Қазақ пен өзбек халқының ортақ батыры

Бас Қолбасшы И.В.Сталиннің өзі жоғары бағалап «Темір генерал» деп атаған Сабыр Рақымовты өзбектер еншілеп алып, КСРО кезінде барынша мадақтады. Қазақтың енжарлығы мен жәйбасарлығын пайдаланған көршілеріміз 1945 жылы генерал қаза тапқанда өздерінің астанасы Ташкент қаласындағы Кафанов атындағы паркке әкеліп жерледі. Өзбектің ұлттық батыры деп жарияланып, жерленген жеріне ескерткіш орнатты. Самарқан мен Навои қалаларына да ескерткіш ашылды. Ташкенттегі метро станциясы мен әкімшілік ауданға да генералдың есімі берілді. Өзбекстандағы барлық қала көшелеріне Рақымовтың есімі берілді.

1947 жылы өзбек халық жазушысы Социалистік Еңбек Ері Камиль Яшеннің «Генерал Рахимов» драмасы бойынша пьеса қойылды. 1967 жылы «Өзбекфильм» киностудиясы «Генерал Рахимов» деген көркем фильмін шығарды. Өз батырын мадақтаудан көршіміз ешкімді алдына өткізбейтіні рас. Сонымен, генерал Сабыр Рақымов қалай өзбекке айналды.

Сабыр Омарұлы Рақымов 1902 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазғұрт ауданында, бұрынғы Шымкент облысы, Ленин ауданы «Коммунизм» ұжымшарында дүниеге келген. Әкесінің шын есімі Омар емес Омарқұл, ұлы жүздің Бағыс руынан, анасы Бахарайым Каримова ұлты өзбек. Әкесі қайтыс болғандықтан анасы Бахарайым Ташкентке жақын жердегі Тахтапұлда тұратын ағасы Рахимді паналап барады, сол кезде 8 жасар баланы көршілері «Сабыр қазақ»  деп атап кетті. Кейін анасының келісімімен жергілікті ауылдық Кеңес, Сабырға нағашы ағасының атымен  Рахимов деген фамилиясы жазылған туу туралы куәлік береді.

1922 жылы Сабыр Қызыл Армияға алынады. Баку қаласындағы әскери училищені 1925 жылы бітіреді. Түркістан әскери округіндегі атты әскер бөлімшесін басқарып, басмашыларға қарсы күрестегі ерлігі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

1941 жылы соғыс басталғанда мотоатқыштар полк командирінің орынбасары майор шенінде еді. Белоруссия мен Смоленск үшін қорғаныс шайқастарына қатысады. Жараланып емделген соң полк командирі болып қайтадан соғысқа қатысады. 1942 жылы екінші рет жараланып контузия алады, емделіп шыққасын 56 армияның 395 дивизиясының командирі ретінде Дон, Кубань, Кавказ үшін шайқастарда қолбасшылық қабілеті ашыла түседі. 1943 жылдың 19 наурызында полковниик Сабыр Рақымовқа генерал-майор шені беріледі. Бұрын, 1944 жылдың желтоқсанында Шәкір Жексенбаев генерал атағын алғандықтан оны қазақтан шыққан тұңғыш генерал деп келдік.

 1943 жылдың 8 сәуір – 16 қарашасы аралығында Сабыр Москвадағы маршал К.Е.Ворошилов атындағы Бас штабтың академиясында оқиды. Академияны аяқтаған соң генерал Рақымов 65 армияның 37-ші гвардиялық дивизиясының командирі болып Шығыс Пруссия операциясына қатысады. Польшадағы Грауденц қамалын алды. Шығыс Померран операциясында Рақымов дивизиясы 150 шақырым жүріп елді мекендерді азат етіп, бірінші болып Балтық теңізіне шықты. 1945 жылдың 26 наурызында бақылау пунктіне снаряд түсіп өлімші болып жараланып, есіне келместен көз жұмды.       

Жеңістің 20 жылдығына орай, 1965 жылы 6 мамырда С.Рақымовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бұдан басқа Ленин. 4 рет Қызыл Ту, 2-ші дәрежелі Суворов, 2-ші дәрежелі Кутузов, Қызыл Жұдыз ордендері бар еді. Суворов пен Кутузов ордендері дарынды қолбасшыларға ғана берілетін ордендер. Орта Азия республикалары ішінде осы екі орденді алған жалғыз қазақ – С.Рақымов. Бұл – тарихи шындық ! Кеңес қолбасшылары маршал К.К.Рокосовский мен армия генералы П.И.Батов Сабырды тактика теориясын дамытуға үлкен үлес қосқан генерал деп баға берді. Ең жоғары бағаны «Темір генерал» деп И.В.Сталин берді, себебі қанша ауыр жараланса да қатарға тез қосылып отырған.

