Берлинге дейін барған керзі етік

Ұлы Отан соғысы кезінде жаудан азат етілген көптеген қалада атақты Т-34 танкісі мен «Катюша» атанған реактивті қондырғыны ескерткіш ретінде тұғырға қойған. Осындай қуатты соғыс техникаларымен қатар жауды жеңуге өз үлесі бар солдаттың керзі етігі туралы газет оқырмандары да біліп жүргені дұрыс сияқты.

 1941 жылдың 22 маусымында соғыс басталғанда бір апта ішінде әскери комиссариаттарға 10 млн. адам барып соғысқа  жіберуін сұрады. Ол кезде Отанға деген патриоттық сезім күшті өте күшті еді. Соғыстың алғашқы күндерінде армияны жабдықтаушы интенданттық қызмет солдаттардың аяқ киіміне байланысты қиындыққа тап болды. Қатардағы жауынгерлерге арналған бәтеңке мен етік жетіспеді. Жеңіл өнеркәсіп наркоматы шикізат жетіспеушілігіне байланысты әскери тапсырысты  орындай алмайтын болып шықтты. Етік тігетін тері 300 мың жауынгерге жететін болып шықты. Үкімет өзінің жабық мәжілісінде арнаулы етік тігілгенше жауынгерлер өздерінің үйдегі аяқ киімімен жүре тұрсын деп шешті.

Отан қорғаушыларға арналған арнаулы етікті қысқа мерзімде ойлап табуды химик И.В.Плотниковқа тапсырды. Химик Иван Плотников алғашқы керзі етікті соғыс алдында ойлап тапқан болатын. 1939-1940 жылдардағы Кеңес – Фин соғысында сынақтан өткен де болатын. Ол ойлап тапқан тері орнын басатын материал жылу ұстамақ түгіл аяздан жарылып кетті, оның құрамындағы қосқан химиялық регагенттерден жауынгерлердің  аяғында экзема жаралары пайда болды. Наркоматтағы талдау кезінде: «Керзі неге жылу ұстамайды, әрі жарылып кетеді?» деген сұраққа И.Плотников : «Бұқа мен сиыр маған әзірше өз құпияларымен бөліскен жоқ» деп жауап қайтарды. Артық айтқан осы сөзі үшін НКВД қызметкерлері тұтқындауға алып кететін шығар деп күтіп те жүрді.

1941 жылы тамызда И.Плотников халақ жасақшылар қатарына алынды. Алайда екі аптадан соң Халық Комиссарлар Кеңесі көптеген ғылыми қызметкерлерді тыл жұмысына шақыртып алды.

Оның көретін күні бар екен, ол жазылған халық жасақшылар полкі Москваны қорғау шайқасында түгел қаза тапты.

И.В.Плотников «Кожимит» заводы директоры әрі бас инжинері болып тағайындалды. Завод алдында қысқа мерзімде тері орнын басатын материал ойлап табу мақсаты қойылды.

Бұл іске Халық Комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары А.Н.Косыгин жауапты болып бекітілді. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып 40 күн ішінде теріалмастырғаш материал кирзі ойлап табылды. Көп қабатталып нығыздылған қағаз матасын каучукке араластырылған бензинге сіңіріп кепкен соң пленкалық қалыпқа келгенше қыздырып ұстап, суығасын теріалмастырғыш кирзінің сыртқы бетіне шошқа терісіне ұқсас өрнекті қысыммен басып салды. Сондықтан да осы жасанды теріні орыс халқы «сайтан тері» деп атап кетті.

 1941 жылы қараша айында кирзі етік өндірістік жолға қойылып шығарыла бастады, миллиондаған солдаттардың аяғын үсік шалудан сақтап қалды. 1942 жылдың 10 сәуірінде И.Плотниковқа, «Катюша» қондырғысының авторы А.Г.Костиковқа, Ил-2, Як-3 ұшақтарының конструкторлары С.В.Ильюшин мен А.С.Яковлевке  Сталиндік сыйлық 100 мың сом тапсырылды. 1945 жылы Кеңес Армиясы қатарындағы 10 млн. жауынгердің аяғында кирзі етік болып, Берлинге дейін барып, бүкіл Европаны фашистік құлдықтан азат етті. Жалпы Кеңес Одағы кезінде 150 млн. астам кирзі етігі шығарылған екен.

Кирзі етігін қазақтың малшылары мен механизаторлары да, Қазалыдағы қамыс шабатындар да мықтылығы үшін әлі күнге дейін осы етікті киіп жүр.

Осындай ұлы өнертапқыш ғалым И.В.Плотников еңбегі дұрыс бағаланбай дүниеден өтті.1902 жылы Тамбов облысында дүниеге келген ол 1922 жылы Москвадағы Менделеев атындағы химия-технологиялық институтында оқып жүргенде «кулак баласы» деп оқудан шығарылды.Үлкен әпкесі ұжымдастыру кезінде қысымға шыдамай асылып өлді.1946 жылы техника ғылымының кандидаты атанды, 200-ден астам еңбек жазып, 50-ден астам өнертапқыштық еңбегіне куәлі алды. Екі рет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды.1977 жылға дейін комуналдық пәтерде тұрды.

КСРО кезінде жеңіл өнеркәсіп жылына 30 млн. сом пайда түсірегендіктен, сол кездегі өлшеммен оған екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағы берілуі керек еді. Ол қайтыс болғанда баспасөз бетіне қазанама да берілген жоқ. Қазақтың «өлдің Мамай, қор болдың» деген сөзі осындайда айтылған болуы керек.

                                                                          Бақытжан Түменбай,

тарихшы.

                                                                           Қазалы ауданы

Тарих 18 сәуір 2020 г. 637 0