ЕЛІНЕ ҚОРҒАН БОЛҒАН ЕР

Қазалы өңіріндегі киелі орындардың бірегейі  – әулие әрі батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлының кент орталығындағы кесенесі мен Қызылқұмдағы мәңгілік мекені. Ғұмыр бойы әділдікті ту қылған, халқының қорған-панасы болған асыл текті бабамыз туралы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ерлікке, тылсым оқиғаларға  толы деректер ел ішінде жеткілікті. Бүгін біз өзіміз куә болған, жасы үлкен құйма құлақ ағалардан естіген әңгімені оқырман назарына ұсынсақ.
Шыжыған шілде айы. Соңғы тәуліктерде үзбестен отты леп соғып тұр. Бүгін тіпті қапырық. Күн арайы төгілісімен төңірек тымырсық күйге бөленді. Телефон шырылдады. Тұтқаның арғы жағындағы дауыс Жанқожа батырдың кесенесіне келуімді өтінді. Алып-ұшып жетіп бардым. Қашанда кісі үзілмейтін қасиетті мекенде жұртшылықтың шоғыры мол екен. Көршілес аудан әкімдері, мәслихат хатшылары да жүр. Маңызды оқиға болары анық. Мәнісін білуге асықтым. Естігенім «Көпке танымал бауырымыз Алматыдан жүк көлігімен салмағы жарты тонналық қос барыстың мүсінін жіберді. Соны кесененің алдындағы бұрынғы мүсіннің орнына қоймақшымыз» деген жауап болды. Бірақ бұл пікірді қоштамағандар да баршылық. Олар «Баба рухына сыйынушылар кесенемен бірге салынған жолбарыстың бейнесін де киелі есептейді. Сондықтан қозғамаған жөн» деген лебізді алға тартты. Кешен ауласындағы талдардың көлеңкесін саялағандар мұндай қарсылыққа екіұдай сезіммен қарағандай.
Кенет... көкжиектен көтерілген қою қара бұлт аспанды әп-сәтте жайлап өтті. Жаңа ғана тәніңді шоқтай қарыған кейпі күрт өзгерді. Жарқ-жұрқ етіп найзағай ойнады. Күн күркіреп іле-шала бармақ басындай бұршақ құйып берді. Баршаның зәре-құты қалмады. «Аллалап» қашып кесененің ішіне тығылды. Ет асым уақытқа созылған табиғат құбылысы тылсым күштің құдіретін мойындатты. Үйлердің шатыры ұшып, ағаштар құлағанын БАҚ өкілдері жазды. Ал, жолбарыстардың ескі мүсіні қозғалған жоқ. Жаңадан әкелінгендері шығаберістегі баспалдақ жанына орын тепті. Арада жылдар өтті. Аузын арандай ашқан, бабаның пірі есептелетін киелі барыстарды көрген сайын сол көрініс жадыма оралады. «Кереметіңнен айналайын, әз бабам» деп толғанамын.
Бабамыздың Қызылқұмдағы мәңгілік мекенінде орын алған тылсым оқиғаны да жеткізсек.  Қиналғанда Жанқожа баба рухынан жәрдем тілеген басқа ұлт өкілдері де бар. Қазалы қаласының тұрғыны Өмірбек Күлімбетовтің айтуынша, бұл оқиға Қазан төңкерісіне дейін болыпты. Оның арғы атасы Оралдан қоныс аударған Артём есімді казак-орыспен бірге Үргенішке кіре тартуға жалданыпты. Бірде керуенге қарамай, асығыс жалғыз өзі жолға шыққан Артём қиындыққа тап келіпті. Қызылқұмның қиясында әлденеден үріккен аты шылбырын үзіп, шығынып кетеді. Шағыл құмның ыстығы тынысты тарылтады. Торсықтағы су қанжығада байлаулы. Не істеу керек? Артём еңіреп жылап атының соңынан қуалайды. Әбден сілесі құрып, титықтап құлайды. Есінен танып қалыпты. Сәлден соң басын көтеріп, жан-жағына қарайды. Биік төбенің басындағы Жанқожа батырдың бейітіне жанары түсіпті. Қазақшаға аса жетік Артём жолдастары арқылы баба туралы әңгімелерге қанық екен. Тізесін бүгіп мінәжат еткен Артём «Батыр баба, ұлтым бөлек болғанымен, мен де пендемін ғой. Бала-шағам бар. Құтқара көр» деп жалбарына жылапты.
