Сарғайған солдат хаттары

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына – 75 жыл. Бұл соғыстың қасіреті аз айтылған жоқ. Кітап болып жазылды, кино болып түсірілді, тарих болып қатталды. Елге аман-есен келген жауынгердің сыр-сұхбаты болып та баян­далды. Кейінгі буын «ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды» ұстанымын атадан балаға өсиет қылып насихаттап та келеді.  

Дейтұрғанмен, екінші дү­ние­жүзілік соғыс кезеңін кең пано­рамада көрсетуге септігін тигізетін эпистолярлық жазбалар, яғни, ұрыс даласы мен бейбіт өмірді жалғаған жауын­гер хаттары әлі де болса ғы­лыми тұрғыда арнайы зерттеу нысанына айналған жоқ. Жауынгер хаттары – солдаттың елге деген сағынышы ғана емес, май­дан өмірі, окоп шындығы. Дала почтасынан жолданған бұл хаттардың көбі бүгінгі күн­ге жеткен жоқ. Алайда, елім деп еңіреген ерлердің үш­бұ­рышты үшбу сәлем хаттарын емі­ренген елі, асыл аналар көз­дің қарашығындай сақтап, ұр­пағына рухани мұра қылып жет­кізе алған екен. 

Кеңес Одағының Батыры Мәншүк (Мәнсия) Жиенғали­қызы Мәметованың Орал қала­сындағы музейінде қаһарман қазақ қызының алты хаты сақ­таулы. Оның біреуі 1938 жылы латын графикасында жазылған хат болса, бесеуі – орыс тілінде майдан даласынан жазылған хаттар. Музей қорындағы әріп­тері көмескіленіп, тозығы жеткен Мәншүк хаттары бізге дейін түпнұсқалық текстологиясы то­­лықтай қалпына келтіріліп оқыл­ған да, жарияланған да емес. Осы олқылықтың орнын тол­тыру мақсатында алғаш рет Жеңістің 70 жылдығы қар­са­ңында Мәншүктің майдан даласынан жазылған бес хатын 2015 жылы 9 мамыр күні «Приуралье» газетінде жа­риялап, Ақжайық жұртын көз­айым еттік. Бұл істе мате­риалдармен танысуға мүмкіндік жасаған музей қызметкері Әлия  Жан­төре­қызына ризашылы­ғы­мыз­ды білдіреміз. 

Мәншүк Мәметованың хаттарына да адресатпен амандық сұрасу, ақпарат бөлісу, бірінші жақтан баяндалатын көңіл-күй реңктері сынды эпистолярлық стиль ерекшеліктері тән. Ал хат мәтініндегі жеке сөйлемдер жазушының дүниетанымы мен заман шындығын көрсетеді. «Дорогая апа» деп басталатын бірінші хатында анасын 1 мамыр мерекесімен құттықтап, Қызыл әскер қатарында Отанын жаудан қорғауда алғы шепте жүргендігін мақтан ететін тұстан кейінгі: «Выполняя приказ Сталина, не отступать ни на шаг назад. И я лично оправдаю доверие партии, храня в груди кандидатскую карточку» деген екі сөйлем назар аудартады.

Екінші дүниежүзілік соғыс­та адам шығыны жағынан ке­ңес елі бұрын-соңды соғыс тарихында болмаған көрсеткіш көр­сетті. Мұның барлығы «қарыс қадам шегінуге болмайды» деген Сталин бұйрығының салдары екендігін соғыс зардабын зерттеуші ғалымдар дәлелдеді. Шегіне ұрысып адам шығынын мейлінше аз болуын қарастырудан көрі, қауқарсыз қарумен қарыс қадам шегінбеу стратегиясы адам өлімін еселей түсті. Адам шығынының көп болуына және бір себеп Мән­шүктің хатынан алынған үзін­дідегі екінші сөйлемде жа­тыр. Комунистік партия қата­рындағы және оған канди­дат жауынгерлер кеңестік идео­ло­гия жүргізген саясаттың сал­қынымен «я лично оправдаю доверие партии» деп қарыс қа­дам шегінбей және өзгені де осыған үгіттеді. Бұл – соғыс өрті шарпып тұрған ұрыс даласында басын бәйгеге тігіп, жауына қасқайып қарсы тұрған қазақ қызының қапылыста жазылған бас-аяғы жүз сөзге жетпейтін хат мәтініндегі заман шындығы.         