Генерал Рақымовтың әйелі әйгілі дала комиссары Әліби Жанкельдиннің қызы Құралай еді. Генерал қайтыс болғанда толтырылған парақтың  жақын туыстары  деген графаға: «әйелі Маура Рахимова Ташкентте тұрады» деп, Өзбекстаннан генералдың мүрдесін алуға келгендердің айтуы бойынша толтырылған. Артында өз ұлы Роман мен асырап алған ұлы Ідіріс қалды.

2020 жылдың 6 маусымында Сабырдың ұлты қазақ деп қайтарып алғанымызға 48 жыл толады, соғыс кезінде де қазақ екенің білгенмен ешкім оған басын ауыртпаған. Шымкент қаласында тұратын ғылым кандидаты Асылхан Оспанов батырдың дүниеге келген «Коммунизм»ұжымшарындағы туысқандарымен, генералдың жары Құралай мен баласы Романмен кездесіп нақты құжат арқылы генералдың қазақ екенің дәлелдеп, 1972 жылы «Лениншіл жас» (Жас Алаш) газетінде «Қазғұрт қыраны» деген мақаласы жарияланды. Бұл сол кездегі өлшеммен көзсіз ерлік еді. А.Оспановты қазақ пен өзбек халқының арасына жік туғызушы деп айыптап, обкомға қайта – қайта шақырып жазбаша түсінік жазғызды.

Қазақстан тәуелсіздік алған соң ғана батыр генералдың қазақ екені ресми  мойындалғасын, Шымкенттегі офицерлер дайындайтын мектепке аты беріліп, ауласына батырдың бюсті орнатылды. Жыл сайын 9 мамырға орай С.Рақымовтың құрметіне спорттық турнирлер өтеді. Алматы, Шымкент, Тараз қалаларында С.Рақымов атындағы көше бар. Польшаның Гданьск қаласындағы кеме жасаушылары «Генерал Рақымов» траулерін суға түсірді.

2012 жылы С.Рақымовтың 110 жылдығына орай Шымкенттегі Жеңіс саябағында және Қазығұрт ауданында ескерткіш ашылды. Оған сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, сөз сөйлегендердің ішінде әскери ғылым докторы генерал Нұралы Асылов  С.Рақымовқа Қазақстанның Халық Қаһарманы атағын беру туралы ұсыныс жасады. Оны алдағы уақыт көрсетер, бірақ Орта Азия мен Қазақстанан  шыққан тұңғыш генералға қандай да атақ артық болмайды.

Қазақстанда жасалынып жатқан  өзгерістер «өз ағамыз өзбектің» шымбайына батқан болуы керек, 2010 жылы Ташкенттегі метро станциясы мен ауданнан батырымыздың есімі алынып тасталды. Ол ауданға бұрынғы «Олмазор» (Алмалы бақ) атауы берілді. Ташкент, Үргеніш, Ферғана, Навой қалаларындағы көшеден батыр атын алып тастады. Ташкенттегі № 18, № 20 мектептен және академиялық лицейден де Сабырдың аты алынды. 2011 жылы Ташкенттегі генерал С.Рақымовтың ескерткіші алынуы барлығымызды дүр сілкіндірді. Ресейдің Мемлекеттік Думасында арнайы қаралды, ресейлік депутатттар қазақ батырын, кезінде 1 млн. 200 мың кеңес жауынгерлері қаза тапқан Ржьев қаласына әкеліп орнатуды ұсынды. Ал, бізде Мәжіліс депутаты Т.Момынов осы мәселені қозғағанда бәрі селқостық танытты.

       Қазақ халқының қонақжайлығы мен бауырмалдығына ешқандай халық тең келе алмайды. Әсіресе, бала дегенде ішкен асын қояды, жиенге деген көзқарасы  ерекше болған, жиеннің назары қатты болады деп ренжітпеген. Жиеннің жетістігіне бірінші нағашылары қуанып отырған. Сондықтан өзбек ағайындарымыз да, жиені Сабыр Рақымовпен қалай мақтанса да жарасады. Сөз соңында айтарым Сабыр екі халықтың ортақ  батыры.

       Осындай көзқараста болған Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев 2019 жылы 9 мамырда генерал Сабыр Рақымовтың ескерткішін Ташкентегі бұрынғы тұғырына қайта орнатты.

                                                          Бақытжан Түменбай, 

                                                          Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Тарих 30 сәуір 2020 г. 1 930 0