Василий Сталиннің қайғылы тағдыры

Василий Сталин 1921 жылдың 28 сәуірінде дүниеге келді. Мектепте оқып жүргенде маршал С.М.Буденныйға еліктеп «кавалерист болам» деуші еді.Отызыншы жылдары В.Чкалов,Н,Каманин,М.Громов ерліктері қатты әсер етіп,Качинск қаласындағы ұшқыштардың жоғарғы мектебіне оқуға түсті. 1940 жылы осы мектепті бітіргесін 24-ші авиация дивизиясына ұшқыш болып қабылданды.Соғыс алдында әскери-әуе академиясының командалық факультетін бітірді.

Соғыс басталғанда капитан шенімен 32-ші гвардиялық авиаполкті басқарып, әуе шайқастарына қатыса бастады.Ағасы Яков Джугашвили сияқты жау қолына түсіп қалуы мүмкін деп Василийді әуе шайқастарына майдан қолбасшылары қатыстырмауға тырысты.Сол кезде Василий әуе шайқасына қатысу үшін парашютсіз ұшамын деп,әрі қаза тапқан жағдайда ешкім жауапқа тартылмасын деп, соғыс жылдарында өзінің тікелей басшысы болған Қызыл армияның әскер-әуе күштерін басқарған авиация маршалдары В.Новиков пен С.Руденкоға қолхат жазып берді.Василий соғыс кезінде әуеге 1081 рет көтеріліп, соғыстың басында По-2 ден бастап, ең соңғы истребителдер ЯК-3, Ла-3, Ла-5 сияқты 10-нан астам ұшақтарды игерді. 1945 жылы Берлин операциясы кезінде әуеге 17 рет көтеріліп жаудың 5 ұшағын, топтасып ұшқанда 2 ұшақты атып түсірді.

Осыдан-ақ, Василийдің мықты ұшқыш болғанын білуге болады.Алдыңғы шепте соғысқандар басының амандығын ойлап штабты паналағандарды жек көріп «тылдағы көртышқандар» дейтін. Василий әкесін аузына да алмайтынын  білетін қаруластары ерекше құрметтеді, қызметі де дер кезінде сатылап өсіп отырды. 1944 жылы 4-ші гвардиялық авиация дивизиясын басқарды.

1945 жылы 24 жасында генерал-майор В.И.Сталин авиакорпусты қабылдап алды. 1948 жылы генерал-лейтенант В.И.Сталин Москва әскери округының әуе күштерінің қолбасшысы болды.Осы қызметте жүргенде кеңес спортын дамытуға үлкен үлес қосты. Москваға шалғай жерлерден талантты спортшыларды шақыртып, оларға жағдай жасады.Белгілі хоккейші Вселовод Бобровқа пәтер алып берсе,атақты футболшы Николай Старостинді түрмеден аман алып қалды.

1953 жылы 5-ші наурызда И.В.Сталин қайтыс болған соң, саяси бюро мүшелері Хрущев,Берия,Молотов,Каганович,Ворошилов,Маленков Сталиннің ұлы  Василийден құтылу жолдарын ойластырды.Василий 1953 жылдың 28 сәуірінде тұтқынға алынды, бұл күн оның туған күні небәрі 32 жасқа толған еді.Москва округіндегі оның орынбасарлары,адьютанды,шаруашылық бастығы,жүргізушісі т.б. адамдар қоса тұтқындалды. МГБ-нің Леффортово түрмесіне қамалған Василийді алғашқы тергеуге Жеңіс күні 9-шы мамырда шақырды. Бұл да соғысты басынан аяғына дейін өткерген ержүрек ұшқышты мұқату еді, тағылған айып: «мемлекет мүлкі мен қаражатын талан-таражға салды», кезінде спортқа деген қамқорлығы алдынан сор болып шықты.Генерал атағы мен ордендерінен айырып,8 жылға соттады.

