РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: АЛҒАШҚЫ НӘТИЖЕЛЕР

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы елдің өркендеуіне соны серпін берді. «Тоғызыншы территория» бүгінде ерекше бір рухани серпілісті бастап кетті. Мемлекет басшысы айқындап берген өзекті мәселелер төңірегінде алқалы басқосулар өткізіліп, зиялы қауым өрелі ойларын ортаға салды. Бейсенбіде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Президент Әкімшілігінің Басшысы − Ұлттық комиссияның төрағасы Әділбек Жақсыбековтің төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның үшінші отырысы өтті.
Отырыс басталғанға дейін комиссия мүшелері «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару жөніндегі жобалық кеңсенің және оның жанында жұмыс істейтін Коммуникациялық орталықтың қызметімен танысты. Жобалық кеңсе «Рухани жаңғыру» бағдарламасының барлық бағыттары бойынша күллі орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру бойынша жұмыс істейді. Кеңсе тарапынан министрліктер мен әкімдіктер ұсынған 1170 жоба пысықталып, қазіргі уақытта жүзеге асырыла бастады. Жалпы, комиссия мүшелері Жобалық кеңсенің барлық жобаларымен танысып, арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Орталық ғылыми кітапхана сирек кітаптар қорының өкілі көрмеге ең құнды кітаптар мен қолжазбалардың әкелінгенін айтты. Бұлар – моңғол, шағатай, парсы, неміс тілдерінде араб, латын графикаларымен басылған дүниелер.
Бұдан соң Еуразия ұлттық университеті ғимаратында Ұлттық комиссияның кезекті отырысы басталды. Отырысты Президент Әкім¬шілігінің Басшысы – Ұлттық комиссияның төрағасы Әділбек Жақсыбеков ашып, жүргізіп отырды. Комиссия төрағасының айтуынша, Елбасы айтқан бағдарламаны жүзеге асыруда нақты қадамдар жасалып, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар жұмысқа белсенді қатысып келеді. Сондай-ақ, облыстарда арнайы комиссиялар, жобалық кеңселер, сарапшы топтар құрылып, жұмыстың алғашқы нәтижелері көріне бас¬тады. «Өздеріңіз көрдіңіздер, көп жұмыс жасалған. Ұлттық комиссия арнайы топтары жұмыстарының алғашқы нәтижелері бар. Біз осы шараларды ұйымдастыруда жаңа деңгейге шықтық. Бүгінде жаңа алфавиттің жобасы жасалды. Киелі жерлердің географиясы бойынша 600 нысан белгіленді. Олардың 22-де ғылыми-реставрациялық жұмыстар басталды. «Туған жер» бағдарламасы бойынша кең көлемде жұмыстар жүргізілуде. Мәдениет бағытында ең жақсы шығармалар таңдап алынды. 17 оқулыққа аударма жасалуда. Бұл осы жұмыстардың басы ғана», деген ол болашақта үлкен жұмыстар атқарылатынына баса мән берді. Бағдарламаның ауқымды жалпыұлттық жобаға айналу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, отырыста қаралатын екі мәселеге арнайы тоқталды. Оның бірі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өңірлерде атқарылған жұмыстардың алғашқы нәтижелері болса, екіншісі – жұмыс топтары қызметінің нәтижелері.
Бұл орайда Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметовтің хабарламалары тыңдалды.
Жалпы, отырыс барысында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша тиісті жұмыс тобы осы күзде жаңа әліпбидің нұсқасын қарауға ұсынатыны, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында гуманитарлық пәндер бойынша 17 оқулықтың тізімі жасалып, аударыла бастағаны, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында республикалық деңгейдегі – 100, өңірлік деңгейдегі 500 нысанның таңдап алынғаны белгілі болды. Сондай-ақ, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша үздік туындылардың тізімі жасалған. Оған әдебиет саласындағы − 216, театр, кино және хореография жанрында − 48, бейнелеу өнері бойынша − 182, музыка саласында 200-ден астам шығарма енгізілген. Ал «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына республика бойынша 1500 өтінім түскен, бірақ олар ашық дауыс беру нәтижесінде анықталатын болады.

«Егемен Қазақстан» газеті.
18 тамыз 2017 жыл.
ЖАРНАМА 19 тамыз 2017 г. 1 176 0