«ПЕНИЦИЛЛИН» ХАНЫМ Сталин дәрігер Ермольеваны не үшін құрметтеді?

1942 жылдың соңына қарай Сталинград маңындағы шайқас барынша күрт сипат ала бастады. Кеңес әскерлері күші басым неміс құрамына қарсы жанқиярлықпен қорғаныс жүргізгеніне қарамастан, Гитлер саяси стратегиялық маңызы бар қаланы жаулап алу үшін қосымша күштерді үдете түскен еді. Қызыл армия үшін осынау қиын-қыстау сәттерде Ставканы алаңдататындай хабар түсті. 

Кеңес әскерінің неміс шеп­теріне жақын жерде жұқпалы холера (тырысқақ) ауруы бе­лең алып, барлаушылардың дерегі бойынша ол ең алдымен гитлершілер армиясының алдыңғы шебіндегі солдаттар мен офицерлерді жусатып сал­ған көрінеді.

Хабар сол сәтте Сталинге жетті. Не істеу керек? Жұқ­палы ауру соғыс кезінде өте қауіпті. Ол тіпті қару, стра­тегиялық басымдыққа қа­ра­мастан жылдам тарайтыны сон­шалық, соғыс тағдырын әп-сәтте шешіп кетуі мүмкін. Сталинградта бейбіт халық пен қорғаныс әскерлерін қос­қанда 800 мың адам бар. Олардың қатарында жау басып алған жерлерден қоныс аударғандардың санын ешкім анық айта алмайтын еді. Сталин КСРО денсаулық сақтау халық комиссары Георгий Ме­тёровты шұғыл шақыртты. Халық комиссары маман ре­тінде жағдайдың күрделі еке­нін білгенімен, Сталинге бұл туралы ішкі сырын аша алмады. Себебі Кеңес Ода­ғында сала бойынша кадр тап­шылығы қатты сезілетін. Бір­лі-жарымы репрессия ке­зінде қамалып, Батыстан Шы­ғысқа қоныс аударған фар­ма­цевтикалық зауыттар қыз­метіне әлі толық кірісе қой­маған еді. Бұл кезде АҚШ-та жұқпалы ауруға қарсы дәрі-дәрмектер шығарылып жатты. Алайда соғыстың қысылтаяң сәтінде келісім бойынша оны сатып алуға Кеңес Одағының шамасы келмейтін. Сондықтан алдымен оны шығаруға рұқсат беретін патент сұралды. АҚШ соғыста одақтас мемле­кет болғанымен, саясаттың ықпа­лымен сөзбұйдаға салып, оның патент ақысын 10 млн дол­лардан 30 млн долларға дейін көтеріп жіберді. Бұл сол уақыттың өлшемімен алғанда көп ақша болатын. Сталин мұн­дайда ымыраға келе бер­мейтін. Ішкі мүмкіндіктерді пай­далануды талап етіп, халық комиссарының ұсынысымен осы саланың маманы ретінде біршама тәжірибе жинақтаған дәрігер Зинаида Ермольеваны Сталинградқа жіберуге ұй­ға­рым жасалды. 

Дәрігер Сталинградқа келгенде әрбір квартал, көше үшін кескілескен ұрыстар жүріп жат­қан болатын. З.Ермольева іске кірісіп кетеді. Қираған зәулім ғимараттың өжіресінде зертхана ұйымдастырылды. Әс­кери медицинаның орта бу­ын мамандарын егу жұмы­сына үйретті. Алайда егу жұ­­мыстарына қажетті анти­биотиктер тапшы еді. Өзінің соңынан арнайы дәрі-дәр­мек­тер тиелген ұшақ Сталин­градқа жетпей жау оғынан өртеніп кетті. Ендігі жерде арнайы препараттарды жергілікті жерде қауырт жағдайда дайындауға тура келді. З.Ермольева адам санасы қабылдауға қиын со­ғатын шешім қабылдады. Ол өзін арнайы күзету жүктелген солдаттарға зертханаға өл­ген немістердің мәйіттерін жет­кізуді бұйырды. Сонымен бір­ге шарты сол, олар оқтан қаза тапқандар емес, эпидемиядан өлгендер болуы керек. 