1960 жылы отырғанына 7 жыл болғасын Хрущевтың атына кешірім беру туралы өтініш жазды. Москвадағы орталық Владимир түрменің бастығының кабинетінде Хрущев Василийді оңаша қабылдады көз алдында өскен көсемнің баласын көргенде көз жасына ерік берді.Әкесінің көзіндей көрген адамды құшақтап Василийде жылап көрісті.Мерзімінен бір жыл бұрын босап, Москваға келді.Генерал атағы мен ордендері қайтарылды,үлкен зейнетақы тағайындалды.Кеңес офицерлері арасында үлкен беделі бар Василийге қызмет беруге КСРО басшысы Н.Хрущев қорықты.

 Жасы қырыққа да толмаған жас генерал осылайша зеріге бастады,ақша реформасы болған 1960 жылы 150 сом зейнетақы сол кездегі 4 мұғалімнің айлығы еді. Василийге Грузиядан достары келе бастады, құр алақан келмей бас-бастарына бір-бір жәшік шарап әкелетін, бірі келсе екіншісі кетіп жатты.Мас болған кезде әкесінің өз ажалынан өлмегенің айтып салатын.Василийді Москвада ұстап тұру қауіпті болғасын әрі шетел журналистеріне сұхбат бергені үшін екінші рет соттап,Қазан қаласына 5 жылға жер аударды. «Екінші рет не үшін тұтқындалдың» деген журналистердің сұрағына: «тілім үшін» деп жауап қайтаратын.

  Қазан қаласына жер аударуға барар алдында төртінші рет үйленгенде,фамилиясын Джугашвили қылып өзгертуге мәжбүр болды,әйтпесе ЗАГС некесін тіркемейтін еді.Бұған дейін оның паспорты болмады, 1953 жылы тұтқынға алынғанда Сталин деген фамилиянды өзгерт дегенде,ондай ұсыныстан бас тартқасын паспорты берілмеді,түрмеде Василиев деген фамилиямен жазасын өтеген болатын.Соңғы әйелі М.И.Шевергина еді.Бұған дейін ол үш рет үйленген болатын.Бірінші әйелі Г.Бурдонскаядан (1921-1990),ұлы А.Бурдонский (1941-2017)Рф халық артисі,қызы Надежда Сталина (1943-1999)болды,екінші әйелі Е.С.Тимошенко (1923-1983) маршал С.Тимошенконың қызы, одан қызы Светлана (1947-1990), ұлы Василий (1949-1972) болды,үшінші әйелі Капитолина Василиевадан (1918-2006)бала болған жоқ.

 Қазан қаласында В.Сталиннің денсаулығына жауап береді деп М.Наузберг деген медбикені бекітті,ол КГБ-нің жансызы еді.Әйелі М.Шевергина: «Әлгі әйел Васяға күнде укол салатын.Бірде жерге түсіп кеткен ампуланы алып,қандай дәрі екнің көрмекші болғанымда,аяғымен ұнтап тастады» деген болатын.

 Василий осындай түсініксіз жағдайда 1962 жылы 18 наурызда 41 жасында қайтыс болды. 1953 жылы Василий «халық жауы» деген айыппен тұтқындалған болатын.Осы айыпты алып тастамақшы болып әйелі М.Шевергина Хрущевке,Брежневке,Андроповқа,Черненкоға,Горбачевке хат жазып қол жеткізе алмай көз жұмды.Василиймен бірге соғысқан досы,Кеңес Одағының Батыры атығын екі рет алған,генерал В.И.Полков РФ президенті Б.Н.Ельциннің қабылдауында болып,1999 жылы досын «халық жауы» деген айыптан ақтап алды.

Қайта құру жылдарында демократия мен жариялылыққа байланысты Иосиф Сталинді қаралау науқаны кезінде Қазан қаласындағы Василийдің бейіті қиратылып,суретіндегі екі көзін ойып кеткен болатын.Осы жолы да досы Виталий Полков Татарстан президенті М.Шаймиевке жолығып, РФ президенті В.В.Путиннің рұқсатымен 2003 жылы қараша айында жасырын түрде Василий Сталиннің денесін Москвадағы Троекуровск зиратындағы әйелі М.Шевергинаның қасына жерледі.

                                   Бақытжан Түменбай, 

 тарихшы,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Тарих 18 сәуір 2020 г. 754 0