О, ғажап! Көз ұшында желіп бара жатқан аты кілт тоқтапты. Төбе басын шыр көбелек айнала беріпті. Артёмның кеудесінде үміт оты лаулап құстай ұшыпты. Бақса... зәулім сексеуілдің бұтағына аты шылбырынан байланып қалыпты. Атына мінген Артём еш жерге аялдамастан Қазалыға аман жетіпті. Келісімен мал базардан семіз қой сатып алып, аулаға құрақ пішен, қалақ қоға төсетеді. Қазақы дәстүрмен жерге дастархан жайып, бабаға арнап Құран бағыштатыпты. Көзі жұмылғанша Жанқожа бабаның рухын құрметтеп өтіпті. Өзі батыр бабаның шыққан тегі Майдандар әулетінің шежіресін жатқа біледі екен.
Жуырда «Қызылқұм» шекара бекетіне Жанқожа Нұрмұхамедұлының есімі берілгенін бұған дейін де жазған едік. Шара барысында жиналған қауымды айран-асыр қалдырған көріністі айтсақ.
– Ескерткіш тақтаның алдына облыс әкімі мен ҰҚК-нің ықылас гүлі қойылғаннан кейін аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының өзінің баспасөз хатшысына қолымен көкті нұсқап жатқанын аңғардық. Сөйтсек, ескерткіштің дәл төбесінде шырқау биікте қос қыран қалықтап тұр екен. Әрі түр-түсі, тұрпаты да мүлде өзгеше. Аспан патшаларының кенеттен пайда бола кеткенін, дәл ескерткіштің үстінде ғана қалықтағанын ішімізден жақсылыққа жорыдық.  Өзінің лебізінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев та: «Жанқожа бабамыздың «Мені Қоқанмен шекараға қойыңдар, жай жатқанша аяғыммен қазақтың қасиетті жерін тіреп жатайын» деп аманат қалдырғаны туралы тарихта деректер бар. Әлі күнге батыр бабамыз шекарашылармен бірге ел қауіпсіздігін қорғап тұрғандай. Аспанда жүрген мына қырандар да тегін емес. Мұны мен өзінің атын ұлықтап жатқан ұрпағына ризашылық білдірген баба белгісі ретінде қабылдаймын» деп тебіренді, – дейді бізбен тілдескендер.
Енді Жанқожа бабамыздың кесенесі мен зираты жайлы дерекпен бөліссек. Әйтеке би кентінің аумағындағы Жанқожа батыр ескерткіш кешені 1992 жылы халық батыры және көріпкел әулие Жанқожа Нұрмұхамедұлының құрметіне салынды. Кесене құрылысына  мекемелер мен кәсіпорындар, халық болып қаржылай көмек көрсетті. Ескерткіштің іргетасына бетон блоктары төселіп, қабырғалары күйдірілген кірпішпен қаланған. Кесене – ел тәуел¬сiздiгiн жариялағаннан кейiн Қазалы ауданында тұңғыш тұрғызылған архитектуралық ескерткiш. Ал Жанқожа батырдың  мазары Қызылқұмдағы Кәукей елді мекенінен батысқа қарай 170 шақырым жерде Өзбекстанмен шекарада орналасқан. Биік төбенің ұшар басындағы мазар кейін силикат кірпішпен өрілген. Ұзындығы – 6, ені 5 метр. Биіктігі – 3, күмбезделген беті – 5 метр. Бабамыздың қорымының жанына Жақайым Қызылбас палуан, өзге де қарулас серіктері  жерленген.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
ЖАРНАМА 18 тамыз 2017 г. 1 786 0