Мәншүктің 20.05.1943 жыл­ғы ха­ты көңіл күй реңкіне толы. Елге деген сағынышы, елден келген хаттың жанына шуақ құятыны: «Апатай, я очень соскучилась по Вам... Когда получаю от Вас письмо, оно мне дает больше энергии в дальнейшей моей жиз­ни...» деген тебіренісінен анық сезіледі. Осы хаттағы: «Я всегда буду жива, здорова и меня никакая немецкая пуля не возьмет, только лишь Вы пишите письма почаще» сөй­лемі бір Мәншүктің аузымен ай­тыл­ғанымен, елден келген үшбу хат жауымен бетпе-бет ке­ліп алысып жатқан мыңдаған жауынгерге қаншалықты қуат беретінін боя­масыз көрсетуімен де құнды.

Мәншүктің 7.08.1943 жылы жа­зылған үшінші хаты дерек­­­тердің нақтылығымен, қор­­шаған орта суретінің дәл­дігімен, ахуалдың ашық ай­ты­луымен құнды. Дерек нақ­­тылығын: «Наша сотая бригада, которая формировалась в Алма-Ата сейчас находится в Калининской области, недалеко от Великих Лук. Пока ст. от  передовой находится 10-12 километров» сөйлемдері аңғартса, соғыс жылдарындағы қоршаған орта суретінің дәлдігі: «...а если есть деревня, то разрушена, населения не живут. Живем в рытой из земли  землянке» жолдарында жатыр. Ал: «Сейчас в нашей бригаде казахов мало, так как были в двух боях... Но моя судьба в боях шаткое, иначе говоря, трудно сказать, что буду цела. Абкетай, конечно я Вам пишу откровенно, только не огор­чайтесь и не думайте ни о чем. Если погибну то за Родину, за отца и за Вас» сөйлемдерінде ахуал бүкпесіз баяндалады.

Соңғы сөйлемдегі «...за отца и за Вас» сөз саптауы кім үшін және не үшін қолына қару алға­нынан сыр аңғартады. Мән­шүк – майданға шақырылып емес, сұ­ра­нып барғандар қатары­нан. Себеп, кеңес үкіметі ел ішінен жау іздеп, өз халқын өзі жазықсыз қырған тұста Мәншүктің де әкесі ызғарлы жылдардың құрбаны болып кете барды. Отағасын опат еткен үкімет өздерін халық жауының отбасы деп қарады.

Соғыс басталған сындарлы сәтте  «халық жауының отбасы» Отан алдындағы кінәларын қолына қару алып, майдан даласындағы ұрысқа қатысу арқылы өтей ала­ды деген жымысқы үндеу та­ратты. Сондай-ақ, халық жауы болып ұсталғандардың үш­тік­тің қаулысымен атылып кет­кендігін жасырып, ел арасына ұрпақтары соғысқа қатысса, тұт­қындалғандарды ақтайды деген де сыбыс шығарды. Қаршадай қазақ қызының: «Если погибну то за Родину, за отца и за Вас» деуі міне осыдан.  

Мәншүктің төртінші хаты ад­ресаттың ортасы, оның жан дүниесіне әсер еткен детальдар­дың нақты әрі мерзім дәлдігі көрсетілуімен құнды. Мұны Мән­шүктің: «Дорогая мамочка! Долгожданное письмо и посылку получила в тот же день и в тот же час, когда мы тронулись на передовую. Это было 10.ІХ.1943 г. В этот день в 7 часов должны были двинуться вперед, а мне сказали только в 6 часов, что приехал этот капитан, но я все - таки сумела дойти к нему и взять, но поговорить не пришлось, что я до сих пор жалею. Была очень рада, хотя только мне досталось одно яб­локо, так как наши бойцы и командиры встретили меня также, как и я, ожидали маленький подарок. Мамочка уже второй год, как мы не видим фруктов и вообще что-нибудь домашнее» дей­тін хатынан оқи аламыз.

 

Бұл да – Мәншүктің хаты арқы­лы жеткен сұрапыл соғыстың жазылмаған шындығы. Сыз то­пырақ окопта түнеп жүрген жауынгерге бейбіт өмірдегідей тәбеті шапқаннан дәм татуға майдан мұрша берген бе? Сон­дай-ақ, хаттағы «мне досталось одно яблоко» үзіндісі ел­ден жеткен сәлемдемені қарулас­тарымен теңдей бөлісіп, қолын­да жалғыз түйір алма ұстап тұр­ған Мәншүк қыздың мырза бейнесін мәңгілікке қалдырған авторлық жолдар емес пе?!