Жүректі деген барлаушылар мұны өздерін қорлағандық деп түсінді. Жаудан тірідей «тіл» әкелгендер енді неміс шебіндегі зираттарды жіліктеп, кімнің неден өлгенін анықтау керек пе?! 

Барлаушылар мұндай қор­­лық­қа төзбейтінін тағы қай­талап айтып, тапсырманы орын­даудан бас тартады. Дә­рі­­­гердің қиналғаны осы тұс еді. Оларға тапсырманың ма­­ңыздылығын айтып түсіндір­ген соң қозғалыс басталды. Шын­дығында мұндай әдеттен тыс шара жұқпалы аурудан өлгендердің денесіндегі мик­робтардың тегін анықтап, соған лайықты дәрі препараттарын дайындау үшін қажет болатын. Осылайша Сталинградтың қи­раған үйлерінің өжіресінде жұқпалы микробтарды жоюға арналған препараттар дайындалып, олармен бейбіт тұр­ғындар мен солдаттарды егу басталды. Ермольеваның өз құрамындағы орта буын меди­­­циналық қызметкерлер тәу­­лігіне 50 мың адамға егу жұ­мыстарын жүргізді. Қала­дағы барлық ауызсу көздері хлормен залалсыздандырыл­ды. Айтпақшы, реті келген­де айта кетейік, Ермольева су­ды хлорлау әдісін залалсыз­дандырудың тиімді құралы ре­тінде Кеңес тарихында алғаш тәжірибеге енгізген дәрігер ре­тінде тарихта қалған еді. 

Сталин берген тапсыр­маның орындалу барысына сырт­тай қанығып отырған болатын. Қанағат сезімін сырт көзге сездірмейтін ол алты ай өткенде дәрігерге телефон соғып: «Жұмыс қалай жү­ріп жатыр, қарындасым?» – деді елеусіздеу ғана. «Қарын­да­сым» деп іш тарта сөйлеудің өзіндік себебі де жоқ емес еді. Ермольеваның әкесі Сталиннің әкесімен аттас, тегі бойынша екеуі де Виссарионович деп аталатын.

– Тапсырма орындалды. Ста­линград үшін алаңдамауға болады, жолдас Сталин, – деп жауап қатты дәрігер. 

Кейін Ермольева көсемнің қабылдауында болып, оған Сталин сыйлығы тапсырыл­ды. Сыйлықты тапсырып тұ­рып Сталин: «Қандай өті­ніш-тілегіңіз бар?» – деді. Көп жағдайда, әсіресе, осындай жа­уапты сәтте көсем мұн­дай сауалды әдейі қойып, адам­ның психологиялық иірім­дер­ге толы құпия сырларын анық­тауға пейіл білде­ретін. Табиғатынан алғыр, қан­шама қиындықты болса да қай­сарлықпен жеңіп келе жат­қан дәрігер ойланбас­тан бұрын­ғы күйеуі, микробиология сала­сындағы ұстазы, абақ­тыда отырған Лев Зильберді боса­туды сұрайды. Көп нәрседен хабары бар Сталин Ер­мо­льеваның Зильбердің оның репрессияға ұшыраған бірін­ші күйеуі екенін, ал оның бас­қа әйелмен тұрмыс құрып кетке­нін есіне салады. Көсем үшін таңданыс туғызғаны – ре­прес­сияға ұшыраған екін­ші, яғни казіргі күйеуі Захаров­ты босатуды сұрамай, бұрынғы күйеуінің тағдырына алаң­дағаны болатын. Сталин мұның себебін сұрағанда дәрі­гер: «Ол маған емес, ғылым үшін керек адам», – деп жауап бе­реді. Сталин дәрігердің өті­нішін қаншалықты қанағаттан­дырғаны беймәлім, бірақ оның мемлекетшіл тұлға екенін танып білген еді. 

