬ңіп алды. Сондай-ақ ¬Астана қаласында ҚР Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен өткен республикалық турнирде жерлесіміз Еламан Ерғалиев «Қазақстан Барысы» атағын жеңіп алды.
Осы жылдың маңызды жарыстардың бірі – спорттың 38 түрін қамтыған ҚР IV жас¬тар спорт ойындары. Оған Қызылорда облысы 24 спорт түрі бойынша қатысып, жалпыкомандалық есепте 6-орынға тұрақ¬тады.
Есепті кезеңде спорт түрлерінен 10 ел чемпионаты (ауыр атлетика, грепплинг, панкратион, волейбол, қазақ күресі, гандбол, мәнерлеп сырғанау, велоспорт, тоғызқұмалақ, грек-рим, шахмат) 2 халықаралық турнир, 14 республикалық турнир, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері арасында 13 облыстық біріншілік ұйымдастырылды.
Спорт саласы Қазақстанда үлкен қол¬дауға ие. Елде спорттың дамуына бұқаралық спорт қозғалысын кеңейтуге, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға бағытталған саясат ықпал етіп отыр. Өмірде адамның денсаулығын жақсартып, оның жасын ұзар¬татын, көңілін өсіріп, айналасына сүйкімді де сымбатты, шыдамды да жігерлі, жинақы жүруіне септесетін құдіретті күш болатын болса, ол – дене тәрбиесі мен спорт десек, бүгінде қазақстандықтар үшін осынша маңызға ие спортты дамытуға барлық жағдайдың жасалып жатқаны көңіл қуантады.
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.