Мемлекет басшысы өзінің биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты маңызды Жолдауында: «...Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс. Жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны – бұрынғысынша, Үкімет пен әкімдер қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі критерийінің бірі болмақ», деп атап көрсетті. Бұл орайда сауда-саттыққа бұрыннан да қолайлылығы бар, базары мен вокзалына ауылдары жақын, халқы еңбеккер Шиелі ауданында біршама өнегелі шаруалар атқарылып келеді.
Мәселен, «Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасы аясында ауданда мемлекеттік гранттық қаржыландыруға 5 жоба ұсынылып, жалпы құны 0,9 млн теңгені құрайтын 2 жоба «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 11,5 млн теңгеге қаржыландырылды. Оларды атап айтар болсақ, Жөлек ауылындағы дара кәсіпкер Қалжанова Майяның «Ұлттық қолөнер шеберханасын ашу» жобасына 0,5 млн. теңге қарастырылса, ал Бестам ауылындағы «Нариман» дара кәсіпкері ұлттық музыка аспаптарын жасау шеберханасын ашамын деп 0,4 млн теңгеге құжат тапсырып, жұмыс жүргізуде. Досбол би елді мекенінен жеке кәсіпкер Ержанов 10 гектар көлемге алма бағын ұйымдастырды. Ол жобаның құны 5 млн теңге. Сол секілді Тартоғай елді мекенінің тұрғыны ЖК «Алыбаев» 5 га жерге «Қарқынды алма бағын ұйымдастыру» жобасы бойынша, құны 6,5 млн теңге қаржыны осы бағытқа жұмсау үстінде.
Аудандық экономика және жоспарлау бөлімінің мәлімдеуінше, кәсіпкерлер тарапынан ұсынылған 341 млн теңгелік 10 жобасының пайыздық мөлшерлемесі субсидияланды. Тағы да қосымша айтарымыз, ағымдағы жылы «Әшірбеков» шаруа қожалығы құны 72 млн теңге болатын күріш ақтау цехын және құны 37 млн теңге болатын құрама жем цехын іске қосуды жоспарлап, алғашқы құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Шет аймақ тұрғындарына қажетті цехтар іске қосылғанда онда тәулігіне
60 тонна күріш өңдеп, 28 тонна құрама жем шығаратын болады. Ең бастысы жаңа жұмыс орындарында ауыл адамдары еңбек етіп, өз нәпақасын адал бейнетпен табатын болады.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.