Осы хаттағы Мәншүктің көр­ген түсі баяндалатын: «Дорогая Абкетай, сегодня днем легла отдохнуть, целую ночь не пришлось спать, парочку уснула, сразу мне приснился такой сон. Приехал папа, но с ним не разговариваю, он как будто служит в армии и вдруг слышу, приехала делегация из Алма-Ата и открываю дверь, слышу Ваш голос, подхожу к Вам и обнимаю, целую и говорю, неужели я вас вижу. Что-то никогда не думала встретить вас и будто целую и потом как будто это в настоящем. Начинаю рассказывать, как мы живем, рассказала встречу с отцом, потом спросила, как пришел сюда, а вы отвечаете, что вам посчастливилось попасть с этой делегацией и  вдруг будят меня на обед и вся эта сладкая минута оказалась сном» деген үзінді жазушының (хат иесі) жан дүниесінің хабаршысы сынды. Мәншүктің ерек­ше алабұртқан көңіл күйін көрсететін «...мне приснился такой сон. Приехал папа...» сөздері өңінде жоғалтқан әкесін түсінде тапқан Мәншүк қыздың көңіл шуағының қоңырауы десе болғандай. Түсінде әкесінің әскери адам болып көрінуі, ел­ден әскери делегация келуі хат иесі сана-сезімінің соғыс жағ­да­йындағы жаңғырығының көрі­нісі деп қабылдаған дұрыс.

Болашақта Мәншүк Мәмето­ваның өмірін жолын зерттеймін деушілер табылып жатса, 22.ІХ. 1943 жылы жазылған ха­ты­на ерекше көңіл бөлуге кеңес бе­реміз. Мұнда көзін тауып сөй­лете білген адамға Мән­шүктің әлемін тануға септігін тигізер детальдар жетерлік.    

Мәншүктің бесінші хаты  қыс­қа, бас-аяғы жеті-сегіз сөй­лем. Хат мәтінінен батырлар жы­рындағы «аспанды бұлт тор­лайды» психологиялық парал­лелизм көңіл күйін аңғаруға бо­лады.

Шабынған ажалды кө­зімен көріп, көңілмен қорыт­қан Мәншүк анасына: «Дорогая мама! ... а сейчас я нахожусь в пе­редовой, сумею ли еще раз на­писать письмо не знаю... Теперь ждите письмо после боя.  Хош, крепко целую Вас, дочка Манчук» деп хатын аяқтаған екен. Бұл Мәншүктің 11.10.1943 жылы елге жазған соңғы хаты болатын.

Соғыс жылдары жазылған хаттар – зерделеп қараған жанға есен-амандық қана емес, өмір шындығын бүкпесіз көрсе­те­тін тарихи құжат. Бір ғана Мән­шүктің хаттары мезгілсіз қиыл­ған миллион тағдырдың арманы мен аманатын, ызғарлы жыл­дардың саясаты мен салқынын тануға септігін тигізетіндей. Бұ­дан бес жыл бұрын Мәншүктің хаттарын жариялаудан кейін Жайық жұртынан жиналған жауынгер хаттарының негізінде «Сарғайған солдат хаттары» ат­ты кітапты шығаруды жос­пар­лап отырмыз. Кітаптың ерек­­шелігі жауынгерлердің өз қо­­лымен жазған хаттары сол кү­йінде сканерленіп бе­ріл­ді. Бұл оқырманға көне жә­­ді­­герді көзбен көруге мүм­кін­­­дік туғызуымен қатар, түп­нұс­қа­ның редакцияланбай те­­рі­ліп ба­­сылғанына көзін жеткі­­зеді. Сон­дай-ақ, кітапта эпи­с­толярлық жанр табиғаты мен за­ман шын­дығын таныту мақ­сатында хат мәтініне ғылыми талдау жасалды. Мұны мақтан үшін емес, елден жиналатын жауынгер хат­тарымен жұмыс осы бағытта жалғасын табатындығын айту үшін жазып отырмыз. 

Ардақты ағайын, сарғайған солдат хаттары біржола тозығы жетіп жойылып кетпей тұрған кезде жинақталып, көптомдық кітап болып жарық көруі тиіс. Бірліктің күші мен бейбіт өмір­дің қадірі жауынгер хаттарында. Бүгінгі таңда БҚО Орал қа­ласындағы  Батыс Қазақстан ин­новациялық-технологиялық университеті жанындағы «Ака­­­демик Қажым Жұмалиев атын­­дағы ғылыми-зерттеу ор­та­­лығы» бұл жұмысты кезең-ке­зеңмен жүзеге асыруды жос­парлап отыр. Осы сауапты іске атса­лысайық, Алаш баласы.

Жауынгер хаттарын осы күн­­ге дейін сақтап жеткізген әу­­лет адамдары мен хаттарды жи­нақтап бізге жеткізуші архив, музей, кітапхана, т.б. қызмет­керлер есімі жарияланымда мін­детті түрде көрсетілетін болады. Хаттарды сканерлеп, байланыс телефонымен мына электронды почтаға mamyrov.69@mail.ru, 8777-704-59-57 жолдасаңыз қазақ руханиятына өз үлесіңізді қосқан болар едіңіз.

Азамат МАМЫРОВ,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық

университетінің доценті, филология ғылымдарының 

кандидаты.

Тарих 23 сәуір 2020 г. 1 499 0