З.Ермольева Сталин атын­да­ғы сыйлықты қорғаныс қо­рына – әскери ұшақ жасау үшін аударды. Есімі әлемге танылған дәрігер жұқпалы ауру­ларға қарсы медициналық препараттың бірі – пеницил­линді Кеңес Одағында тұңғыш қолданысқа енгізген дәрігер болатын. Бұл, шынтуайтына кел­генде, үлкен ізденіс пен та­бандылықтың жемісі еді. Дондағы Ростовтың медици­на университетін бітірген ол өмірлік тәжірибе арқылы ғы­лыми жетістікке жету үшін тынбай ізденді. Тіпті жұқпалы микробтарды сынақ үшін өзіне қабылдап оның сырын анықтады. Аталған жоғары оқу орнында есімдері әлемге белгілі ғалымдардан тәлім алып, 1922 жылы холера эпидемиясы белең алған аймақтарда болып зертханаларда тыным­сыз еңбек етті. Міне, сол ал­ғашқы нәтижелер суды хлорлау тәсілін қолдануға түрткі болды. 1925 жылы Мәскеудің биохимия институтының бө­лімін басқарды. 1939 жылы Ауғанстанда жұқпалы індет ошағы пайда болып, оның Орта Азия републикаларына таралуын тоқтату мақсатында ғалымдар тобымен Ташкентте үлкен жұмыстар атқарды. Орта Азия халқы дәрігердің еңбегіне тәнті болып, «Пенициллин ханым» деп атады. 

Әлемде пенициллинді бі­рінші ойлап тапқан британ ғалымы Александр Флеминг пен оның отандастары аме­рикалық Говард Флори және Эрнст Чейни делінеді. Сая­саттың құйтырқы ойындары ас­тасып жатқан ХХ ғасырда әлемде кеңес дәрігерінің еңбегі бағаланбай, жоғарыда аты аталған батыс ғалымдары 1945 жылы Нобель сыйлығына ие болған еді. Бірақ Зинаида Ермольеваны батыс ғалымдары ашық мойындады. Себебі Ке­ңес дәрігері пенициллиннен бөлек стрептомецин, тетрацик­лин, левомецитин, экмолин сияқты отандық антибио­тик­тарды да ойлап тапқан болатын. 

Әлем тарихында соғыс ке­зінде жұқпалы аурулардан өл­гендер саны әдетте майдан даласында оқ-дәріден қаза тапқандардың санынан асып түскен жағдайлар көп кез­дескен. ХIХ ғасырдағы орыс-түрік соғысында жұқпа­лы аурудан 40 мың солдат көз жұмған көрінеді. Тарих­шылардың зерттеуінде, 1943 жылы кеңес ғалымының тұң­­ғыш ойлап тапқан анти­биотигі – «крустозиннің» өмір­ге келуімен кеңес әскері қата­­рында жұқпалы аурудан қаза болғандар саны күрт азайған. Осыған дейін дәрінің жетіспеуінен емдеуге келетін жауынгерлердің алынған жа­рақат салдарынан олардың қан құрамына микробтардың еніп кетуі, қаза болуы жиі орын алған еді. Әсіресе, жазылмайтын жарадан қайтыс болудың бір түрі ретінде гангренаны атайды. Дәрі-дәрмектің жетіспеуінен соғыстың ал­ғаш­қы жылдарында қайта қа­тарға қосылуға болатын әр­бір төртінші жаралы солдат қайтыс болған көрінеді. 

Зинаида Виссарионовна Ермольева 1974 жылы 76 жасында дүниеден озды.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы».

Тарих 18 наурыз 2020 г. 820 0